Әдебиет • 19 Қыркүйек, 2019

Хэм ағай: шеберлік һәм шыңырау

2189 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін

1959 жыл. Мәскеу. Хемин­гуэйдің «қара екітомдығы» жарық көріп, дүн-дүниеде әдеби пейзажды өзгерткен «жер сілкінісі» болды. Ресей жұрты үшін Америка мен Хемингуэй егіз ұғымға айналып, кітапсүйер елдің бәрі жапа-тармағай Хэм ағайдың суретін қабырғаларына іліп жатты. Тоқылған жемпір киіп, сақал өсірді. Әдеби ортада еліктеу селі қатты жүрді. Жас романтиктер «ұлы Хэм ағайша» өмір сүруді қалады. Алайда әдебиеттанушы Ра­фат Әбдіғұловтың сөзімен айтсақ, «Хемингуэйге елікте­ген­дердің бәрі Хемингуэйше жаз­ғысы келді. Бірақ еш­қай­сысы Хемингуэй бола алмады». «Әдебиетке алғаш аяқ басқаннан көпшілікті таң- ғалдырған Эрнест Хемингуэй жазуда қандай ерекшелігімен назарға ілікті? Хемингуэй творчествосының қазақ әдебиетіне әсері болды ма?» Осы сұрақтар төңірегінде ой қозғап, әдебиеттің өз адамдарынан сөз сұрап көрдік.

Хэм ағай: шеберлік һәм шыңырау

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ, сыншы

Хемингуэйден соң көркем прозаның жаңа дәуірі басталды

Мен Хемингуэйдің барлық туын­дыларын сүйсініп оқыған емеспін. Ма­ған оның жазған шығармаларының іші­нен «Үндіс ауылы» сияқты (ақын Нұр­жан Қуантайұлы осы әңгімені қа­зақ тіліне өте жақсы тәржімалады) Ник Адамс жөніндегі тырнақалды туын­дылары, «Шал мен теңіз» әңгімесі мен «Қош бол, қару», «Кімді жоқтап күңі­ренеді қоңырау» романдары қатты ұнай­­ды. Кезінде Александр Кушнердің «Хе­мингуэй лениндік идеялардың ая­сын­да совет оқырмандарының сүйікті жазушы­сына айналды» деген сыңайдағы сөз­дер­ді айтқанын білемін. Әрине бұл орыс ақы­нының субъективті көзқарасы. Мен олай ойламаймын. Жұрт мақтап жүр­ген қаламгердің кейбір дүниелеріне кө­ңі­лім толмауының себебі мүлде бас­қада.

Өз басым Хемингуэйдің алғашқы әң­гімелерін жақсы көремін. Қалай десек те онда адам жанына әсер ететін кіршіксіз таза сезім бар. Ал кемелдікке жеткен шақтағы «Фрэнсис Макомбераның ұзақ­қа созылмаған бақыты» немесе «Ки­лиманджаро тауының қарлары» әң­гі­мелерінде ол тәсілдің көмегіне қатты сүйенеді. Тәсілмен жазылатын туындыларда жасандылық көп.

Шығармаларының кеңес оқыр­ман­дарын тәрбиелеуге тигізген әсері күш­ті, өзі де фашизмге қарсы күрескен су­­реткер болғандықтан, бір кездері оның есімі елімізде культке айналды. Орыс­­тың кейбір батысшыл жазушылары үйінің төріне Толстойдың емес, Хемингуэйдің суретін іліп қоятын. 1982 жылы Мәскеудің «Көркем әдебиет» баспасы әлемге әйгілі қаламгердің әр- қайсысының көлемі 36 баспатабақ болатын, (670-680 бет) төрт томдық шы­ғармалар жинағын 200 мың данамен жарыққа шығарды.

Әділіне жүгінсек, Америкада Хемин­гуэйден әлдеқайда мықты жазушылар аз емес. Солардың бірі америка новел­листикасының негізін қалаған – Шервуд Андерсен. Бірінен соң бірі Нобель сый­лығын иеленген Хемингуэй мен Фолькнер творчествосына Андерсен шы­ғармаларының тигізген ықпалы зор. Айт­қан сөзіміздің шындық екеніне көз жеткізгіңіз келсе, «Уайнсбург Огайоны» оқып шығыңыз.

