Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2019

Елу жыл бұрынғы ескі паром елді қашанғы әуреге түсіреді?

3003 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, өткелдің жырын айта-айта шекарадағы Күршім мен Марқакөл тұрғындары да қартаятын болды. Облыс орталығы – Өскемен мен өңірдің бүкіл қала-аудандарын жалғайтын, стратегиялық маңызы зор Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін «Қызыл ту» өткелі әсіресе биыл ала жаздай Күршім өңіріне келіп-кетуші жұртты әбден әуре-сарсаңға салды.

Елу жыл бұрынғы  ескі паром елді қашанғы әуреге түсіреді?

Көпірді кім салады?

Тамыз айының басында өт­кел арқылы қатынайтын екі па­ромның бірі істен шығып, со­ның салдарынан пайда бол­ған ұзын-сонар көлік кезегі жолау­шылардың наразылығын ту­дырған еді. Жалғыз паромды күткен халық төрт-бес сағат емес, тіпті кеш батқанша жаға­лауда тұруға мәжбүр болды.

Аудан тұрғындарының бұл жанай­қайын тамыз айының ортасында Көкпекті ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі де естіген еді. Сол кезде тұрғындар «Паром мәселесі қашан түбегейлі шешіледі?», «Көпір қашан салынады?» деп сұрақтың астына алған-ды.

Өңір басшысы мәселені шешу үшін арнайы комиссия құрылатынын, өткелге бейнебақылау қойылатынын, паром жұмысын тікелей өзінің де бақылап отыратынын айтып: «Ал көпірге келсек, жоба жасалып жатыр. Оның құны – 34 млрд теңге. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Алдағы уақытта оның да түйіні шешіледі» деп ашуға мінген тұрғындарды сабасына түсіргендей болып еді.

Об­лыс әкімінің тапсырмасынан кейін өткелге бейнебақылау, күзет қойылғанымен екінші паром әлі іске қосылған жоқ. Оның орнына су айдынына шыққан баржа, яғни шағын паром кестені сақтап қатынап жатқанымен сал­мағы жеңіл болғандықтан желді күндері жүрмейді екен. Өйткені адам өмі­ріне қауіпті.

Енді 3 тамыздан бастап жұ­мысын тоқтатқан екінші паром неге жүрмей қалды дегенге келсек. Облыстық Жо­лау­шылар кө­лігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұр­жан Жұмаділовтің айтуын­ша, бұзылып қалған паром 1960 жылдары Түмен қаласында шығарылған, яғни әбден ескірген. «Қазір оның электр қозғалтқышының баламасы іздесті­ріліп жатыр. Қозғалтқыш 1961 жы­лы жасалған. Қазіргі күнде ондай бөл­шекті шығар­майды әрі қо­сал­қы бөліктерін табу мүмкін емес. Тап­сырыс елі­міз бен Ре­сей­­дің 20-дан ас­там өндіріс орын­дарына бе­ріл­­ді. Олар бүгінде мұндай қоз­­ғалт­қыштардың шы­ға­рыл­май­тынын жеткізді. Күршімдегі па­ромдарды жалға алған компания басқарушысы бізге Түмен қаласынан балама қоз­ғалтқыш табылғанын, келесі апта сол жақ­қа баратынын айтты. Қазір өт­келдегі жағдай қалыпты. Тек жұма, сенбі, жексенбі күндері кезек болуы мүмкін» дейді басқарма басшысы.

Жырға айналған өткел мәсе­лесі жақында Өскеменде өткен Nur Otan партиясы облыстық фи­лиалының Саяси кеңесінің бюро отырысында да сөз болды. Жиында об­лыс­тық Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік бас­қармасының өкілдері Күршім өт­келіндегі екі паромды үш жылға сенімді басқаруға алған «Құйған айлағы» компаниясымен жасалған келісім бұзылуы мүмкін екенін, қыркүйек айы­ның басында тиісті ескерту хат жіберілгенін, егер компания сеніп тапсырылған мүлікті 30 қазанға дейін қайтармаса, іс сот арқылы шешілетінін жет­кізді. Осы мәжілісте «Құйған ай­лағы» компания­сымен келісім жасаған Мемлекеттік сатып алу және ком­муналдық меншік бас­қармасы келісімшартта ме­ке­мені жауапкер­шілікке тар­ту тетіктерін дұрыс қа­рас­тыр­мағаны да тілге тиек етіл­ді. «Кәсіп­орынды жауапқа тар­туға негіз боларлық пункттер ке­лісім­шартта қарастырылмаған. Бұл – өз кемшіліктерің. Дегенмен, мә­селені қайта қарап көруге болады. Сондықтан арнайы комиссия жа­сақтайық. Келісімшартты егжей-тегжейлі қарап шығу үшін комиссия құрамында заңгерлер міндетті түрде болсын» деген Даниал Ах­метов облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовке кеңестің келесі отырысына Күршім өткеліне қатысты нақты ұсыныспен келуді тапсырды.

