Қазақстан • 20 Қыркүйек, 2019

Ядролық қарусыз әлемге жол

567 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Токио қаласындағы БҰҰ университетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» көшпелі ғылыми-экспозициялық жобасы аясында Елбасы кітапханасы қорларының көрмесі ашылды.

Ядролық қарусыз  әлемге жол

Елбасының ядролық қарудан азат әлем құру жөніндегі бастамалары Семей ядролық сынақ полигоны жа­былғаннан кейін алғаш рет шетелдік қоғамдастыққа ұсынылып отыр. Көр­меде музейлік, архивтік және кітап материалдары не­гізінде ядролық қару­сыздану және жа­һан­дық қауіпсіздік жүйесін құру мен да­мытудың қағи­даттарын жасақтаған Қазақстан Рес­публикасы Тұңғыш Пре­зиден­тінің тұлғасы көрсетілген.

Көрмені ашқан Елбасы кітапха­насы­ның директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Әмірхан Рахым­жановтың айтуынша, аталған жоба – халықтар арасындағы тұрақтылық пен өзара түсіністіктің негізі болып табы­латын ядролық қауіпсіздіктің жаһан­дық тақырыбы бойынша құжаттық дерек­көздерді, музейлік және кітап топ­та­маларын жинау мен зерттеудің нәтижесі.

«Бүгін Қазақстанның жаңа тари-
хында алғаш рет сіздерге екі ел үшін маңызды да қызықты көптеген мәселелер мен тақырыптарды қамтитын көр­мені зор қуанышпен әрі үлкен тол­қумен ұсынамын. Қазақстан да, Жа­пония да осы екі елдің басшылары қабыл­даған пәрменді шаралар негізін қалаған саяси мәдениет пен тарихи дамудың жаңа деңгейіне көте­рілді. Күн тәртібін өркениетті үнқа­тысу мен еліміздің азаматтарының қауіпсіздігі мен гүлденуі үшін алған мін­деттемелерді дәйекті орындауға ор­тақ қа­жеттіліктер анықтайды», – деді Ә.Рахым­жанов.

Қор көрмесінің экспозицияларымен танысқан Қазақстан Республикасының Жапониядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев өз сөзінде: «Бүгінгідей көрме Жапонияда алғаш рет өтуде. Мұнда наг­радалар қойылған, олардың қатарында Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген Жа­понияның жоғары мем­лекеттік наградасы – Үлкен лентадағы Хризантема (Бақытгүл) ордені бар.         

Сондай-ақ Елбасымызға «Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы» арнаулы атағын тапсыру сәті бейнеленген фотосурет те бар. Жоба аясындағы қор көр­месі, халықаралық конференциядан тұ­ратын іс-шаралар – екі елдің ядро­лық қаруды тарат­пау саласындағы ынтымақтастықты терең­дету ниетінің көрнекі мысалы. Бұдан басқа, мұнда жапондық қоғамдастыққа қазақ­тың зергер­лік бұйымдары, ұлттық киімі ұсы­нылған. Бұл – біздің тарихымыз бен мәде­ниетімізді таныстыруда аса маңызды», деді. 

Көрменің алғашқы келу­шілерінің бірі токиолық кәсіпкер Юуичиро Миками Алматыда оқыған жылдарын еске алып, аталған шараның ма­ңыз­ды­лығын ба­са айтты. «Жапония Қазақ­стан туралы ақпа­ратқа зәру. Менің өзім сіз­дер­дің еліңізде оқы­ғаныма қара­мастан, Қа­зақстан туралы аз біледі екен­мін. Мұны еліміз арасындағы ор­тақ қыр­лар­ды ашқан бүгінгі көрмеден түсін­дім. Көрмеде зерттеуді қажет ететін көп­теген тарихи деректер көрсетілген. Бү­гінде менің бизнесім медициналық туризм саласында дамуда. Менің ісімнің қазақ­стандықтарға да пайдасы тиер деп үміттенемін», деді Ю.Миками.

Көрмеге 350-ден аса экспонат, ар­хивтік құжаттар, фотосуреттер мен бейнематериалдар ұсынылған. Үш бөлімнен тұратын көрме Қазақ­стан Респуб­ликасының Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы кітапханасының Елбасы Кеңсесі мен Қоры­ның қолдауымен, Қазақстан Респуб­лика­сының Сыртқы істер министрлігі, Қазақ­станның Жапониядағы елшілігі және Гои бейбітшілік қорының ұйымдас­­тыруымен өтіп отыр.

Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Қазақстан-Жапония: ядролық қару­сыз әлемге жол» көшпелі ғылыми-экс­по­зи­циялық жобасы барысында көрме­мен қатар Токио қаласындағы БҰҰ уни­вер­ситетінде ядролық қару­сыздану сала­сындағы беделді сарапшылардың қаты­суы­мен халықаралық конферен­ция өтті. Конференция Н.Ә.На­зар­­­­баев­­тың ядро­лық қа­ру­сыз әлем қалып­тастыру жо­лындағы қозғалысты дамытудағы қыз­метіне арналған. Жиынға Қа­зақ­стан Рес­пуб­ликасының Жа­пониядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев, Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов, БҰҰ Бас хат­шы­сының бұрынғы орынбасары Ясуси Акаси, АТОМ Жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков, Токиодағы Нагасаки Өкілдігінің басшысы Хисато Мицутаке, Гои бейбітшілік қорының президенті Хироо Сайонджи, сондай-ақ шетелдік ғалымдар мен сарапшылар қатысты.