Президент • 18 Қыркүйек, 2019

Аймақтағы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті зор

322 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысына келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарын Аққайың ауданының Рублевка ауылындағы «Иван Зенченко» ЖШС-нан бастады.

Аймақтағы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті зор

Қазақстан Президенті сүтті тағамдар өндіретін фер­ма­­ның толық айналымдағы жұмы­­сы­мен танысып, астық жина­лып жат­қан егістік алқа­бын аралап шықты және механизаторлармен әңгімелесті.

Нысанды аралау барысын­да Солтүстік Қазақстан облы­сының әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысына өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуы туралы баяндады.

Кәсіпорын директоры Ген­надий Зенченко Мемлекет басшысына өндірілетін өнімдер мен өткізу нарығы, соның ішінде тауардың Ресейге экспортқа шы­ғарылуы жөнінде айтты. Ол сондай-ақ компанияның ауыл­дық округтегі әлеуметтік саланы дамытуға зор көңіл бөліп отырғанын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіп­­орынның жұмысы және эко­но­микалық, әлеуметтік мін­деттерді шешуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Мемлекет басшысы келесі кезекте ауылды және агро­өнер­кәсіп кешенін дамыту мә­селелері жөнінде кеңес өткізді.

Мемлекет басшысы агро­өнер­кәсіп кешенін дамыту ісін­дегі нақты мәселелердің бар еке­ніне назар аударып, Үкімет пен жергілікті атқарушы орган­дар­дың алдына бірқатар міндет қой­ды.

Атап айтқанда, Қасым-Жо­март Тоқаев әлемде тұрақты әрі жоғары сұранысқа ие тиімділігі жоғары дақылдарды (жасымық, зығыр, соя) өсіруге көшу есебі­нен еңбек өнімділігін арттыру қа­жеттігін айтты. Оның айтуын­ша, органикалық ауыл шаруа­шылығы өндірісін дамытып, заманауи агротехнология мен инновацияны енгізу керек.

– Үкімет агрохимия қызметін күшейту, гербицидтердің, минералды тыңайтқыштардың және элиталық тұқымдардың қол­же­тімділігін қамтамасыз ету жө­нінде түбегейлі шаралар қа­был­дауы қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Үкіметке өндірістің ел аумағында орналасу әлеуетін зерттеу ар­қылы ауыл шаруашылығы тех­никалары паркінің тозуына қатысты мәселені шешуді тапсырды.

Әлемдік тәжірибені ескере отырып минералдау негізінде топы­рақтың құнарлылығын жақ­сар­ту – маңызды міндет. Мем­­ле­кет басшысы бұл мәселе­ні шешу үшін шетелдік инвес­тор­ларды тарта отырып, ел аумағын­да тыңайтқыштар мен пести­цид­тер шығаратын дайын лицензиясы бар зауыттар салуды тапсырды.

Президент барлық ауыл ша­руа­шылығы жерлерінің есебін алу ісін аяқтаудың, жер кадас­трын цифрландырудың және жер­­лердің пайдаланылуын ға­рыш­тық мониторинг жасау ар­қы­лы анықтауға көшудің ма­ңыз­ды­лығына арнайы тоқ­тал­ды.

Баяндамада мал шаруа­шы­лығын дамыту мәселесіне зор көңіл бөлінді. Мемлекет бас­шысы қой, құс, қозы етін өндірудің, сүтті мал ша­руа­шы­лығын дамытудың және мал шаруашылығы өнімін экс­портқа шығару ісін ілгері­летудің келешегі бар деп есеп­тейді. Бұл үшін алдағы 10 жыл­да қосымша 50 мил­лион гек­тар жайылымдық жер пайда­лануға беріледі. Соны­мен қатар Президент Үкіметке жем-шөп бағасының жоғары болу се­бебіне қатысты мәселені тү­бегей­лі реттеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев елі­міздің қайта өңделген өнімдері сыртқы нарықта кедергілерге тап болып жатқанын айтты. Осыған байланысты Мемлекет басшысы отандық тауарларды мақсатты түрде ілгерілетуді жә­не шетелдік серіктестердегі өзге­рістерге қатысты дер ке­зін­де әрекет етуді тапсырды.
Мемлекет басшысы отандық аграрлық ғылымды дамыту ісіне және кейінгі жылдары дең­гейі ай­тарлықтай төмендеген кадр­лар­дың әлеуетіне арнайы тоқ­талды.

– Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталықтарындағы еңбек­кер­лердің тек 20 пайы­зы­ның ғылыми дәрежесі бар. Сон­дық­тан аграрлық салада бола­шағы бар жас ғалымдардың пу­лын жа­сақ­тау қажет, – деді Қа­сым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті ауыл халқының 85 пайызы тұра­тын келешегі бар тірек елді мекен­дерді дамыту қажеттігін айтты. Оның айтуынша, бұл елді мекендер жол, қолжетімді байланыс жүйесі мен интернет, бі­лім беру және денсаулық сақ­тау нысандары, мәдениет және спорт кешендері сияқты инфра­құ­рылымдармен қамтамасыз етілуі тиіс.

Мемлекет басшысы ауыл­дық жерлерде бұқаралық спортты дамыту үшін 3 жыл ішінде 100 денешынықтыру және сауық­тыру кешенін салуды тапсырды. Соның ішінде 22 нысан биыл іске қосылады.

Елбасы ұсынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қо­сымша 90 миллиард теңге бөлінетін болады. Президент

«Дипломмен – ауылға!» бағ­дарламасына бөлі­нетін қар­жыны жылына 20 миллиард теңгеге дейін арттыруды тапсырды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрмысының сапасын жақсарту жөнінде жүйе­лі шаралар қабылдаудың маңыз­дылығын атап өтті.

– Ауыл шаруашылығы кәсіп­орындары, әсіресе ірілері шетте қалмауы тиіс. Аграршылар мем­лекет-жекеменшік серік­тестігі қағи­датына сәйкес ауыл тұр­ғын­дарының өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты әлеу­меттік жауапкершілікті бөлісуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Республикалық кеңес барысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, «Зенченко и К» коммандиттік серік­тестігінің директоры Ген­надий Зенченко, «Агрофирма «Родина» ЖШС-нің бас ди­рек­торы Иван Сауэр, «Қаз­Экспорт­Астық» АҚ директорлар ке­ңесінің төрағасы Рус­лан Молда­беков, С.Сейфул­лин атындағы Қазақ агротех­никалық универ­ситетінің рек­торы Ақыл­бек Күрішбаев және «Bio­pera­tions» ЖШС құрылтайшысы Әли­хан Талғатбек баяндама жаса­ды.

Қазақстан Президенті кеңес­тен кейін өңірге жұмыс сапары барысында металл пластикалық өнімдер шығаратын «Радуга» зауытына барып, серіктестіктің өндірістік әлеуетімен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өндірістік цехтар таныстырылды. Президентке компанияның жұмысы туралы мәлімет бері­ліп, шығаратын өнімдері көр­се­тілді.

Кәсіпорын директоры Дмит­рий Шарапаев зауытта 1,5 мың адам жұмыс істейтінін, өнім­нің 500-ден астам түрі шыға­ры­латынын айтты. Компания шығаратын өнімдер еліміздің барлық аймақтарына жөнелті­леді, сондай-ақ Ресейдің ірі қа­лаларына да экспортталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жұмыс сапарының со­ңында С.М.Киров атындағы зауытта бол­ды. Мемлекет басшысы кәсіп­орынның өнімдерімен таны­сып, көпқабатты баспа тақта­сын шығаратын және бөлшек­терді құрастыратын цехтарды аралап көрді. Пре­зидентке компа­нияның қазіргі жұмыстарының есебі бері­ліп, кәсіпорынның тех­ноло­гиялық тұрғыдан одан әрі жаңғыртылу жоспары баяндалды.

Кәсіпорын директоры Аман­­гелді Арғынбаевтың айтуын­ша, елімізде алғаш рет көп­қабатты баспа тақтасын өндіру ісінің же­дел іске қосылуы әлемдік стандартқа сәйкес бұ­йымдар шы­ғаруға мүм­кіндік береді. Бұл рес­публика эко­номикасының түрлі салаларында қолданылып, келешекте экспортқа шығарылатын болады.

500-ден астам адам жұмыс істейтін кәсіпорын отандық ма­шина жасау саласының көш­басшысы саналады. Зауыт темір жол, мұнай-газ, энергетика салаларында пайдалану үшін аза­маттық және әскери мақсатқа ар­налған 100-ден астам өнім түрін шығарады.