Хемингуэйдің жазушылық «генийлі­гі» оның Ник Адамс туралы алғашқы әң­гімелерінен айқын көрініс тапты. Бұл шығармаларда Америкада өсіп келе жатқан баланың айналасындағы өте қорқынышты, сырқатқа шалдыққан әлем­ді қалай тани бастағаны асқан ше­берлікпен суреттеледі. Жазушы Аме­риканың палимпсест сияқты, яғни өзге елдің тарихы мен мәдениетінің кү­лін көкке ұшырып, ондағы жердің бетіне басқа өркениетті орнатып жатқан ел екенін жақсы түсінеді. Кезінде бұл өлкенің қожайындары үндістер бол­ған. Енді бүгін олардың түгі қалмай жер бетінен жойылуда. Жазушы үн­діс ауылдарындағы адамдардың тағ­дыры арқылы күні кешеге дейін осы ай­мақта тамырын тереңге жіберген басқа өркениеттің өмір сүрген елесін еске түсіреді. Үндістер ауылы туралы әңгімелердің қай-қайсысы да шы­найылығымен әсер етіп, көңіліңде өш­пестей ізін қалдырады. Әсіресе әйе­лінің қиналғанын көр­гісі келмеген үндістің өз-өзіне қалай қол салғаны туралы жерлерді оқығанымда тұла бойым түршігіп кет­кенін жасыра алмаймын.

Бір қызығы, осындай ғажайып кітап­тан кейін Хемингуэй «жоғалған ұрпақ» туралы «Фиеста» деген жасанды роман жаз­ды. Осы шығармадағы кейіпкердің тра­гедиясы мені аса қатты сендіре алмады.

Хемингуэйдің ең мықты романы – «Сені жоқтап күңіренеді қоңырау». Бұл романды оқып шыққаннан кейінгі ал­ған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Шындығында бұл адам­ның жалғыздығы, оның мына дү­ниеде ешқандай да тірегі жоқ екені ту­ралы жазылған ғажайып дүние. Өйт­кені коммунистердің артында да, рес­публикалықтардың артында да, Америка мен Еуропаның артында да тұрған еш­қандай шындық жоқ. Бұл туындысында Хемингуэй айналадағы болып жатқан әді­летсіздіктермен жаны қайшылыққа түс­кен ақылды адамның трагедиясын көр­сетеді. Шығарманың өзі де керемет жазылған. Диалогтар да шебер өрілген. Ал «Мұхиттағы аралдар» романында жа­зушы диалогтарды қысқа етіп жазуға тырысып, керісінше жасандылыққа ұрынады. «Сені жоқтап күңіренеді қо­ңырау» романында бәрі шынайы, әр сөз, әрбір іс-әрекет, әр деталь өз қыз­метін мінсіз атқарып тұр. Оның ең бас­ты себебі, ол бұл шығарманы әлі өзі­не толық сенімді емес, кемелдікке ен­ді же­тіп тұрған шағында жазды. Ал ке­мел­дікке қол жеткізгеніне толық сенімді кезінде жазған дүниелерінде жазушы өзін қатты қызықтап кетеді.

Әрине Хемингуэйдің шоқтығы биік шығармасы «Шал мен теңіз» әңгі­месі. Америка мәдениетінде інжілдік мәде­ниеттің басымдығы күшті. Америка бар­лық уақытта өз мәдениетін інжілге сәй­кестендіріп құруға тырысып келеді. «Шал мен теңіз» америкалықтардың та­ным-түсінігі бойынша, ескі өсиеттің (Ветхий завет) ізімен жазылған шы­ғарма. Бұл туындыдан ескі өсиетте кездесетін символикаларды таба аласыз. Өмірдің текетірестен тұратынын, онда өз бақытыңды табу үшін соңына дейін күресу керек екенін Хемингуэй суреткерлік шеберлікпен жазады.

Бұған дейінгі шығармаларында Хемингуэй пессимизмге салынып, «Жеңім­паз ештеңеге де қол жеткізе алмайды» дегенді үнемі айтып келген болатын. Ал «Шал мен теңізде» керісінше жеңімпаз көздеген мұратына жетеді.

Сөз жоқ, Хемингуэй шығармалары­ның қазақ прозасына тигізген ықпалы күшті болды. Алпысыншы жылдары әде­биетімізге келген талантты буын Әбіш Кекілбай, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдікұлы, Дулат Исабековтердің туындыларын оқыған болсаңыз, оны анық көре аласыз. Бүгінгі прозаиктердің ішінде де Хемингуэй творчествосынан тәлім алғандар аз емес. Суреткердің «Шал мен теңіз» әңгімесі мен қырғыз жазушы­сы Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» туындыларынан адам рухы­ның мықтылығын көрсетпек болған идея­ның үндестігін байқамау мүмкін емес.

Біздің әдебиетімізде сөзге, сөздің кестелілігіне, көркемділігіне қатты мән беріледі. Бірақ ол кейде көпсөзділікке ұласып, шығармаға жан бітіретін, әсерлі ете түсетін психологизм, ситуация, полифония т.с. дүниелер екінші планға кетіп қалып, қазақ прозасына динамика жет­пей жатады. Бір адамды сипаттау үшін оның ішкі күйін беру үшін бірнеше бетті алатын көпсөзділікке ұрынған туын­дылар қазір оқылмайды. Прозаға жана стиль мен ықшамдылықты алып келген жазушы Эрнест Хемингуэйдің «айс­бергтің шыңы» теориясын біздің қаламгерлеріміз де жаңа дүниесін бастар алдында есіне алып отырса, ұтылмас еді. Хемингуэйдің айтуынша, егер жазушы өзі жазып жатқан дүниені өте жақсы білетін болса, білетін дүниесінің көбісін жазбай-ақ қойғаны абзал. Егер ол шығармасын шынайы жазатын болса, көп дүние айтылмай қалса да, оқырман оны ішкі түйсікпен сезетін болады. Айсберг қозғалысының ғаламаттығы, оның сегізден бір бөлігі ғана судың үстінен көрініп тұрады. Сол сияқты әдебиетте де көп дүние шығар­маның бетіне қалқып шықпай, тереңінде бұғып жатуы тиіс.