Көпірге 30 миллиард теңге қаржы қажет

Өткел мәселесі әбден қа­жыт­­­қан Күршім тұрғындары Бұқ­тыр­ма су қоймасы үстінен көпір салу мә­се­лесін қанша жыл­дан бері үз­діксіз көтеріп келеді. Көпір не үшін қажет? Аудан тұрғындарының ой-пікірін жинақтай айтсақ, бі­ріншіден, көпірдің жоқтығынан, жол қатынасының қиын­дығынан Күршім ауданының қан­шама мың тұрғыны жан-жаққа кө­шіп кетті. 1997 жылдан бері аудан­ халқының саны 55 мыңнан 25 мыңға қысқарғаны сөзімізге дәлел. Екіншіден, Күршім ауданы, оның ішінде табиғаты көркем Марқакөл өңірі Қытаймен шекарада орналасқаны белгілі. Көпір салынса туристер санының артып, аудан экономикасының нығая түсетіні анық. Үшіншіден, көпірдің жоқтығынан Өске­меннен немесе Күршім жағынан паромға үлгереміз деп асығып қан­шама адамның жол апатына түс­кенін, олардың нақты санын ешкім білмейді. Өткел сәуір айынан қараша, желтоқсан айына дейін жұмыс істейді десек, одан кейінгі уақытта тұр­ғындар мұз үстімен жүруге мәж­бүр. Мұз ас­тына қанша көлік кет­ке­нін де есептеп жатқан жан жоқ. Төртіншіден, паром істен шық­қан немесе мұз әлі қатпаған ауыс­­­палы кезеңдерде тұрғындар об­лыс орталығына Күр­шім – Үл­кен Нарын – Зырян және Күршім – Зайсан бағыттары бо­йынша барады, яғни 500 шақы­рым жолды артық жүреді. «Осының бәрі көпірдің аудан тұрғындары үшін аса қажет екенін көрсетеді. Көпір салу – Күршім ауданының 20 мыңнан астам тұрғынының тілегі, арман-аңсары. Көпір бол­са паромның да қажеті болмай­ды. Көпір салынса ауданнан бұрын көшіп кеткен азаматтар да қайта оралуы мүмкін. Кө­пір көп дүниеге оң әсерін тигі­зетініне, елге ел қо­сатынына, аудан­ның еңсесін көтеретініне еш күмәніміз жоқ» дейді Күршім аудан­дық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есманбек Ақтекенов.

Айта берсек, мә­селе көп. Аудан тұрғындары­ның көпір салу жайын­дағы сан жылғы армандарынан облыс әкімдігі де жақсы хабардар. Ха­бардар ғана емес, облыс әкімі Даниал Ахметов кө­пірдің салынуына мүдделілік танытып, қанша рет шетелдік инвесторлармен кездесті. Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтің сөзіне сенсек, көпірдің жобалық-сметалық құ­жаттары екі жыл бұ­рын әзір­леніпті. Жобаның құ­ны 30 мил­лиард теңге шамасында. Көпірді салатын жер де анық­талған. Ертістің ені ең тар жері Құйған ауылының тұсында екен. Ұзындығы – 1 шақырым, 300 метр. Жобалық-сметалық құжат да­йын, көпір салатын орын бел­гіленген. Енді не кедергі? «Бәрі айналып келгенде қаржыға тіреліп тұр. Көпір салу бойын­ша мемлекет-жекешелік әріп­тестігі аясында бірнеше ин­вестор келді. Олар сал­ған қаржыларын тез арада өсім­мен қай­тарғысы келеді. Біз­де, облыс бюд­жетінде мұндай мүмкіндік жоқ. Жобаның құны 30 миллиард десек, инвесторлардың талабы бойынша біз жыл сайын 5-6 миллиард қаржыны қайтаруымыз керек. Бұл әрине, облыс бюджетіне оңайға түс­пейді. Соған байланыс­ты әлі де инвесторлар қарас­ты­ры­лып жатыр. Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму ми­нистр­лігіне қарасты Автомобиль жолдары комитетіне көпірді респуб­ликалық бюджеттен қар­жыландыру жөнінде ұсыныс дайындалды» дейді басқарма басшысы.

Түйін

Әкімдік өкілінің сөзінен түй­геніміз, көпірді салуға облыстың шамасы келмейді. Ендігі бар үміт – Үкіметте. Осы Күршім ауданының тумасы, әріптесіміз, журналист Назерке Қайролданова әлеуметтік желісіндегі парақша­сында: «Енді барлық облыс әкім­діктері Астана мен Түркістанға «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» сый тартқандай, Шығыс­тағы көпір құрылысына да қаржылай көмек көрсетіп жіберсе. Осыны аудан­ әкімдері мен облыс басшылығы бас­тама жасап, Үкіметке үндеу тас­таса, мұндай жақсылықты Шығыс халқы жалғанда ұмытпас еді. Көпір салынып, халық игілігіне берілсе, Күршімнің ғана эко­но­ми­калық хал-ахуалын көтер­мейді, сонымен қатар Зайсан және Катонқарағай аудандары да көркейер еді. Әр облыстың әкімдері көмектесіп көпір салып, біздің балық пен балдан дәм татып, Марқакөлге келіп демалып кетсе әрі ішкі туризмге үлес қосар еді» деп жазып, рес­пуб­лика жұртшылығын асар жасауға шақырып еді. Кім біле­ді?! Бұл да қажет шығар. Десек те, көпір салу мәселесі Үкімет тарапынан қолдау тауып, өз шешімін табады деп сенеміз.

Шығыс Қазақстан облысы