Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2019

Қазақстанда NASA Орталық Азия аймақтық ақпараттық орталығын ашу жоспарлануда

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қазақстан астанасында өтіп жатқан «Орталық Азия мен Кавказдағы жер өзгерістерін қадағалау және су-энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты даму» атты бірінші халықаралық конференцияда белгілі болды

Қазақстанда NASA Орталық Азия аймақтық ақпараттық орталығын ашу жоспарлануда

Конференцияның мақсаты - экономика салаларының практикалық міндеттерін шешу үшін ғарыш қызметінің нәтижелерін пайдалану бойынша озық тәжірибе алмасу.

«Қазақстан құрған ғарыш тобы мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар үшін мамандандырылған геоқызметтерде экономика салаларында ғарыш мониторингін дербес жүргізуге мүмкіндік берді. Өз кезегінде ғарыш мониторингі ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, экология және табиғатты пайдалану, жерді пайдалану, геодезия, картография, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және басқа да мәселелерді шешу үшін ЖҚЗ деректеріне дербес және жедел қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин.

Конференцияға қатысушылар ғарыш техникасы мен технологияларының отандық үлгілерін әзірлеудегі қазақстандық серпілісті жоғары бағалай отырып, еліміздің заманауи ғарыштық инфрақұрылымын талқылады. Сондай-ақ екі оптикалық аппарат (орта және жоғары кеңістіктік рұқсаттар), ғарыш аппараттарын жерүсті басқару кешені және ғарыш аппараттарынан деректерді қабылдау және өңдеу үшін жерүсті мақсатты кешені ұсынылған Жерді қашықтықтан зондтау жүйесіне да ерекше назар аударылды. ЖҚЗ мәліметтеріне талдау жасау және қолданбалы міндеттерді шешу үшін NASA ғалымдары бұл жұмысты бірлесіп жалғастыруды ұсынды.

NASA, GEOGLAM бағдарлама жетекшісі Крис Джастис (Chris Justice) Жерді қашықтықтан зондтау бойынша қазақстандық мамандардың жұмысын жоғары бағалап, Қазақстанның ғарыш мониторингінің нәтижелерін Жердің жаһандық мониторингіне енгізу қажет деп санайды. «Біздің кездесуіміз ұйымдар мен университеттердің қатысуымен халықаралық бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша деректер мен тәжірибе алмасудың Орталық Азия желісін құру мәселесіне бағытталған. Шешімдердің бірі Қазақстанда NASA Орталық Азия аймақтық ақпараттық орталығының ашылуы болмақ», - деп атап өтті ғалым.

Конференция қорытындысы бойынша Жол картасын қабылдау жоспарлануда, ол NASA-мен технологиялар трансфертіне және одан арғы жұмыстарға, сондай-ақ отандық салаға жетекші ғарыш агенттіктерінің деңгейіне жетуге бағытталатын болады.

Конференцияға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, NASA штаб-пәтерінің, Мэриленд штаты университетінің, Мичиган штаты университетінің, Эллады зерттеу және технология орталығының (Греция) және «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясының» өкілдері қатысуда.