Аймақтар • 16 Қыркүйек, 2019

«Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде?..»

680 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Баланың бақытты болуы тек ата-ана, ағайын-туысқа емес, ұлтқа-қоғамқа қажетті құндылық. Өкінішке қарай, тағдырдың жазуымен денсаулығында ақау бар болғандықтан, мүгедек деген санатқа іліккен балалардың болуы жан ауыртады. Қоғам оларды да шетке теппей, мүмкіндігінше әлеуметтік-материалдық және рухани тұрғыда қолдау көрсетіп келеді.

«Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде?..»

Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылдық мәдениет үйінде өткен «Сыр­лы әлем» байқауы – бұл ба­ғыттағы сан­даған шаралардың бірі. Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ру­хани жаңғыру» атты бағ­дар­ламасы аясында «Жастар жы­лын» атап өту, мүмкіндігі шектеулі бала­лар мен жастардың өнерін наси­хаттау арқылы қолдау білдіру, олар­дың ерік-жігерін көрсету мен көтеру,  сон­­дай-ақ оларға қоғам мүшесі еке­нін сезіндіру және әлеуметтік бейім­деу мақсатындағы өнер байқауына қаты­су­шы жас өнерпаздардың зор қызы­ғушылығына ие.

Мұнайлы ауданында 3900 мүгедек адам тіркелген, оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар мен жастардың жалпы саны 1143  адамды құрайды. 

Аспапта орындау немесе фонограмма арқылы  жеке ән айту, әдебиет аталымы бойынша өлең, көркемсөз оқу, авторлық шығармаларын орындау және өз қолдарынан туындаған бұйымдарды ұсынатын қолөнер ба­ғыт­тары бойынша өткен аталмыш бай­қауға барлығы 35 өнерпаз  қатысты.  Алты өнерпаз ән жанры, алты үміткер көркем сөз оқудан сайысқа түссе, 23 қатысушы қол­өнер бұйымдарын ұсыну арқылы шебер­ліктерін ортаға салды.

Зор үмітпен, қызығушылықпен ән салып, өлең оқып шабыттанған байқауға қатысушы балалардың барлығы  Мұ­найлы аудандық әкімдігі атынан  алғыс хаттармен марапатталып, арнайы сый­лықтарға ие болды.  Сонымен қатар оларға «Asia Damu Invest Capital» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің демеушілігімен «Ақ­тау» ойын-сауық орталығына жолдама берілді. 

– Балалар мен жастарға қуаныш сыйлап, қолдау көрсеткен Мұнайлы ауданы әкімдігі мен   «Asia Damu Invest Capital» жауапкершілігі шек­­теу­лі серіктестігінің директоры Ай­­­нұр Ерланқызына ал­ғыс біл­ді­ре­міз. Жанарында кірбіңі бар жан­дар­ға, әсіресе жастар мен бала­ларға қол­дау көрсетіп, қамқорлық жасау  – хал­қымыздың асыл қасиеті. Біз де шағын шара ұйымдастыру ар­қылы отыздан астам баланың бір сәтке болса да қуануына мұрындық болдық деп ойлаймыз, – дейді бай­қауды ұйымдастырушы Қызылтөбе ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлмира Себепбаева.

«Көнеміз ғой, қайтеміз көнбе­ген­де» деп іштей егілетін балапан дауыс­тардың сахна төрінде ән салып, мәре-сәре болған сәтін көру де, оны ұйым­дастыру да – бізді еріксіз тебірентеді.

 

Маңғыстау облысы