Экономика • 18 Қыркүйек, 2019

Digital InWest форумы өтті

244 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласында инвестиция және цифрландыруға арналған Digital InWest форумы өтті.

Digital InWest форумы өтті

Көрмеде 30 шақты жергілікті кәсіп­орынның өнімдері мен республикадағы 15 ІТ-жоба келушілер назарына ұсы­нылды. Облыс әкімі Ғали Есқалиев өңір­де цифрландыру аясында жүзеге асып жатқан жобаларды таныстырды.

– Экономикалық дамудың негізгі бағ­дары шикізаттық сектордан шикізаттық емес секторға көшу және экономиканың басым салаларына инвестициялар тарту. Өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту, инвестициялар тарту және жоғары технологиялық жобаларды ен­гізу мақсатында белсенді жұмыстар ат­қарылуда. Соңғы үш жыл ішінде не­гізгі капиталға салынған инвестиция 453 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде ши­кізаттық емес секторға құйылған қаржы 77 млрд-тан 107 млрд теңгеге өсті, деді Ғ.Есқалиев.

Өңір басшысы биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша негізгі капитал­ға құйылған инвестиция мөлшері 36,5%-ға (332,7 млрд теңге), сыртқы инвес­тиция көлемі 74%-ға (250 млрд теңге) көбейгенін хабарлады. Қазір облыс­та жалпы көлемі 170 млрд теңге ше­телдік қаржының қатысуымен 5 жоба қолға алынған. Бұл кәсіпорындарда жаңадан 340 жұмыс орны ашылатын болады. Сонымен бірге «Орал» ӘКК инвесторға ақпараттық, әдістемелік және консультативтік қолдау көрсетуге арналған «Инвесторларға қызмет көр­­­­сету орталығын» (ИЫҰ) құрды. Ор­талық «Бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетеді. Жалпы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде 140-тан астам жоба қолға алын­ған.

– Цифрландыру қолжетімді әрі с­а­­палы интернетсіз мүмкін емес. Осы мәселеде қала мен ауыл арасын жа­қын­дату үшін 2020 жылға дейін облыс­тың барлық ауданы кеңжолақты интернет желісімен қамтылады. Ин­тернет биыл 60 елдімекенге жетеді, – деді өңір басшысы.

Жақында геоақпараттық портал іске қосылмақ. Бұл порталда бос жер телімдері, оның мақсатты қолданылуы, жер пайдаланушылардың шекарасы бұ­зылуы секілді мәліметтер анық кө­рінетін болады. BITRIX-24 жүйесі бо­йынша жасалған «Жобалық кеңседе» таяу 5 жылда жүзеге аспақ жобалар жи­нақталып, әр жобаның барлық кезеңі толық қадағалауда болады. Тағы бір жоба – туристерге арналған www.visit-uralsk.kz сайты. Мұнда өңірдің киелі жерлері мен туристік нысандары туралы барлық мәлімет, виртуалды турлар үш тілде, 3D-моделінде ұсынылған.

Биыл Ақжайық өңірінде мектеп асханаларында қолма-қол ақшасыз қыз­мет көрсету енгізілмек. Осы арқылы ата-ана мектеп асханасының мәзірін рет­­тейді, баланың ақшалай шығындарын қадағалайды. Мектептерде сондай-ақ «Виртуалды ІТ-зертханалар» енгізіліп жатыр. Мұның артықшылығы – түрлі тәжірибелер виртуалды жасалады, қым­бат зертхана жабдықтарының қажеті жоқ әрі оқушы қауіпсіздігі қамтылады.

Ғ.Есқалиев Қарашығанақ кеніші орналасқан Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында «смарт сити» жобасын енгізу жоспарын хабарлады. Қа­­­ла көшелері қазір интеллектуалдық жа­рықтандыру жүйесіне көше бастады. Ба­­ламалы қуат көздері де қарқынды қол­данылуда. Өңір басшысының айтуынша, шаңырақ саны 50-100-ден аспайтын елді мекендерге дәстүрлі электр желісін тартып, артық шығынданудың қажеті жоқ. Оның орнын баламалы қуат – жел, күн энергиясы т.б. көздер басуы тиіс.

«Батыс Қазақстан облысының агро­өнеркәсіп саласындағы әлеуеті орасан зор». Ғ.Есқалиевтің осы сөзін Қазақстан-Герман аграрлық-саяси диалогының басшысы Йорг Динкелакер де қайталады. «Германияның агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру тәжірибесін қолдану мүмкін­діктері» тақырыбында баянда­ма жасаған Йорг мырза Қазақстанның әлеуеті Германиядан да зор еке­нін бір­неше мәрте айтты. Йорг Динкела­кердің ай­туынша, Германияның әрбір екінші фермері өз шаруашылығында цифрлы технологияны ендірген. GPS деректері техниканы басқаруда жаппай пайдаланылады. Ауа райын бақылайтын қондыр­ғылар, өлшеуіш құрал-жабдықтар, автоматты қосымшалар – шаруаның сенімді серіктері. Осының бәрін қазақ даласына әкелу – бүгінгі күн талабы.

Форумда Әзербайжанның Қазақ­стан­дағы Төтенше және өкі­­­лет­ті елшісі Рашад Маммадов өз елін­де­гі цифр­ландыру жүйесінің қа­лып­та­суы туралы баян­даса, «КАС Кон­сал­тинг» фирмасының дирек­торы Ири­­­на Су­лименко агроөнер­кәсіп кеше­нін­ цифр­­ландыру тәжірибесі жай­лы ай­тып берді. Нұр-Сұлтан қала­сын­да­ғы «Елорданы тұрақты дамыту орта­лы­ғының» ІТ-сәулетшісі Виталий Пус­товойтенко аймақты басқарудағы BIG DATA құ­ралдарын қолдану жобасына тоқ­­талды. Латвияның Қазақстандағы Сыртқы экономикалық өкілдігінің же­тек­шісі, Латвия Экономика министр­лі­гінің кеңесшісі Владимир Самойленко мен израилдік «CEO Isratech» компания­сы­ның өкілі Анатолий Коломинскийдің сөздері де ықыласпен тыңдалды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт То­қаев атап өткендей, экономиканы­ жап­пай цифрландыру мүлде жаңа са­ла­ның пайда болуына алып келеді. Біз де уақыт талабына сай болуымыз қа­жет. Әлемде орын алып жатқан пайдалы жаңа өз­герістерден қалмау үшін бар­лығымыз жұмыс тәсілдерімізді, басқару құрал­дарымызды жаңғыртып, оң өзгерістерге жол беруіміз керек. «Digital Aqjaiyq» ая­сында енгізілетін жаңа технологиялар мен шешімдер – өңіріміздің барлық сала­сына серпін беретіні сөзсіз, – деді форумда Ғ.Есқалиев. Форум аясында бірнеше нақты инвестициялық жобалар айқындалып, кәсіпорындар арасында ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойылды.

Батыс Қазақстан облысы