Спорт • 18 Қыркүйек, 2019

Қоржында – тағы бір қола

296 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлері бойынша өтіп жатқан әлем чемпионатының грек-рим стиліндегі балуан­дар белдесуі кеше аяқталды. Олимпиадалық 6 салмақ (60, 67, 77, 87, 97, 130 кило) және лицензиясыз 4 сал­мақ (55, 63, 72, 82 кило) бойынша бақ сынаған әлем мық­тылары 36 жолдаманы сарапқа салды.

Қоржында – тағы бір қола

Яғни, Ресей, Германия, Өзбек­стан, Иран құрама­ла­рының әрбірі үш-үштен ли­цен­зияға ие болса, Қазақстан, Куба, Сербия, Венгрия, Ар­мения, Украина, Түркия, Гру­зия елдерінің әрқайсысына 2 жолдама, Жапония, Мысыр, Дания, Швеция, Қырғызстан, Беларусь, Польша, Эстония республикаларына бір-бірден үлес бұйырды.

Кеше кешкісін жоғарыдағы елімізге бұйырған қос жолдама иесі – Мейрамбек Айнақұлов пен Асхат Ділмұханбетов чемпионаттың қола жүлдесі үшін кілемге шықты.

Бұған дейін екінің бірі қолы жете бермейтін биік меже – 2017 жылы Париж қа­ласында өткен әлем чемпионаты мен Нью-Делидегі Азия біріншілігінен қос күміс медальға қол жеткізген Мей­рамбек алғашқы айналым­да Қазақстан тумасы, қазіргі таңда Бразилия атынан өнер көрсетіп жүрген сақа балуан Марат Гариповты қиналмай жеңді. Екінші айналымда литвалық Ю. Петраикюсты 4:2 есебімен ұтып, ширек финалдық белдесу бәсекесінде хорватиялық Лиза­товикті 10:0 ұпайымен еркін еңсерді. Бірақ финалдық бәсеке үшін ресейлік спортшы, 2018 жылғы әлем және Еуропа чемпионы Сергей Емелиннен жеңіліп қалды. Ал қола медаль үшін Мейрамбек украиналық балуан, 2018 жыл­ғы әлем біріншілігінде қола медаль иегері атанған Ленур Темировпен белдесудің сәті түсті. Сөйтіп 60 кило сал­мақ дәрежесінде әлемдік до­даға түскен М.Айнақұлов қар­сыласын 10:0 есебімен еңсеріп қоржынымызға қола медаль салды.

Ал қола жүлдеге таласа­тын екінші балуаны­мыз 77 кило салмақта күрес­кен өт­кен жылғы Азия біріншілі­гінің жеңімпазы Асхат Діл­мұханбетов. Ол алғашқы ай­налымда чех балуаны Олдрич Варганы бар-жоғы екі ми­нуттың ішінде 9:0 есебімен ұтып, екінші кезекте ресейлік атақты балуан екі дүркін Олим­пиада және әлем чемпионы, төрт дүркін Еуропа жеңімпазы Роман Власовпен жолы түйісті. Атақты балуанмен қаймықпай күрескен қазақ баласы күрес тактикасын дұрыс үйлестіре білуінің арқасында жеңіске жетті. Есеп 3:0.

Асхат жартылай финалдық бәсекеде Сербия мақтанышы 2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатының жеңім­пазы Виктор Немешпен бел­д­есті. Нәтижесінде күрес тағ­дыры 4:3 есебімен біздің жі­гіттің пайдасына шешілді. Осылай әлемнің екі мықтысын жарыс жолынан шығарған Ділмұханбетов финалдық бәсекеде танымал мажар балуаны, Олимпиаданың күміс жүлдегері, әлем біріншілігінің екі дүркін қола медаль иегері, Еуропаның үш дүркін чемпио­ны Тамаш Лоринцтен жеңіліс тапты. Ал жүлделі орын үшін өзбек­стандық Жалғасбай Берді­мұратовпен күресіп, нәтиже­сінде қарсыласына 3:1 ұпайы­мен есе жіберіп 5-орынды қа­нағат тұтты.

Осылай грек-рим күрес стилі аяқталғаннан кейін әйел­дер күресі жалауын көтеріп, 6 ли­цензиялық салмақ (50, 53, 57, 62, 68, 76 кило) және жол­дама берілмейтін 4 салмақ (55, 59, 65, 72 кило) санаттары бойынша белдесу басталды. Жа­рыстың бірінші күні жерлестеріміз В.Исламова (50 кило), Т.Ахметова (53 кило), М.Сед­нева (55 кило), Ж.Бақ­бер­генова (72 кило) өнер көр­сетті.

Жарыстың алдында әйел­дер күресінен еліміздің бас бапкері, Олимпиаданың үш дүркін жүлдегері, Азия ойын­дарының және Азия чемпионы Гүзел Манюрова, Токиоға жолдама алу оңай болмайтынын айтқан болатын. «Әрине медальдан үміттіміз. Ол үшін балуандарға барлық жағ­дай жасалды. Ең бастысы, әйелдер күресі бойынша ереже өзгерді. Мұның да әсері бар. Сонымен қатар жаңадан бәсекелес мемлекеттер пайда болып жатыр. Көп дүние жеребеге байланысты. Жеребе сәтті түссе, медаль да болады. Десе де «үйде» күресудің өз артықшылықтары бар» деген болатын Гүзәл Таһирқызы.

Сонымен жоғарыда айт­қа­нымыздай, төрт салмақ­та белдескен балуан қыз­да­рымыздың арасынан 50 ки­лодағы Марина Седнева мен 72 килодағы Жәмила Бақбергенова қарындасымыз жартылай финалға өтсе де, салмақтары олимпиадалық емес болғандықтан жолдама бұйырмады. Ал 50 кило салмақта еліміз атынан белдескен ресейлік легионер қыз Валентина Исламова бірінші болып лицензияға қол жеткізді. Бірақ бұл қа­рындасымыз финалдық белдесу үшін болған күресте румыниялық Е.Бучтен 6:6 есебімен ұтылды. Бірақ әлі де болса қола жүлде үшін күресетін мүмкіндігі бар. Со­нымен бірге 55 килода белдескен Марина Седнева да жоғарыдағы әріптесінің жолын құшып, финалға өту жолында жапон қызы Н.Ириеге 10:0 есебімен жол берді. Ал 72 килода күрескен Жәмила Бақбергенова ресейлік атақ­ты балуан, Лондон Олим­пиадасының чемпионы На­талья Воробьевадан жеңіліп, финалға шығу жолы кесілді.

Қазіргі жағдайда, Қытай Әзербайжан, Румыния, Қазақ­­стан, Солтүстік Корея, Жа­пония және Грекия қыз­дарына 8 олимпиадалық жолдама бұ­йырып тұр. Қалған жолдамалар бүгін және ертең сарап­қа салынады.

Суретте: әлем чемпио­наты­ның қола жүлдегері Мейрамбек Айнақ­ұлов