Жаһандық мәні бар жиынға Еуропа, Азия, Америка аумағындағы 60-қа тарта елдің 130 университетінен келген көшбасшы өкілдердің салмағы мен құрамы әртүрлі, олардың арасында БҰҰ, ЮНЕСКО секілді халықаралық ұйымдардың өкілдері, Microsoft, ВВС, Elsevier, Springer Nature, YODAK, AKSON сияқты әлемге белгілі компаниялар, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингінің топ-800 санатына кіретін университеттердің басшылары, SUN, USRN, IREG Observatory ұйымдары мен университеттерін саралау бойынша халықаралық қауымдастықтың мүшелері, ENAEE инженерлік білім берудің аккредиттеуі бойынша еуропалық желінің сарапшылары бар.
Б.Сапарбаев ғылым мен білімнің инновациялық бағыттарын сөз етуге жиылған қатысушыларға Қазақстан Премьер-министрі Асқар Маминнің жолдаған хатын оқып берді. «Бүгінгі таңда елімізде білім беру, ғылым және бәсекеге қабілеттілік мәселелерін шешуде, университеттерге академиялық тәуелсіздік берілді. Бұл шаралардың барлығы университеттердің ғылыми, білім беру, технологиялық және гуманитарлық кеңістіктегі ықпалын арттыруға бағытталған. БҰҰ ұсынған Адамның даму индексі Қазақстан халқының білім деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді. Сіздердің инновациялық идеяларыңыз, шығармашылық бастамаларыңыз іске асады және адам капиталын одан әрі дамытуға ықпал етеді деп сенемін», деген Асқар Мамин өз сөзінде.
Бердібек Мәшбекұлы алыс және жақын шетелдерден келген қонақтарға елімізде білім саласына, әсіресе жастардың оқуына көп көңіл бөлінетінін, оның айғағы ретінде Қазақстанда 132 жоғары оқу орны жұмыс істейтінін жеткізді. Онда 600 мың қазақстандық жас бүгінгі кезең талап етіп отырған халықаралық сұранысқа сай білім алуда. Жастар саясаты туралы арнайы қабылданған заң көп мүмкіндіктерге жол ашады. Елбасы ұсынысымен биылғы жылдың Жастар жылы деп жариялануы да тегін емес. Себебі әрбір мемлекеттің болашағы, келешектегі дамуы білімді жастарына тікелей байланысты. Премьер-Министрдің орынбасары халықаралық маңызды шараның 22 мың студент білім алатын ҚазҰУ-де өткізіліп отыруының мәнісіне тоқталды. Ең негізгісі, университеттің материалдық-техникалық базасы, оқу жоспарлары, маман дайындап отырған факультеттері халықаралық талапқа сай келеді. Келер жылы жоғары оқу орны атын иеленіп отырған ұлы ғалым әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойларының кең ауқымда аталып өтетінін де сүйіншілей жеткізді.
Жаһандық білім саммитінің өтуіне кең қолдау білдіріп, қатысушыларды меймандостықпен қарсы алған Алматы қаласы болса, шаһар әкімі Бақытжан Сағынтаев бұл маңызды басқосудың өзіндік мәні бар екеніне тоқталды. ҚазҰУ әлемнің 130-дан астам жетекші оқу орнын біріктіретін Жібек жолы университеттері Альянсының тең құрылтайшысы бола отырып, бірқатар ірі жобаны жүзеге асырды. Оның ішінде халықаралық IT технопаркін құру бойынша белсенді жұмыс атқарып келеді. QS World Wide халықаралық білім беру форумы Орталық Азияда, соның ішінде Алматыда алғаш рет өтіп отыр. Өйткені дәл осы жерде еліміздің жоғары мектебі құрылып, жақсы дамып келеді. Еліміздегі әрбір үшінші студент Алматыда оқиды. Осыдан 15 жыл бұрын қазақстандық университеттер QS University Rankings рейтингіне тұңғыш рет енді. Ол кезде Қазақстаннан бір ғана университет болса, 2019 жылға дейін 10 жоғары оқу орны рейтингке кірген, оның алтауы Алматыда орналасқан», деді қала әкімі Б.Сағынтаев.
БҰҰ тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының ғаламдық хабы болып табылатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өзіне жүктелген міндетті тиімді атқарғанын айта келіп, ректор Ғалымқайыр Мұтанов халықаралық қауымдастық үшін маңызды шараның интеграциялық білім үдерісіне тигізетін әсері туралы баяндады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атынан сөз алған қордың атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов та мұндай әлемдік ауқымдағы іс-шараның Қазақстанда өтуі елдегі жоғары білімнің озық үлгіде дамуына, отандық білім берудің экспорттық әлеуетін арттыруға, ел имиджінің оң қалыптасуына серпін беретініне назар аударды. «Біздің мақсатымыз әлеуметтік лифтілердің тиімді жүйесін құру, таланттарды қолдау, көшбасшылар дайындау болып табылады» деген ол, соңғы он жылда қордың сыйлығына 258 ғылым, мәдениет және өнер өкілдерінің ие болғанын еліміздің таланттарды қолдаудағы тиімді бағытының мысалы ретінде бөлісті.