Осыдан жиырма шақты жыл бұрын Шыңғыс Айтматов бір басылымға бер­ген сұхбатында жиырмасыншы ғасыр­дың ең ұлы жазушысы ретінде екі қалам­герді – Толстой мен Хемингуэйді атапты. Менің ойымша, бұл сөздің жа­ны бар. Толстой құлашын кеңге сермеген, көркемдікке құрылған прозаны енді ешкім қайталай алмайтын биік шыңға көтеріп тастады. Хемингуэй бол­са ықшамдыққа құрылған, айтқысы келген ойын жұмбақтап жеткізетін жаңа прозаның іргетасын қалап кетті. Хемингуэйден кейін әлем әдебиетінде көркем прозаның жаңа дәуірі басталды.

 

Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ, әдебиеттанушы

Замана үні

Біз кітап сүйген, кітап оқыған ұрпақ­­пыз. Сондықтан да шетел әдебиетін жас шағымызда іздеп жүріп оқыдық. Тіп­ті талғамсыз қолымызға түскенін оқыдық. Сонау көне грек аңыздарынан бастап, «Мың бір түн», Шахнаме, Данте, Шекспир, Джек Лондон, Жюль Верн, Сервантес, Дюма, Купер, Бальзак, Уэллс, т.б. ал орыс әдебиетін біз ше­тел­ деп санамайтынбыз. Ал қазір шетел әдебиетін дәл солай тойымсыз, тал­ғам­сыз құштарлықпен оқып жа­тырмын десем, өтірік болар еді. Әсіресе Хемингуэйді қазір бұрынғыдай қызығып оқып кете алмаған болар едім. Өйткені әр жазушы – өз заманының перзенті. Өз заманының үні. Жазушыны тудыратын да, бағалайтын да, өсіретін де, өшіретін де өз заманы. Өз кезінде керемет деп бағаланған туындылар қазіргі ұрпақ көзімен қарағанда іш пыстырар мылжыңдық деп танылып жатса, оған таңданбаңыз. Мен де Хемингуэйді оған баға берер жаста оқыған жоқпын. Сол кездегі санамызға сіңірген тәрбие бо­йынша ең кереметі шетел, сонан соң орыс, ең соңында қазақ әдебиеті. Қазақ әдебиеті тек солардан үлгі алу ке­рек, соларға еліктеу керек деп ойлайтынбыз. Ал қазір саралап қарасам, Хемингуэйдің әлемді жалт қаратқан қандай қасиеттері? Ол несімен көзге түсіп, ауызға ілікті?

Біріншіден, еңбекқорлығында, жазу­ға құштарлығында. 61 жыл өмірінде қалам тартпаған жанры жоқ.

Екіншіден, замана тақырыбын тап ба­сып, дер кезінде көтере білуінде.

Оқырманның көкейкесті арманын, күлтілдеген жарасын көре білді. Бүкіл құрлық бір-біріне жалғасқан соғыстан көз ашпай тұрған кезде, сол бүкіләлемдік со­ғыс­ты бар шындығымен, сұмдығымен ашып суреттеп бере білді.

Үшіншіден, өзге замандастары әлі романтизмнен ұзай алмай отырғанда, ол реализмге, тіпті модернизмге қорықпай аяқ басты.

Төртіншіден, тілі қарапайым. Әсіре ро­мантика, әсіре поэтика, әсіре героизм жоқ. «Адам – қайда да адам» деген ұлы заңдылықты ұмытпайды. Параллель сю­жет. Бір жағында со­ғыстың сұрқай пішіні, бір жағында сонда да жалғасып жат­қан адам-пен­де тірлігі. Маған ұнаған тағы бір әдісі – қай жерде жүрмесін (бар­маған жері жоқ қой) табиғат суретін мөл­діретіп беруді ұмытпайды. Ғажап контраст. Тамылжыған сұлулыққа сүй­­сініп те үлгермейсіз, дүлей күш (әлде соғыс, әлде басқа) оны таптап та үлгереді. Оқырман әсері, аянышы, зұ­лым күштерге жеккөрініші және авторға деген алғысы шексіз.

Міне, бар құпия осында ғана. Тақы­рыпты дер кезінде таңдай біл және оқырманды нандырып, сендіретіндей әдіс-тәсіл таңдай біл.

