Экономика • 19 Қыркүйек, 2019

Табысын жасыру мемлекетті тонаумен тең

225 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент Нұр­сұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVIII съе­зінде сөйлеген сөзінде аз қам­тылған, әсіресе көп балалы от­басыларды қолдаудың аясын кеңейту үшін Үкіметке атау­лы көмек көрсету өлшем­дерін ең төменгі күнкөріс ше­гінен (14849 теңгеден 20789 теңгеге дейін) 70 пайызға дейін арттыруды тапсырған болатын.

Табысын жасыру  мемлекетті тонаумен тең

Заңсыздыққа жол берілмеуі тиіс

Сондай-ақ Елбасы масыл­дық­тың өсуіне жол бермеу керек­тігін қадағалап, көмек аса мұқтаж жан­дарға атаулы сипатта тағайын­далуы тиіс екенін баса айтқан. Сөйтіп жаңа атаулы әлеу­мет­тік көмек көп ұзамай 1 сәуірден бастап берілді. Бүгінге дейін бұл көмекке 2 млн 87 мың 400 адам, яғ­ни 405 600 отбасы қол жеткізген.

Мұның 1 302 500-і – балалар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек саясатын дамыту де­пар­таментінің басқарма басшысы Аяжан Жанғабылованың айтуын­ша, биыл АӘК төлеуге 204 млрд 500 млн теңге қарас­ты­рылған, оның 186 млрд 100 млн теңгесі республикалық бюд­жеттен, 18 млрд 400 млн тең­гесі жергілікті бюджеттен бө­лінді. Жалпы жәрдемақы алу­шы­лардың ең көбі Түркістан облысында болып, ондағы 498 700 адам аталған көмек қаражатты алған. Ал Алматы облысындағы 225 400 адамға, Шымкент ша­һарындағы 216 300 адамға АӘК тағайындалған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Үкіметке АӘК-ні бөлу тәртібін реттеуді тапсырды. «Бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс», деген Мемлекет басшысы кө­мек, негізінен, жұмыс істеуге ын­тасы барларға берілуі керек­тігін баса айтты. Расында соң­ғы уақытта масылдар мен табы­сын жасырғандардың анық­тал­ғаны туралы ақпарат тарай бастады. Еңбек  және әлеу­мет­тік қорғау министрлігі Әлеу­меттік көмек саясатын дамыту департаментінің бас маманы Нұрсәуле Елеуованың  ай­туынша, министрлік осындай 72 мыңнан астам көмек  алу­шының тізімін анықтапты. Оның ішінде 14 мың  отбасыға көмек беру толық тоқтатылса, 27 900 отбасының құжаты қайта қаралып, берілетін көмектің сомасы өзгерген. «Заңсыз алынған 74 млн теңге анықталып, барлығы бюджетке кері қайтарылды», дейді бас маман.

Мысалы, Павлодар облысында 444 отбасыға АӘК беру тоқтатылған. Бұл туралы өткен аптада облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Әлеуметтік көмек және әлеуметтік әріптестік бөлімінің басшысы Майгүл Рахымжанова хабарлады. Ақтөбе облысында табысын жасырып АӘК алғандар мемлекетке 3 жарым млн теңгеден астам шығын келтірген. «Сәуір айының басында өңір тұрғыны Алға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне АӘК алуға құжаттарын тапсырды. Оған ай сайын 131 235 теңге төлем есебінен жалпы сомасы 1 574 820 теңге әлеуметтік көмек тағайындалды. 23 сәуірде осы азамат Ақтөбе қаласына уақытша тіркеуге тұрып, АӘК алуға қайтадан құжат тапсырған», дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының табысы аз отбасыларға мониторинг жүргізу және әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің басшысы Ақсұлу Жұбаназарова. Ал Алматыда заңсыз жолмен АӘК алған 1350 отбасы анықталған болатын. Олардың арасында кәсіпкерлер де бар екенін айтқан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев: «біз қалаға уақытша тіркеуге тұрып, балаларын өзге өңірлердегі ата-әжелерімен қалдырған отбасыларды анықтадық. Егер бізде 9350 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, олардың 20 пайызға жуығының тұрақты тіркеуі жоқ. Сөйтіп Алматы, Түркістан және Жамбыл облысының тұрғындары біздің қаладан жәрдемақы алып жүрген. Осындай заңсыз жолмен төлем алып жүргендерді анықтау арқылы 83 млн теңге үнемделді», деді.

Мұндай заңсыздықтар бас қалада да анықталып отыр. Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, АӘК Нұр-Сұлтан қаласындағы 6 мыңнан астам отбасыға (37 мың адам) тағайындалған. Оның 3 323-і көп балалы, 644-і толық емес отбасы болса, 1 366-сы табысы төмен отбасыға жатады. Бүгінгі таңда табысын жасырған мыңнан аса отбасы анықталып, 339 отбасыға төлемдер беру тоқтатылған.

Министрлік өкілі Нұрсәуле  Елеуованың түсіндіруінше, көмек алушылардың табысы министрліктің ақпараттық жүйесінде көрсетіліп тұрады. Оларға қандайда бір артық табыс түскен жағдайда министрлік атқарушы органдарға тізімді жібереді. «Әрбір адам өтінішін тапсырған кезде өзінің табысын анық көрсетуге міндетті. Ақпараттық жүйеде бұл табыстар болмағандықтан олардың жасырғанын дәлелдей алмаған болатынбыз. Бірнеше ай өткеннен кейін ол отбасыларға қосымша тағы да табыстар түсті», дейді ол. Бұдан бөлек АӘК-ні заңсыз алғандардың көбеюіне байланысты министрлік учаскелік комиссияның құрамына жергілікті салық басқармасының, ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдерін және ветеринарлық дәрігерді енгізіпті. Сондықтан да заңсыздықты анықтау жұмыстары жалғаса беретінін айтады Н.Елеуова. 

