Жоғары білім саласындағы өзекті тақырыптарды талқылауға арналған алаңды «Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігі» ұйымдастырды.
Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған EQAR (Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз етудің Еуропалық реестрі) президенті, профессор Карл Дитрих «Цифрландыру ғасырындағы сапа, сапа кепілдігі және ынтымақтастық» тақырыбында баяндама жасады. Оның ойынша, білім берудің сапасы оқытудың сапасына, сондай-ақ педагогтардың кәсібилігі мен біліктілігіне байланысты. Қазіргі заманда заманауи техникалар мен цифрлы технологияларды меңгермеген маман сапалы нәтиже көрсете алмайды. Ал сапалы біліммен қамтамасыз етуде ынтымақтастықтың рөлі орасан. Бұл өз кезегінде білім беруді интернационалдандыру мәселесін алға шығарады. «Интернационалдандыру – білім берудегі көптеген түйткілдің түйінін тарқататын тиімді жол. Біз өз-өзімізді дамыту үшін бір-бірімізге құшақ ашуымыз керек», деген спикер білім беруді интернационалдандыру әлемдік озық тәжірибені игеруге, мамандарды оқытуға, халықаралық қауымдастықтармен тығыз байланыс орнатуға, сеніммен диалог құруға, айналып келгенде сапаға кепілдік береді.
Сәтбаев университетінің академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры Ринат Маратұлы білім беруді цифрландыру аясындағы ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігіне тоқталды. Спикердің сөзіне сенсек, университеттер бәсекеге қабілетті болуы үшін мамандық – құзыреттілікке, мамандану – дағдылануға, ақпараттық тәртіп – интерактивті тәртіпке, лекция – белсенді сабаққа, ақпарат – талқылауға, жазбаша курстық және дипломдық жұмыстар – дайын нысан немесе өнім негізіндегі курстық және дипломдық жұмыстарға айналуы қажет. Баяндамашының пайымдауынша, цифрландыру заманындағы профессор қойылған сұрақтың жауабын ойланып боламын дегенше, студенттер өз керегін бірнеше фактілермен тауып қояды. Сондықтан бұрынғы әдіс-тәсіл жарамайды.
Бірнеше баяндамашыны тыңдап, талқылауға қатысқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі Шолпан Тлепина форумнан көп ой түйгенін айтты.