Хемингуэй шығармашылығының әсері орыс әдебиетіне қатты тиді. Мыса­лы, Фадеев. Ал қазақ әдебиеті көпке дейін неологияның құрсауынан шыға алма­ды. Ол кейіпкерді адам-пенде ретінде суреттеген жоқ. Әлдекімге ұнау­ға тиіс «герой» ретінде суреттеді.

 

Дидар АМАНТАЙ,

жазушы

Эрнест Хемингуэй: бірінші

Эрнест Хемингуэй есімі кенет есіміз­ге түскенде, көз алдымызға «Клозери де Лила» кафесінде күні ұзақ отырып шағын әңгімелер жазған жас қаламгер, жақ­таулы алакөлеңке бар, фужер көтерген жал­ғыздық, ашық теңізге бет алып бара жатқан қара қайық, орман ішінде, оңа­шада мылтық асынып, сүрлеу-соқпақ қуа­лаған оқшау аңшы, африкалық сафари немесе саванна далаларында жолбарыс атып, арыстан аулаған жаужүрек жазушы, Парижді азат етуге қатысқан қара телпекті жорналшы елестейді.

Ол үлкенді-кішілі шығармаларына қа­лам тартқанда, жиырмасыншы ғасыр­дың басында әлем әдебиеті үрдісіне модер­низм қосқан түрлі әдіс-тәсілді түгел дерлік қолданды, сонымен қатар жа­ңа жазу үлгісін қалыптастырды, төл мәнеріне қол созды, түбінде терең ізденістері айтулы табысқа қол жеткізді.

Нақты қандай жаңалық енгізді, сти­лінде не керемет бар?

Бірінші талап – сөйлем қысқа болуы тиіс, екінші, сөз нақты әрі деректі бол­ғаны жөн, үшінші, әрекет анық жазылуы керек, төртінші, әсірелеуден және синонимнен бас тартқан абзал, бесінші, анық нәрсені ашып айтпай отырып суреттеген не диалогта келтірген дұрыс (атақты «айсберг» тәсілі), алтыншы, кез келген уа­қиғаны осы шақта бейнелеу қажет (ситуацияда көрсету), жетінші, фальш жібермес үшін білмейтін, көрмеген нәрсе туралы қалам тартпау керек.

Міне, осы жеті талап Эрнест Миллер Хемингуэйді шыңға шығарды. Сөз нақты, деректі, нығыз жағдайда, сөйлем ық­шамдалады, әрекет айқындалады, стиль қалыптасады, атмосфера туындайды.

Эрнест Хемингуэй әлем әдебиетіне қатты әсер етті. Габриэль Гарсиа Мар­кес­­тер­ден бастап біздерге дейін. Қа­зақ жазу­шылары ішінен Хемингуэй ықпа­лына ұшырағандар қатарынан Мұхтар Ма­­ғауинді, Сайын Мұратбековті, Асқар Сү­лейменовті, Қалихан Ысқақты, Жұма­бай Шаштайұлын айтуға болады.

Ал «Шал мен теңізді» Герман Мел­вилл­дің «Моби Дик немесе Ақ кит» романына ұқсатамын. Бірақ америкалық автордың әсем жазбаларында фальш та,­ пафос та жоқ. Шынайылық қана бар. Сосын, эстетика.

Хемингуэй эстетикасында өз басың­нан өтіп жатқандай күй туғызатын (эф­­фект присутствия) алып күш бар. Әри­не, оның да әлсіз шығармалары болды. Мысалы, «Жарқабақта, ағаш көлеңкесі астында» («За рекой, в тени деревьев») романы. Ең үздік туындысы – «Түнгі жарық» («Там, где чисто и светло») әңгімесі.

Ол – әрі заманауи, әрі сағынышты шығармалар авторы. Жазғандары – мөл­дір. Әңгіме-романдарынан кеше дүр­кіретіп бірге өткізген дүбірлі мереке жаңғырығын естиміз. Бүгін ол күндерді сағынышпен еске аламыз. Сөз жоқ, данышпан. Толстой тәрізді емес, өзгеше, өзінше кемеңгер, өмір қуа­нышын жырлаған суреткер, ажал қасіретінен қорықпаған туындыгер.

 

