Аймақтар • 16 Қыркүйек, 2019

Палуан Н. Жарылғапов Ақтаудан бір бөлмелі пәтерге қол жеткізді

348 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Сисем – елдің есігі, ердің бесігі» атты жалпыхалықтық Аста ұйымдастырылған қазақ күресі сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Ресей Федерациясының Мәскеу қаласынан 21 палуан қатысты. Сайыс ережесіне сай жасы 18-ден, салмағы 90 кг-нан жоғары палуандар алғашқы күні жеребе бойынша іріктеу сынынан өтті.

Палуан Н. Жарылғапов Ақтаудан бір бөлмелі пәтерге қол жеткізді

Нәтижесінде 8 палуан ширек финалға өтіп, өзара белдесуге дайындалды. Олардың арасында «Әлем барысының» екі дүркін, «Қазақстан барысының» екі дүркін жеңімпазы, Қазақстанның бірнеше дүркін «Түйе палуаны», 22 автокөлік иегері А.Нұғымаров, «Қазақстан барысының» күміс, екі рет қола жүлдегері Р.Әбдіразақов, Түркістан облысынан келген «Әлем барысының» күміс жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүрін жеңімпазы Е.Мұзапаров, сондай-ақ небір додаларда олжа салған қарағандылық Б.Ахметбеков, қос қызылордалық М.Исағабылов пен Н.Сәлімгереев, дзюдодан бірнеше дүркін Ресей федерациясының жеңімпазы, самбодан Еуропа чемпионы ресейлік Е.Хамзин, халық ықыласымен «Қара бура» атанған маңғыстаулық палуан Н.Жарылғапов сынды титулы жоғары палуандар бар.

Ширек финалда алғашқы болып кілемге көтерілген Маңғыстауда олжа салып жүрген айтулы палуан Ж.Таңатов пен А.Нұғымаров жұбы болды. Бұл белдесуде айқын басымдықпен жеңіске жеткен А.Нұғымаров келесі айналымға жолдама алды. Келесі жұп – ресейлік А.Ханбиев пен қызылордалық Н.Сәлімгереев тартысты белдесу жасады, ұпай саны айырмашылығымен Ханбиев келесі белдесуге өтті. Келесі Р.Әбдіразақов пен Е.Мұзапаровтың белдесуі де тартысты болды, нәтижесінде Е.Мұзапаров таза жеңіске жетті. Сондай-ақ, ширек финалдың соңғы жұбы М.Исағабылов пен Н.Жарылғапов 4 минут бір-бірін ала алмай алыса жүріп, бір-бір «бүк» ұпаймен тең түсіп келе жатып, соңғы секундта, яғни 4 минут 59 секундта Жарылғапов Исағабыловты таза жеңіп, келесі айналымға өтті.

Ақтық сынға өту үшін айқасқан А.Нұғымаров пен А.Ханбиевтің белдесуінде бағы жанған Ханбиев айқын басымдылықпен ұтып, финалға шықты. Екінші Мұзапаров пен Жарылғаповтың кездесуінде 2 минут 37 секундта Н.Жарылғапов таза жеңіске қол жеткізді. Сонан соң өзара белдескен А.Нұғымаров пен Е.Мұзапаров айқасында Мұзапаров таза жеңіп, 3-орынға қол жеткізді.

Ақтық белдесуде А.Ханбиевті 1 минут 17 секундта таза жеңіп, 1-орынға көтерілген маңғыстаулық палуан Н.Жарылғапов Ақтау қаласынан 1 бөлмелі пәтердің иесі атанды. 2-орын иегері ресейлік Аслан Ханбиев 1 млн теңгені, 3-орын алған Е.Мұзапаров 500 мың теңгені олжалады.

Айта кету керек, Аста алысқан алыптардың салмағы да осал емес – Н.Жарылғапов 147 кг, А.Ханбиев 130 кг болса, Е.Мұзапаровтың салмағы 95 кг, А.Нұғымаровтың салмағы 145 кг, ал Р.Әбдіразақов 120 кг-да белдесті.

 

Маңғыстау облысы