Аймақтар • 17 Қыркүйек, 2019

Жігерлі жастарды жинаған нетворкинг

370 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл тәжірибе алмасу алаңына 200-ге жуық жас қатысты. Шымкент қаласында алғаш рет «Азаматтық бас­та­ма­ларды қолдау орталығы» коммер­ция­­лық емес акционерлік қоғамының мем­ле­кеттік гранты аясында өткен бұл іс-шараға Ақпарат және қоғамдық да­­му министрлігі қол­дау көрсетті. Екі күн­ге жалғасқан Жас­тар ұйымдарының нетвор­кингіне 18-29 жас аралығындағы Түркістан, Жамбыл, Қызыл­орда облыстары және Шым­кент қаласының жас­тары қатысты. Арнайы шақырылған спикер­лер жастарға маңызды ақпараттар беріп, орамды ойларын ортаға салды.

Жігерлі жастарды жинаған нетворкинг

«Bolashaq» қауымдастығы ұйымдас­тырған басқосудың ортасынан қала әкі­мі Ерлан Айтаханов та табылып жас­тар ұйымдарының жетекшілерімен, белсенді студенттермен сұхбаттасты. Ол Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген азаматтық сек­тор­дың белсенділігін арттыру бағытына тоқталып, тың идеясы бар жастарды қол­дау маңызды екенін айтты.

– Біздің жастар – бизнеске бейім. Қай салада да біліммен қоса тәрбие мәсе­лесіне де мән беру керек. Жалынды жас­­­тар қо­ғамдық жұмысқа, азаматтық сек­­тор­ға білек сыбана атсалысса, мемле­кеттік бә­секеге қабілетті болуына үлес қо­сады. Сон­дықтан мен жастардан нақты ұсы­ныстар күтемін, – деді шаһар басшы­сы.

Жаңа форматтағы жобада «Bolashaq» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесіновамен кездескен жастар білім, ғылым саласы бойынша өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға жауап ала білді.

Сонымен қатар тағылымды кездесуде Жастар жұмысшылар қауымдастығы кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Наурызбаев, стра­тегиялық даму жөніндегі директор және «Salem Coffee & Tea» негізін қа­лау­шы, жас кәсіпкер Аят Азимов, GR-кеңесшісі, «Болашақ» бағдарламасының тү­легі Нұрлан Өтешев, «Арнау» даму ор­та­лығы» қоғамдық бірлестігінің төр­ағасы, байланыс маманы, блогер Ұлан Әбішев өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, іскерлік сабағын өткізді.

Жастармен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың, жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жақсартуды көздеген іс-шарада жиналған қауымға әлеуметтік тапсырыстармен жұмыс істеудің жөні түсіндірілді.

Өз кезегінде Нұрлан Өтешов жастар­ды кәсіпкерлікке қалай баулу керектігі жөнінде кеңес берсе, «Болашақ» бағдар­ла­ма­сының түлегі Ерасыл Төлебаев Шым­­­кентте болашақтықтардың филиалын ашсақ деген ұсынысын білдірді. Ал «Жетіген» мектебінің директоры Ка­­мила Есқараева әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай әл-канун аспабында ғұлама ғалымның туындыларын жаңғыр­тып жатқанын марқая жеткізді.

Бұған қоса қаланың қоғамдық кеңе­сіне мемлекеттік емес ұйымдар мүшеле­рін де қатыстыру, Нұр-Сұлтан мен Алматы­да­ғыдай жастардың ауқымды коворкинг орталығын құру, республикалық деңгейде ақындардың поэтикалық дуэлі мен «Ақын мен әнші» жобасын қайта жандандыру, пікірсайыс клубы ашу сияқты ұсыныстар айтылды.

Ерлан Айтаханов барлық ой-пікірді мұ­қият тыңдап, қолдайтынын айтты. Алдағы жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық және әл-Фарабидің 1150 жыл­дық мерейтойларында атқарылар шараларда жастарды белсенді болуға шақырды. Сондай-ақ қала басшысы жас­тарды масылдық психологиядан арылып, еңбекқор болуға, елдің дамуына өз үлесін қосып, белгілі бір іспен айналысуға үндеді.

 

Шымкент