Ермек ҚАНЫКЕЙ,

әдебиеттанушы

Сантьягоның күйін кешкен Хемингуэй

Отанының үлкен қалаларына уа­қытша аялдап, өмірінің негізгі кезеңін Гаванада өткізген (Куба), үнемі Италия, Венеция, Парижге кетіп бара жататын ол Нью-Йоркті «тұрпайы, алдам­шы қала» депті. Оны күндіз де, түнде де ұнат­папты. Қолжазбасын қолтығына қысып, көзілдірігінің қырына қағаз қыстырып, үстінде кілең жүннен тоқылған киімдер, оның сыртынан тыртыстырып пиджак киіп ап мұнда келгенде  кездесетін адамдары да санаулы болған екен. Биыл­ғы жыл Нью-Йорк туралы артына қалдырған бұл лепесіне жетпіс жыл, өзінің туыл­ғанына 120 жыл толған Э.Хемингуэй – Америка туралы атап айтар­лықтай көп ештеңе жазбаған америкалық жазушысы. Америкада туған және сонда өмірден өткен. Оның басты кейіпкерлері америкалықтар болғанымен, оқиғалық кеңістік өзге өлкелерде өрбиді. Оның Ф.Купер, М.Твен, Т.Драйзер, О'Генри, ал заман­дастары: Ф.Скотт Фицджеральд, У.Фол­кнерлер мен кейінгі ізбасарла­ры­­нан өзгешелігі осында. Сондай-ақ белгілі өмірбаян: оның замандастарында соғысқа қатыспағандар аз. Өзі де соғысты көрді, майдан кешті, бі­рақ соғыс туралы жазбады. Дәлірек айт­сақ, соғыстың қатыгез картинасын емес, оның салдарынан зардап ше­кен­дердің «бейбіт өмірін» басынан өт­кізді. Жазушы үшін бастан кешу мен оны жазудың арасында соншалықты айыр­машылық жоқ. Бұған «Күн де шығады» (1926) атты алғашқы романы мен кейінгі әңгіме, повестері, ал соның ішіндегі «Қош бол, майдан!» романы тақырыптық тұрғыдан толық дәлел.

Шығармашылық картасына жататын Африка мен Гавана аралдарында, Испания, Италия жерінде, Парижде (оқи­ғалық кеңістік) дүниеге келген Аме­рика жазушысының әңгіме, повесть, естелік, тіптен сұхбаттарында соғыс та­­қырыбы жазылмаған. Ол туралы еш­теңе демеудің өзіне қаншалық қай­рат керек, оны білу мүмкін емес, әйт­се де Хемингуэйдің шығармашылық өмі­­рі соғыс тақырыбынан түбегейлі ай­налып өтті деуге негіз жоқ. Өзін айт­пай-ақ, соғыс жайындағы ес­­­те­ліктердің сұмдық елестері, жан дү­ниесін азаптаған оның кейіпкерлері майданда өлгендерден де анағұрлым азапқор жандар болды. Бұлар тірі, сонысымен жазаланған. Өйткені, естегілер қабірге дейін азапта­уын қоймайды, ал о дүниедегілер фәнидің бұндай машақатынан құтылған. Олар екі дүниенің алдында да азат болғандар. Міне, осыларды неше түрлі әдеби қулықпен шығармаларының кейіпкерлеріне айналдырып, өтірікті судай ағызатын соғысты көрмеген, бірақ соғыс туралы жазатын жазушылар Э.Хемингуэйді көзі тірісінде-ақ қо­са азаптады. Содан, өзі айтқандай, жазып отырған оқиға туралы жалпы жұрт білетін белгілі жайттар жайында ештеңе айтпауды әдетке айналдырды. Әдет сонау соғыс жылдарында басталған еді. Бұл мәнер, термин сөзбен айтқанда, стиль боп қалыптасты. Ол жазушы мен оқырман арасында тең ойын деген болмауы керек, екінші, тіпті үшінші рет оқы­са да оқырман жазушыдан бір ұпайға жеңіліп тұрсын деген пікірін әрқашан айтып жүрген. Бұндай ойды, нақтырақ айтқанда, көркемдік қуатты тек уақыт қа­на таразылайды. Ал уақыт дегеніңіз – көркем шығарма үшін қатал оқырман. Э.Хемингуэй жазып отырғанда уақыт симфониясының құдіретті таяғын кім қай кезде, қашан қолына ұстап сермеп қалса да мәңгілік мұраттың күйін тө­гіп қоя беретін Иоганн Себастьян Бах­тың музыкасындай етіп жазуым керек деп өзіне үлкен талап қойған. Оған тек бір ғана сөз, сөйлем, тіпті сөз ара­сын­дағы жал­­ғаулықтарды дәл тапсам бол­ды дей­ді, ал әрі қарай жақсы жазып кете ала­ты­нына жазушының күмәні болмаған. Сөз­ге еркіндік беріп, аспанға ұшырып қоя бер. Оқиға жайлап қана басталып, адамды мұрттай ұшыратын күйге жеткенше арын­дап кете берсін, оның бойы балқып, сілесі қатқанша тоқтама. Сонан кейін оқу­шы еркін тынысын алатын шамаға дейін жеткізе шиеленісті бәсеңдете түс – жазушының бізге айтқан сыры осындай. Бұл өзіне оңай, естіп отырған адамға одан да оңай, бірақ өзінен басқа ешкім де бағындыра алмаған көркемдік талап (шеберлік) болып қалғаны ғана шындық. Мысалы, шал Гольфстримге қайығымен бір өзі ғана шығып жүрді. Күнде жамаудан сау жері жоқ желкенін көтеріп келе жатады. Тас-талқаны шыққан жасақтың құлаған туы сияқты. Бәрі де көріп отыр, күлкі де естіледі. Аяныш етушілер де жоқ емес. Бірақ шал күйреуге жаралмаған. Өзі де күштіні қаншалықты мойындап өт­се, теңіз де сол. Ол жүзінші күні де те­ңізге жүзіп шығар еді. Сантьяго те­ңізге шық­қан сол 85-ші күні салмағы жар­ты тонна, ұзындығы он сегіз фут бо­латын жайын балық қармағын қауып, оны­мен үш күн теңізде жүзіп, сосын оны гарпунмен түйреп өлтіріп, енді оны өзі қайығына таңып ап, сосын алты бірдей акуламен айқасып, оның біріншісін гарпунмен жайратып, екін­шісінен гарпунымен қоса су түбіне кетіріп, үшіншісі мен төртіншісін ес­кекке байлаған пышағымен өлтіріп, бе­сін­шісіне пышағын сындыртып, ал­тыншысын тоқпақпен тоқпақтап жү­ріп теңіз тереңіне жіберіп, ақыры жұлып тартып тауысқан жайынның қу қаңқасына қарауға дәті жетпей, теңіздің кермек суына көзі жасаурай қарап, олар­ды жеңгенімен, аяғында олардан же­ңіліп, лашығына әрең жетсе де «Бірақ, адам күйреуге жаралмаған.

