Аймақтар • 16 Қыркүйек, 2019

Маңғыстаудағы аста аламан бәйге жеңімпазы 2 бөлмелі пәтер ұтып алды

795 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының Сай-Өтес ауылы маңында Сисем ата және сол қауымда жатқан аталар рухына бағышталып «Сисем – елдің есігі, ердің бесігі» атты жалпы халықтық Ас берілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті кәсіпкер азаматтардың, сондай-ақ ел азамттарының ұйымдастыруымен, ел-жұрттың қолдап-атсалысуымен өткен Асқа 5000-нан астам адам жиылып, 130 киіз үй тігілді.

Маңғыстаудағы аста аламан бәйге жеңімпазы 2 бөлмелі пәтер ұтып алды

Қыркүйектің 13-14-і күндері өткен шарада ошақ бәйге және аламан бәйге өткізіліп, атқұмар ағайын өздері баптаған жүйріктерін дүбірге қосты.

Астың алғашқы күнінде өткен ошақ бәйгеге қатысқан 30-ға жуық жүйрік 21 шақырым, 6 айналымды бағындырды. Нәтижесінде ақтаулық А. Абдулдановтың «Ханшайымы» 1-орынды иеленіп, 1 миллион теңгені жеңіп алды.  Шебір ауылынан А. Ержігітовтің «Айжирені» екінші, Таушық ауылынан келген Х. Бимырзаевтың «Көкбастауы» үшінші орыннан көрінді. Олар тиісінше 700 мың және 500 мың сыйлықтармен марапатталды. Қияқты ауылынан келген сейіс Қ. Алиевтің «Пегас» атты жүйрігі төртінші орынды иемденіп, иесіне 300 мың теңге сыйақы сыйласа, Жаңаөзеннен қосылған жүйрік ат «Ханшайым» өз иесі Р. Маханбетовты құралақан қалдырмай, 100 мың теңге сыйлыққа қолын жеткізді.

Асқа келген ағайынның аңсарын аударған 36 шақырымды он айналымда шауып өту межеленген аламан бәйгеде Алматы қаласынан келген Қайрат Махановтың «Қоянқасқасы» мәре сызығын бірінші болып кесіп өтіп, Ақтау қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін қанжығасына байлады.

Екінші орыннан астаналық Базарбай Нұрисламның «Дарабозы» көрінсе, үшінші орынның жүлдесін құлсарылық «Бахай» корпорациясының «Жетіқазына» атты жүйрігі еншіледі. «Дарабоздың» бәйгесі 2 млн теңгемен, «Жетіқазынаның» жеңісі 1 млн теңгемен марапатталды. Сондай-ақ төртінші орында келген Бейнеу ауданынан тұлпарын қосқан атбегі Ү. Айтбаевтың «Сұңқары» 500 мың теңгені еншілесе, ақшымыраулық М. Ақжігітовтың «Ақсұңқары» бесінші орныға 300 мың теңгені иеленді.

 

 

Маңғыстау облысы