Форумға қатысушылар есімі университетке берілген ұлы ойшылдың мәдени мұрасына арналған музейге келіп, әл-Фараби туралы құнды материалдар, әлем музейлері мен кітапханаларындағы түпнұсқа жәдігерлердің көшірмелері және заманауи Қазақстанның әлеуметтік-мәдени жаңғыруы жөніндегі ауқымды құжаттармен танысты. Университеттердің жаһандық саммиті аясында жоғары деңгейдегі тағы да бірқатар шара қатар ұйымдастырылды. Халықаралық шара үш күнге созылады. Бағдарлама шеңбері кең – пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар, іскерлік кездесулер және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою, әлемнің жетекші жоғары оқу орындары жетістіктерінің көрмесі өтеді.
Жан Садиак,
IREG Observatory академиясының профессоры, (Бельгия):
– Конференцияда өте маңызды тақырыпта баяндама жасадым. Баяндама «Төртінші өнеркәсіптік революция» деп аталады. Жалпылама осылай атағаныммен, әңгіме төркіні «жасанды зиялылар» туралы. «Жасанды зиялы» деген не, әйтпесе кім? Ол – робот, ол – коммуникациядағы жаңа технология, ол – нанотехнология. Қазір 3G телефондарын шығарып отырып, компаниялар 5G телефондары туралы ойланып отыр. Алайда 5G телефонын жасанды зиялылар ғана емес, жалпы жұрт қолдана алатындай технология ортақ бір мақсатқа тоғысуы керек. Адам жаңа технологияның оң әсерінен қорықпай, керісінше, өзі жасауға ұмтылыс танытқаны жөн. Себебі бүгінгі даму тек ірілік пен ілкімділікті ғана талап етеді. Қазір роботтар адам ағзасына күрделі оталар жасай бастады. Алдағы 25-30 жылда әлемде 800 миллион адамның жұмыссыз қалу қаупі туып тұр. Бұл – терең ойлануды қажет ететін сұрақ. Қазақстандағы басқосуда біз осындай мәселелерді талқылаймыз.
Ирина Краева,
Мәскеу мемлекеттік Лингвистика университетінің ректоры, (Ресей):
– Біздің Лингвистика университеті – ТМД елдеріне ғана емес, бүкіл әлемге Морис Тереза атындағы мемлекеттік педагогикалық Шет тілдер институты ретінде белгілі болған беделі мен абыройы жоғары оқу орны. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – біздің университеттің байырғы серіктесі. Конференция барысында жоғары білім жүйесіндегі оқытушылар мен ғалымдар үшін өте маңызды мәселелердің қозғалып отырғаны, солардың жолын бірге талқылап, шешімін де бірге әзірлейтініміз үшін қуаныштымын. Пайдалы, мазмұнға бай, пленарлық отырыстар алғашқы күні-ақ басталып кетті. Оған әртүрлі деңгейдегі кәсіби әріптестеріміздің баяндама жасап, шеберлік сағаттарын өткізуі жаңа ғылыми бағыттар, өзекті мәселелері туралы тәжірибе жинақтап қайтуымызға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде біз 10 қазақстандық жоғары оқу орнымен бірлескен меморандум негізінде жұмыс істеп келеміз. Екі жаққа да пайдалы жемісін беретін серіктестік әрі қарай да тиімді жоспар негізінде белсенді жалғасын табатынына сенімдімін.
Нұр Қирабаев,
Ресей Халықтар достығы университетінің бірінші проректоры, профессор (Ресей):
– QS – білім жүйесіндегі ең маңызды рейтингтің бірі. Университеттердегі білім беделін дамытудың негізгі қағидалары бойынша салыстыру жүйесінің енгізілгеніне көп бола қоймаса да, бұл бәсекелестікке қазір барлық маңызды жоғары оқу орындары ынталы болып отыр. Рейтинг деңгейдің қандай екенін және қайда, қалай бағыт алатынын анықтауға мүмкіндік беретін ең қатал көрсеткіш. Менің байқауымша, соңғы бес жылда қазақстандық білім жүйесі өте белсенді дамып келеді. Егер жаңылыспасам, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – әлемдік рейтингте 207-орында. Сол себепті халықаралық брендке айналған элиталық оқу орындарының ізінен еріп, арасынан табылғаны үшін Қазақстан мақтануы керек. Ғылымның дамуы үшін шекара белгіленбеген, ол үңгіген сайын тереңіне тарта беретін шетсіз-шексіз әлем. Бұл дегеніміз – халықаралық тәжірибе, халықаралық жобалар, халықаралық байланыстар.
АЛМАТЫ