Адамды құр­туға болар, ал жеңуге болмайды» дей­­тін өз сөзін, әйгілі хемингуэйлік фра­­­­­заны, жансебіл төзіммен, ісімен, ада­­­ми күрескерлігімен, содан соң дәр­менсіз қарттығымен әдебиет бетінде дә­лелдейтінін білді ме? Жалпы, жазушы мен Сантьягоны бөліп қарауға болмайды. «Мен де Клеменсо сияқты сексен бес жасқа келгенге дейін тұғырдан таймаған еркек болып қалсам деймін. Бірақ Берни Барух тәрізді болғым келмейді... Бұл жалғанда бәрі де өтер-кетер, баяғы бет біткеннің сұлуы болған Флойд сияқ­танып, бір кезде менің де сүйегім қурап қалар. Бас сауғалау деген тек аузынан ана сүті кет­пегендердің ісі ғой. Қорғаған шебіңді ұстап тұруға болмаған кезде, қайтсең де оны жауға қымбатқа түсі­ретінің сияқты, бұл өмірден сыйлы болып кететін кезегі келгенде де кім жанын аяп қалатын еді. Өлу – деген қиын жұмыс емес». Ол осы ойын айтқан кезде 50 жаста және «Шал мен теңіз» жазылуға 2 жылдан астам ғана уақыт қалған болатын. Сантьяго да қорғансыз қарттық пен қорлыққа шыдамай, баланы есіне қанша рет алды, бірақ жеңілуді ойлаған жоқ, ал өлімнен қорқатын адам теңізге шықпайды, оған 4 күнгі арпалыс дәлел. Біз бұл шығарма туралы оның көлемінен де көп дүниелер жазылғанын, айтылғанын қаперге алып қарасақ, жазушының атылып өлуін «мұ­ра­герлікке» жоритындай ыңғай жоқ. Ол атылып өлуден бұрын да өзін-өзі атып өлтірген дейтін ойларды өмірі мен шы­ғар­машылығына қарап қисындаған жа­зу­шы, қателеспесем Маркес еді. Ол әде­биет айдынына «Шал мен теңізден» кейін талай шықты, бірақ не әкелді? Ол шы­ғар­машылығының соңғы жылдарында ­Сантьягоның күйін кешпеді ме екен? Ол да қорғансыздық пен қарттыққа ымыра­сыз күрес аша алды. Ол емхана мен әл­де­бір тасадан қысым жасап, қыспаққа ал­ған­дардың алдында жеңілгісі келген жоқ... 

Э.Хемингуэй «Шал мен теңізде» адам дейтін жаратылыстың тағы бір қы­­рын табиғатпен, сол табиғаттағы та­ғы бір алып та сұлу күшпен бетпе-бет кел­тіре отырып, көп дауыс, көп үнмен те­рең ашты. Мұнда кейіпкерлер біз ой­ла­ғандай аз емес. Шал сөйлеп кеткенде айналасында бейнебір көп адам жүр­гендей әсерде қаласың. Ол жалғыз емес! Оның кұстармен, балық­тармен, теңізбен сөйлесуі, өмірінің өткен шақ­тарына жасаған саяхаттары, мұңы мен махаббаты, өзінен мықтыларға табынуы, содан соң Африка даласы, арыстан­дармен жүрген түсі, монологтар мен диалогтар – көркемдік қабаттардың ас­тарында жатқан кейіпкерлер әлемі емей не? Ал бір кезде жұбайынан қал­ған мүліктермен қатар қабырғада ілініп тұратын оның суреті –  қараған сайын­ көңілін босата береген соң шал ты­ғып қойған. Көйлектерінің астында жат­қан жұбайының сол суреті – шығар­маның ішіндегі айтылмай қалған махаббат дастаны. Демек, бұл повесть – тарихи оқиғалар мен тарихи адамдарды, табиғат пен адамдар арасындағы мәң­гілік қарым-қатынастарды, соларды қор­шаған зооморфты әлемді, пейзаждарды асқан үнемшілдікпен жазып әрі жазбай кеткен өз уақытындағы қысқа роман!