Тұрмысын түзегендер көп

Атаулы әлеуметтік көмек 2018 жылы 581 мың адамға берілгенін ескерсек, биыл 1 сәуірден бері жаңа жүйедегі көмекке қол жеткізгендердің саны оның үш есесіндей болып отыр. Атаулы әлеуметтік көмектің шартты және шартсыз екі түрі бар. Шартты болса 6 ай сайын құжаттарын қайта тексерістен өткізіп тұрады. Көмектің бұл түрі отбасында жұмысқа қабілетті азамат бар болғанымен белгілі бір себептермен уақытша жұмыс істемейтін болса ғана беріледі. Ал шартсыз АӘК алатын азаматтар жылына бір рет құжаттарын жаңалайды. Бұл үйінде жұмыс істеуге қабілетті кісі мүлде жоқ (мысалы, жұбайы мүмкіндігі шек­теулі, ажырасқан немесе қайтыс бол­ған, ал өзінің 3 жасқа дейінгі баласы бар) және 23 жасқа дейінгі баласы оқуда болған жағдайда ғана тағайындалады. Егер 18 жастан асқан баласы оқымайтын, бірақ жұмыс істемейтін болса, қысқа мерзімді оқыту курстарынан өтіп, жұмыс істеуі тиіс. Жұмысқа орналасқаннан кейін де еңбекақысы күнкөріс деңгейін толтырмаса, бұл отбасына бәрібір АӘК беріле береді. Ерекше ескеретін жайт та осы.

«1 тамыздың жағдайы бойынша шартты атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың саны 93 100 отбасы (547 мың адам) болды. Олардың 39,4%-ы көмек қаражатты біржола алды. Оның ішінде 87 600 отбасы жеке қосалқы шаруашылығын ұйымдастыруға алса, 50 900 отбасы ірі қара мал алған. Ұсақ мал алған отбасы – 22 900 болса, құс шаруашылығымен айналыса бастаған отбасы 9 600-ге жеткен. Сондай-ақ 5100 отбасы  жеке кәсібін ашса, 383 отбасы бұл қаражатты жеке істерін жалғастыру үшін пайдасына жаратты», дейді департамент өкілі Нұрсәуле  Елеуова.

Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы АӘК алушы Асылбек Күлтілеуов осындай мүмкіндіктерге қол жеткізгендердің бірі. Қолы қысқа көп балалы отбасы бірнеше айдың ішінде кәсіпкер отбасына айналған. Табысы молайған Асылбек Күлтілеуов қуанышын жасырмады. «Менің төрт балам бар. Жұбайым жасқа толмаған баламызды қарап жұмыссыз отыр. Мен де аудандық жұмыспен қамту бөліміне жұмыссыз ретінде тіркелген едім. АӘК тағайындалған соң мені Қобда аудандық көпсалалы колледжінде үш ай дәнекерлеу курсына тегін қатыстырды және ай сайын 16 759 теңге көлемінде стипендия беріп тұрды. Сертификатымды алып шыққан соң мамыр айында мемлекеттен 1 183 836 теңге көлемінде АӘК алдым. Сөйтіп жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Маусым айында тағы 250 мың теңге көлемінде грант берді. Бұл қаражатқа ұсталық, дәнекерлеу және құрылыс жұмыстарына арналған жабдықтар сатып алдым. Қазір болат есіктердің, мангалдардың, металл дуалдардың және интерьер бұйымдарының өндірісін бастап кеттім. Болашақта автоматты қақпаларды шығаруды жоспарлап отырмын», деді ол. Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ербол Данағұловтың айтуныша  өңірде АӘК алатын 972 отбасы қиын жағдайдан құтылып, тұрмысы түзеле бастаған.

2017 жылы Түркістан облысы Арыс қаласынан Павлодар облысының Майқоңыр ауылына қоныс аударған Серік Жәдігердің АӘК және басқа да көмектер нәтижесінде әл-ауқаты көтерілген. «Біздің алты баламыз бар. 5-сыныпта оқитын қызым туғаннан мүгедек, 5 рет күрделі операция жасаттық. Қоныс аударуымызға да баламыздың денсаулығы себеп болды. Сәуір айында бізге 1 567 200 теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, ай сайын 130 600 теңге аламыз. Сондай-ақ бізге жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға 176 750 теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұл ақшаға біз ірі қара сатып алдық. Ертіс аудандық мәслихатының шешімі бойынша 4 баламызды мектепке дайындауға 50 500 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Жолдасым әкімдікке жүргізуші болып тұрақты жұмысқа тұрды. Өзім ауылдық клубқа техникалық қызметкер болып орналастым», дейді Серіктің жұбайы Маржан Нәлібаева.

Расымен атаулы әлеуметтік көмек тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кететін көл-көсір, сұрауы жоқ қаражат емес. Бұл мемлекет қазынасынан тек шын мұқтаждар мен жұмысын дөңгелетуге шара таппай отырғандарға берілетін көмек. Ал оны табысы таудай кәсіпкерлердің қымқыруы мемлекетті тонаумен тең дүние. 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше