Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2019

Қазақстанның әлеуметтік-саяси даму саласындағы реформалары ЕҚЫҰ алаңында талқыланды

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Варшавада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі Бюросының адами өлшем саласындағы міндеттерді орындауын шолу бойынша жылсайынғы Кеңесі бастау алды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстанның әлеуметтік-саяси даму саласындағы реформалары ЕҚЫҰ алаңында талқыланды

Іс-шараға ЕҚЫҰ 57 мүше елдерінің мемлекеттік органдары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатарынан екі мыңға жуық қатысушылар қатысуда.

Кеңес күн тәртібіне ЕҚЫҰ кеңістігінде адам құқықтары мен фундаменталдық бостандықтар, соның ішінде пікірін еркін білдіру құқығы, БАҚ және ақпарат, діни сенім бостандығы, бейбіт жиналыстар мен бірлестіктер бостандығы, құқық үстемділігі, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, кемсітпеу және т.б. мәселелерді сақтау енгізілді.

Қазақстандық делегация құрамына СІМ, АҚДМ, ІІМ, БП және ОСК өкілдері кірді.

Кеңес ЕҚЫҰ іс-басындағы төрағасы, Словакия Сыртқы істер министрі М.Лайчак, Польша Сыртқы істер министрі Я.Чапутович, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Т.Гремингер, сондай-ақ ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Г.Церетели және ЕҚЫҰ институт басшыларымен ашылды.

Отырыстың ашылу салтанатында Қазақстан делегациясының басшысы, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Үсен Сүлеймен сөз сөйлеп, қатысушыларды нақты іс-шараларды қамтитын, соның ішінде адам құқықтары саласындағы және азаматтық қоғамды әрі қарай дамыту жөніндегі мәселелерге көңіл бөлінген ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қабылданғаны жөнінде ақпараттандырды.

Жоспар ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық заңнаманы күшейту, әкімшілік әділет енгізу, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік саясатты түзету, білім беру сапасын арттыру, қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын қолдануға мүмкіндік беру және т.б. мәселелер жөніндегі шараларды қарастыратыны аталып өтілді. Сонымен қатар, жоспар Жолдауда аталған бастамаларды қаржыландыруға, соның ішінде ІІМ реформалауға, педагогтар мен мәдениет және өнер салаларындағы қызметкерлердің жалақы мөлшерін ұлғайтуға, бизнесті қолдау бағдарламаларын жүзеге асыруға, инфрақұрылымды дамытуға т.б. бастамаларға қаражат бөлуді қамтитыны жеткізілді.

Отырыстың бірінші күні барысында қазақстандық делегация қазақстандық азаматтық сектор өкілдерінің қатысуымен пікірталасқа қатысты.