Парламент • 16 Қыркүйек, 2019

Дариға Назарбаева Қазақстанның Бас раввині Ешая Когенды қабылдады

352 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады. 

Дариға Назарбаева Қазақстанның Бас раввині Ешая Когенды қабылдады

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Хатшылықтың кезекті отырысына дайындық туралы хабардар етті және елдегі бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді қалыптастыруда иудей діні мемлекеттің маңызды серіктесі болып табылатынын атап өтті.

Е. Коген Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың халықаралық деңгейде мойындалған Астана діни форумын өткізу туралы бастамасының маңыздылығы мен Қазақстанның дінаралық үнқатысуды ілгерілетуге қосқан зор үлесін айта келіп: «Қазақстан халқы осындай Ұлт көшбасшысына лайық. Қазақстандық бейбітшілік пен келісім үлгісінің теңдесі жоқ. Тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бұл үлгіні ілгерілету керек», - деді.

Әңгіме барысында Қазақстанның Бас раввині Сенат Төрағасына каббале мен хасидтік ілімдері бойынша еңбектердің авторы, Қазақстанға жер аударылған Леви Ицхак Шнеерсонның өмірі туралы әңгімелеп берді. Алматыдағы еврей зиратында жерленген Л.Шнеерсонды еске алу үшін жыл сайын бүкіл әлемнен иудейлер келеді. Қазақстанның Бас раввині мінәжат етушілер үшін қонақ үй салу жоспарда бар екенін хабарлады.

Дариға Назарбаева ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін жоғары бағалағаны үшін алғыс айтып, бейбітшілік пен тұрақтылықты ең үлкен қазына ретінде сақтау қажеттігін атап өтті. «Құдайға қызмет ететін адамдарға иман нұры үшін келетіндермен дін өкілдері жиі сөйлесуі қажет», - деді Сенат басшысы.

Тараптар сондай-ақ жаһанданудың мәдениет пен құндылықтарға әсерін, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алдағы съезіне дайындығын, Қазақстандағы еврей диаспорасының өмірін талқылады.