Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2019

Жыл соңына дейін автомобиль жолдарының 648 шақырымында қозғалыс ашылады

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жол желісі сапасы» мен «Жол инфрақұрылымының сапасы» көрсеткішін жақсарту мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті республикалық маңызы бар жолдардың 6 мың шақырымын, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 4,6 мың шақырымын құрылыс, қайта қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.  

Жыл соңына дейін автомобиль жолдарының 648 шақырымында қозғалыс ашылады

Осы ретте ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 4,4 мың шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысы мен жөнделуіне қатысты 24 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жалғастырылуда. Бұл мақсаттарға 213 млрд теңге қарастырылған.

2019 жылдың қорытындыларына сәйкес Қазақстандағы жолдардың 641 шақырымында қозғалыс ашылады деп жоспарланған. Жұмыстар «Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Щучье – Зеренді», «Бейнеу – Ақжігіт», «Жетібай – Жаңаөзен», «Таскескен – Бақты», «Теміртау – Қарағанды» учаскелерінде толықтай аяқталмақ.

Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасын жалғастыру аясында 2020 және 2026 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 7 мың шақырымды құрайтын жолдардың құрылысы мен жөнделуіне қатысты 13 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

Аталмыш шаралар жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 2025 жылға қарай 100%-ға жеткізуге мүмкіндік береді.

Мұнымен қоса, жергілікті жол желілерін салу, қайта қалпына келтіру және жөндеуді қаржыландырудың 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтылғандығын атап өту керек. Осылайша 2025 жылдың соңына дейін жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 2025 жылға қарай 95% құрайтын болады.

Еске салайық, Қазақстандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды. Оның 24,4 мың шақырымы – республикалық маңызы бар жолдар, 70,6 мың шақырымы – жергілікті жолдар.