Құжат туралы Жоғарғы Сот азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Таймерденов баяндады. Азаматтардың сот жүйесіне деген сенім деңгейін арттыру қазіргі заманның болмысын ескере отырып, процестік заңнаманы ұдайы жетілдіру мен дамыту қажеттігін талап етеді.
Осы орайда, заң жобасына түзетулерді дайындау кезіндегі негізгі үш бағыт назарға алынған:
1) судьяның және сот ісін жүргізуге басқа да қатысушылардың процестік рөліне жаңа тәсілдерді ендіру;
2) процестік әрекеттерді оңтайландыру;
3) сот ісін жүргізуді одан әрі цифрландыру бойынша түзетулердің негізгі үш блогын ұсынады.
Бүгінгі таңда судья тараптардың ұстанымдарына, ұсынылған дәлелдемелерге тәуелді. Бейтараптылықты жамыла отырып, іс бойынша шындықты анықтаудан қашады. Бұл жерде шындық зардап шегеді. Осылардың салдарынан сот жүйесіне, сот төрелігіне, мемлекетке деген сенім жоғалады.
Істі толық және уақтылы қарау үшін судьяға тараптар дәлелдерінің негізділігін және олар ұсынған дәлелдемелердің дұрыстығын тексеру бойынша шаралар қабылдау, тараптармен (тараппен) істің мән-жайын талқылау, тараптардың құқықтық ұстанымдары мен дәлелдерін нақтылау, дәлелдемелерді уақтылы және толық жинауға, оларды зерттеуге ықпал ету, соттық тапсырмалар беру, заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етумен байланысты шығыстарды өтеуден босату, істердің жекелеген санаттары бойынша ресми өкіл адвокатты тағайындау құқығы беріледі.
Соттар жұмысының жаңа форматы сонымен қатар оңайлатылған іс жүргізуді қолдану саласын кеңейту (бағалық шектерді жеке тұлғалар үшін 200-ден 1000 АЕК-ге дейін, заңды тұлғалар үшін 700-ден 2000 АЕК-ге дейін ұлғайту), жекелеген процестік актілер мен әрекеттерді қысқарту; дауларды шешудің баламалы тәсілдерінің: татуластыру рәсімдерінің, мәжбүрлеп орындату туралы арызды қарау тәртібін оңтайландыру арқылы төрелік шешімнің рөлін күшейту; кеңесу құпиясы институтын жетілдіру; судьяға жекелеген мәселелерді жеке-дара қарау құқығын беру және басқа да шаралар арқылы сот ісін жүргізуді оңтайландыруға байланысты.
Сот ісін жүргізуді одан әрі цифрландыру сот төрелігінің жеделдігін және транспаренттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, процестік шешімдер қабылдауды, сот актілері мен құжаттарды ресімдеуді жеңілдетеді. Бұл үшін заң деңгейінде электрондық сот ісін жүргізудің жекелеген ерекшеліктерін регламенттеу талап етіледі.
Заң жобасы басқа да бірқатар үдемелі жаңалықтарды қамтиды:
- электронды хаттама;
- процеске қашықтықтан қатысу (2019 жылдың басынан мобильді БКБ-ны қолдана отырып 6 мыңнан астам сот отырысы өткізілді);
- процеске қатысушылардың электронды гаджеттерді және басқа да техникалық құралдарды қолдануы және т.б.
Таныстырылым барысында германиялық сарапшы Генрих Шнитгер, сонымен қатар КазГЮУ Университетінің доценті Шыңғыс Жекебаев сөз сөйледі. Таныстырылымға Мәжіліс депутаттары, Жоғарғы Сот, Бас прокуратураның және Әділет министрлігінің, парламенттік емес партиялардың, «Nur Otan» партиясы Құқықтық кеңесінің, ҮЕҰ және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Заң жобасы бойынша талқылау одан әрі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Хатшысы Светлана Бычкова басқаратын жұмыс тобында жалғасады.