Әлем • 17 Қыркүйек, 2019

Жапония үкіметі жаңадан жасақталды

613 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада Жапонияның үкіметі толық құрамда отстав­каға кетіп, министрлер кабинеті жаңадан жасақталды.

Жапония үкіметі жаңадан жасақталды

Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ үкіметті түгелге жуық таратты. Үкі­мет басшысының мұндай шешім­ге келуіне шілде айында өзі ба­сқаратын Либералды-демо­кра­­тиялық партияның парла­мент сайлауында жеңіске жетуі түрткі болды. Бұл сыртқы саяси бағыт пен ел ішіндегі экономикалық саясатты одан әрі ілгері жүргізу үшін қажет.

Өткен жылы қазан айында үкімет жаңартылғанда көптеген министр өз орындарын сақтап қалған еді. Ал бұл жолы тек екі лауазымды тұлға ғана қыз­меттерін жалғастыра бермек. Олар – үкіметтің бас хатшысы Есихидэ Суга мен қаржы ми­нистрі Таро Асо.

Министрлер кабинетінің екі мүшесі қызметтен шеттетілмей, орындарын ауыстырды. Сырт­қы істер министрі Таро Ко­но қорғаныс министрі болып та­ғай­ындалса, оның бұрынғы ор­нына экономиканы қайта қал­пына келтіру ісі жөніндегі министрі болған Тосимицу Мотэги келді. Сондай-ақ бұрын үкімет құрамында қызмет еткен екі адам қайта оралды. Ден­­саулық сақтау, еңбек және әл-ау­қат министрі Кацунобу Като болса, жалпыұлттық істер минис­трі болып Санаэ Такити бекітілді.

Бұған қоса тағы 13 адам үкімет құ­рамына алғаш рет еніп отыр. Бұрынғы премьер-министр Дзюнъитиро Кои­д­зу­мидің ұлы, 38 жастағы Синдзиро елдің соғыстан кейінгі тарихында министрлер кабинеті құрамына кірген ең жас саясаткер болды. Сарапшылар оны болашақта үкімет басшысы лауазымынан үміткер бола алатынын айтады.

Сонымен қатар үкімет құ­ра­мынан тыс лауазым – қауіп­сіздік кеңесінің бас хатшысы болып Сигэру Китамура тағай­ын­далды. Ол бұған дейін барлау және зерттеу бөлімін басқарған еді.

Жаңа министрлер кабине­ті­нің ор­таша жасы 61,5 жасты құрады. Сәр­сенбі күні Жапония императорының жаңа құрамды мақұлдау рәсімі өтті.

Жапонияның Nihon Keizai басылымы жаңарған үкіметке ел экономикасын қалпына кел­тіру және әлеуметтік қамсыз­дан­дыру жүйесін реформалау сияқты мәселелерді шешуде оң нәтижелерге қол жеткі­зу жауапкершілігінің жүктел­ге­нін жазды. «Мен жаңа заман­дағы елдің дамуын алға жылжыта­тын­дай жаңа құрам жасақта­дым. Біз реформаларға батыл кірі­семіз», деді Синдзо Абэ үкі­мет ауысқаннан кейінгі бас­пасөз мәслихатында.

Жапонияда қазан айынан бас­тап салық 10%-ға көтері­леді. Осының алдында үкі­мет­тің жаңартылуы министр­лер­дің міндетін арттыра түспек. Өйткені салықты қанша көтер­генмен, әлеуметтік қамтамасыз ету шығындарының өсімін те­жеу оңай шаруа болмай тұр. 2014 жылы елде тұтыну салы­ғы 5-тен 8%-ға дейін жоғары­лаған. Жалпы, Синдзо Абэ кезін­де акция бағасы өсіп, салық­тық түсімдер едәуір молай­ған. Дегенмен, бұл бала туу мен халықтың қартаю көрсет­кі­шінің төмендеуінен әлеумет­тік шығындарды жабуға жеткілік­сіз екен. Сондықтан әлеу­мет­та­ну­шылар үкіметке салық өсі­міне арқа сүйемей, мәселені ше­шудің жаңа жолдарын қа­растыру қажет екенін айтады.

Үкімет басшысы 72 жылдан көп уақыт бұрын жазылған конс­титуцияға өзгеріс енгізгісі келетінін біраздан бері байқа­тып келеді. Не­гізгі заңның қа­зір­гі заман талабына толық жауап бере алмайтынын алға тартатын Синдзо Абэ әсіресе, мемлекеттің өз әскерін құрудан жә­не соғыстарға қатысудан бас тартуын міндеттейтін 9 бапты қайта қа­рауды ашық айтып жүр. Ол 2020 жыл Жапонияның қайта жаңғыратын жылы болады деп сенеді.

Жапония – Қазақстанның Шы­ғыс Азиядағы негізгі сауда-экономи­калық әріптестерінің бірі. Қазақстан Ұлт­тық банктің мәліметіне сәйкес 2018 жылы Жапониядан келген ин­вес­тициялардың жалпы көлемі 403 млн долларды құрады. Қазақстанда жа­пондық капиталдың қатысуымен 70-тен аса кәсіпорын жұмыс істейді.