Сентябрь айында, 85-ші сапарында салмағы 1,5 тоннадай, ұзындығы 18 фут (5,5 метрдей) болатын алып балықты ұс­таған Сантьяго Маналинді (баланы, ол шал  құр қаңқамен келгенде үш рет жы­лайды) 12 рет есіне алады, ұлы Ди Мад­жионы 8 рет, Құдайды 2 рет есіне түсірген 4 күнгі арпалыста, 6 акуланы өлтіріп, 5 рет құлап тұрып, Гавана аралына жетті. (Қаруы: гарпун, пышақ, тоқ­­пақ, румпель). Міне, бұлар «Шал мен теңіздегі» еске алынып, бірақ жазыл­май қалған хемингуэйлік жолдар емес пе екен? 

Оның кейіпкерлері шетінен табанды, шетінен жаужүрек, атылған оққа да кірпік қақпай қарайтын адамдар, мұның себебі оның өзі сондай адам. Дж.Лондон екеуінің табиғаты мен болмысы және болмыс пен табиғатты саралаулары ұқсас. Бұл жағынан келгенде ол да ешкімге ұқсамайтын жалғыз жазушы болып қалмады.

1929 жылы «Қош бол, майдан!» ро­манын жазған Хемингуэй замандасы, «жоғалған ұрпақтың» өкілі Э.М.Ремаркті қайталаған жоқ, дәлірек айт­сақ, оған ұқсамады. Екеуінің де романы 1929 жылы жазылып, жарияланған. Тағ­дырлары мен шығармашылық жолдары да бірдей. Бірақ, Э.Хемингуэй алғашқы романымен соғыс тақырыбына өзгеше кел­генін айттық, сондықтан аталған романы да соның жалғасы болып шықты. Ал соғысты барлық сұмдық суретімен әш­кере еткен «Батыс майданда өзгеріс жоқ» (1929), «Қайтқанда» романдары жазу­шыға өз сөзімен айтқанда әрі жақсы мағынасында «нені жазбау керегін» сез­дір­ді. Ол соғыстың қанды картинасын жасауға талпынған жоқ, оның салдарын жазды. «Күн де шығады» (Фиеста) мен «Қош бол, майдан!» осынысымен өз­­геше.

Генри Фредерик пен Кэтрин Баркли арасындағы таңғажайып махаббат –соғыс­тағы сезім симфониясы. Оның жа­ныңа шаттық құятын үнінде ұлы өмір жат­қан еді. Ол Генри мен Кэттің нағыз ма­­­хаббатқа бөленетін шағында және басқалардың да осындай жастарында көруге тиіс өмірлерін кімдер тас-талқан етіп отыр. Өрімдей жастар қан тілемейді, ол – кекселердің ісі. Жаралы солдаттың жанайқайында өз өмірінде көруге тиіс адами ләззаттардың жоқтауы жатса, тәнін тескен оқтар махаббат үшін тулайтын қанын қара жерге ағызса, ал Кэтке солардың көзіндегі үрейін көруге жазса, демек соғыс әділетсіз.

Адамды жыртқышқа айналдыру қиын емес, ал жыртқышты адамға айналдыру беймүмкін. Махаббаттан, сезімнен айырылған адамдар да айуан сияқты. Соғыс адамдарды сол қасиеттен жұрдай болуға мәжбүр етеді. Соғыстың сол зұлымдығынан қашқан қос ғашық, екі қыршын жас, екі адам – өмірге, тарихқа, ұжданға, отанға қиянат жасаған жоқ, тіпті ондай ойды ойлап көрмеді. Ал соғыстың көзімен қарағанда – қашқын-дезертирлер.

Кэт те соғыс құрбаны, Генри екі есе соғыс құрбаны. Ол бәрінен айырылды. Ол енді ешкім емес. Ол енді Кэтті таба ма? Ол өзін сақтай ала ма? Ол енді ұрпақ әкеле ала ма? Ол өзі бар ма? Мүмкін, жақсы өмірге жеткен шығар, алайда оның көзінен, есінен Кэт­тер, өлген солдаттар, соғыс суреттері кете ме? Соғыс жарасы жазыла ма? Мі­не, осы нәрсе адамдарға жазушының аузы­мен «Қош бол, майдан!» деген сөз­ді айтқызғанымен, олар: қайғылар, қа­сі­реттер, зұлымдықтар, өлімдер қош­тас­пайды екен. Ал өздеріне замандас­тары «сендер азған ұрпақсыңдар!» деп кінә таққанда, олардың есеңгіреген, арақ­қа тым үйірлігін, тіпті адам өлтіріп жібе­­ретінін, қатыгездігін беттеріне басу үшін айтқан, алайда соған кім кінәлі дегенге ауыздарын ашпайды. Жауап: өзі­нің, Ремарктің шығармаларында тұрса да...

«Қош бол, майданның» бірде ширы­ғып, бірде бәсеңдеп, (қоңыр мұң мен жа­лынды махаббат сәттерін баяндаған кез­дерде) үнемі қозғалыс үстінде баяндалатын оқиғалар тізбегінде лирикалық му­зыкаға тән ырғақ бар. Үзік-үзік үл­кен өмір суреттері бар. Романның, әсі­ресе соңғы тарауын, қырық бірінші та­рау­ды оқу – сол музыканың шырқау шың­ға шарықтап барып үзілген қаралы мар­шын тыңдау. Өте ауыр! Кэттің соң­­ғы сөздері, соңғы әрекеттері аса ауыр, қасіретті көрініс. Генридің, со­ғыс көр­ген адамның өмір алдындағы дәр­менсіздігі, далбаса, мағынасыз ойла­рындағы мағыналылық, құр сандалу мен дәмханаларды ойсыз, тілсіз аралау, өткен өмір­дің кейбір сұмдық істері (томарды отқа тастап, ондағы құмырсқалардың қы­рылғанын қарап отырып, өзін олар үшін Тәңірідей сезінгені мен соңғы сәт­тегі Кэтрин екеуінің өмірлерімен ойнап отырған тап сондай белгісіз күш, Құ­дай бардай сезілуі...), ақыры жансыз тәннің жанында жалғыз қалғаны, бұ­ның енді еш мағынасы жоқ екендігі, сосын жауып тұрған жаңбыр астымен отельге кетіп бара жатуы – ешбір па­фос­сыз соғыс туғызған реальды өмір. Хемингуэйлердің өмірі. Соғыс ұр­пақ­та­­рының, сол үшін туып, сол үшін өл­ген, өлмегені – «азған ұрпақ» деген атақ алғандардың өмірі. Енді есіңізге тү­сіріп көріңізші, Андрей Болконский жұ­байы княгиня Лиза толғақ үстінде жат­қанда қандай сезімдерді басынан ке­шуші еді. Ол да майданнан келген бо­латын. Лиза өзінің көруге тиіс тамаша өмірінің осыншалық ауыр азапқа сал­ғанына жылап жатып Болконскийге «Не ­үшін?» деген сұрақ қоюшы еді ғой. Ол да өледі. Осы эпизод: Лиза мен Кэт, Андрей мен Генри линиясында үндестік бар. Э.Хемингуэйдің «ақыл-есімнен айы­рылғанда немесе қол жетпейтін биікке шыққанда болмаса, Толстой мыр­заға қарсы сайысқа шығуға өмірі бара қоймаспын» дейтін әйгілі сөзінен клас­сиктерден нені үйренгенін, дұрыс ма­ғынасында қандай әсері болғанын аңғаруға болады. Демек, ол да үлгі көрген үлкен әдебиеттің көп шәкірттерінің бірі.

Жазушы Ж.Шаштайұлының «Шал мен жылқы» деген повесін қолыма алғаш алғанда тақырып таныс болды. Қазақ жазушысының повесі «Шал мен теңіз» романымен тақырыптық жағынан да, құрылымдық жағынан да, көркемдік шешімі жағынан да өзара үндесетін сияқты. «Шал мен жылқыда» шалдың айналасымен қарым-қатынасы, ұлттық мінез-құлқы, соған сай таным-түсінігі, табиғатпен етене байланысқан өмірі, оған шағатын мұңы мен арманы, даланың пейзажы, жылқы мен қазақ, міне осы қос құндылықтың жолындағы күресі, ең соңында, сол жылқының тү­біне жеткен өмір теңізіндегі «акула-адамдардың» (Э.Хемингуэй шалдың аузымен акулаларды бірыңғай жаман деп сипаттамаған, оны да өзімен салыстырып бағалап отырды, туысы сияқты) алдында шұжығын қолына ұстап отырғаны жеңіліс емес, бірақ жеңіс те емес еді. Біз көз алдымызға екі шығармадағы екі шалды өзінің көркем кеңістігіне шығарып қойып, әсіресе камералық планда кең бақылап қарасақ, нәзік бір үндестік байқалады. Мұны да нақты мәтіндік мысалдармен дәйектеп, әсер, ықпал, еліктеу деген күй­кі сөздерден арашалай алсақ, онда бұл әде­би әсердің, рухани жалғастықтың біз­дегі мысалы ғана емес, қазақ жазу­шысының өзінше тапқан өзгеше ұлттық ізденістерінің бір үлгісі. Өкінішке қарай әлем әдебиетіндегі, сондай-ақ қазақ про­засындағы Хемингуэй үлгісінің көбі жұ­пыны ғана қайталаулардан аса ал­маған.

 

Әдеби әңгімені ұйымдастырған Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»