Руханият • 18 Қыркүйек, 2019

Таланттарды табыстыратын платформа

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Киносүйер қауымды қуантқан Almaty Film Festival жақсы жаңалықтарымен жалғасын тапты. Енді кәсіби түсірілім тобын жинақтау барысындағы шығармашылық бірлестіктің жұмысы бұрынғыға қарағанда едәуір жеңілдейтін болады.

Таланттарды табыстыратын платформа

Қазақстан кино әлемін­дегі жаңашылдық туралы «Ұлттық киноны қол­дау мемлекеттік орталы­ғы» КЕАҚ басқарма төр­ағасының міндетін атқа­рушы, кинопродюсер, сценарийст Гүлнар Сәрсенова, Еуропа киноакадемиясының мүшесі (EFA), продюсер Анна Качко, халықаралық онлайн жобаның идея авторы Елизавета Шмакова мен белгілі актриса, кастинг-директор Жанна Қуанышева әңгімелеп берді.

Жиын аясында Etalents.pro бірегей платформасының таныстырылымы өтті. Бұл сайт арқылы кастинг директорлары мен әлдеқашан танылған актерлер өздерінің жетістіктері мен талантын көрсетуге мүмкіндік алса, режиссерлер мен сценарийстерге кәсіби түсірілім тобын жинау процесі едәуір жеңілдетілмек. Сервисті әзірлеу­шілердің айтуынша, бұл жай ғана актерлік база емес, толыққанды бағ­дар­ламалық қамтамасыз етілген, қолдануға өте ың­ғайлы әрі түсінікті сайт.

Мәселен, актерлер осы сайтта тіркеліп, тиісті сауалдаманы толтырған соң өзінің кәсіби дағдыларын, фильмографиясын, марапаттар тізімін, фото және видео түсірілімін енгізуі қажет. Осыдан соң бағдарлама ав­томатты түрде жасаған түйіндемеге өзге киноцехтың басқа қолданушылары ұсы­ныстарын білдіре алады. Қажетті үміткерді ай­қын және дәл іздеуді қам­тама­сыз ететін 8 іздеу жүйесі ұсы­нылады. Сервис әлемнің негізгі 10 тілінде қызмет етпек. Басқаша айт­қанда, қазақстандық актерлерден, кинооператорлар мен режиссерлерден команда құру енді оңай, сапалы, ең бас­тысы, жедел әрі заманауи технологиялардың көмегімен жүзеге асырылады.

«Мен бір жарым жыл бұрын «Нартай» фильмінің басты рөліне актер таңдау үшін еліміздің танымал ки­но­студияларының бі­ріне ке­ліп, үміткерлерді көр­се­туді өтінген кезде ма­ған жай ғана фотосуреттер са­лынған файлдарды ұс­татты. Сол кезде мен таңғалдым... Сондықтан біз осы бағытта қадам жасау­ға шешім қабылдадық. Он­лайн-платформа киноиндус­трия бойынша деректерді ғана емес, адамдарды да бі­ріктіреді. Бұл платформаны тек Қазақстанда ғана пайдалану үшін жасамаймыз. Себебі біздің таланттарды республикадан тыс жерлерде де көргіміз келеді», – деді Г.Сәрсенова.

Идея авторы Анна Кач­коның айтуынша, мұн­дай платформалар бір­н­еше ел­­дің қызмет тәжі­рибе­сін­де бар.