Саясат • 20 Қыркүйек, 2019

Қазақстан – Қытай: жаңа кезең

34 реткөрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапарына орай ортаға салынар ойлар

Әріптестік бастауы

Тәуелсіз мемлекеттігіміздің Туы көтеріліп, әлемнің алыс-жақын мемле­кеттерімен дипломатиялық қарым-қатынас орната бастаған тарихи 1991 жылдың желтоқсанынан бері біз үшін кезек күттірмес ең маңызды деген мақ­сат, мүдделердің алдыңғы қатарында көршілес, шекаралас елдермен сенімді, өзара түсіністік пен сыйласымдық, терезесі тең әріптестік қатынас қалып­тастыру міндеттері тұрғаны белгілі. Сол – бір жағынан ғасырларға созылған тәуел­сіздік арманы көкірегімізге қонып, өрекпіген қуаныштан жүрегіміз толқып, болашағымызға сенім асқары асқақтап, екінші жағынан – жер бетіндегі екі жүзге жуық мемлекеттің шаңында қалып қоймаймыз ба деген күдікке де бой алдырып, ізденіп, арпалысып жүрген алғашқы апталарда-ақ ежелгі Қытай біздің тәуелсіздігімізді мойындап, тілектестік, достық, әріптестік қолын созғаны да дәл бүгінгідей жадымызда.

Тәуелсіздігіміз жария болған күннен екі жұма өтер-өтпес 1992 жыл­дың 3 қаңтарында Қазақстанға ҚХР Пре­мьерінің бірінші орынбасары, ҚКП Ор­талық Комитеті Саяси Бюросы Тұрақты коми­тетінің мүшесі, яғни елдегі ең жоғар­ғы саяси билік жүргізетін жеті тұлғаның бірі Ли Ланьцин арнайы сапармен келіп, Қытай елінің, Үкіметінің құттықтауын жеткізіп, дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойып, осы уақытқа дейін бізге жабық болған Қытай елінің қақпасын ашты.

Бұл мақаламызда екіжақты қарым-қатынастың тарихын талдау мақсат емес. Тек жаңа дәуірдегі бұрын-соңды тари­хы­­мызда болмаған кейбір маңызды ша­ра­­ларды тәуелсіздік құдіреті мен қадір- қа­сие­­тінің арқасында көріп жүргенімізді ес­тен шығармауымыз үшін бір сәт еске алу.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз мемлекеттігіміздің алғашқы күн­дерінде-ақ еліміздің дүниежүзілік қоғамдастыққа толыққанды мүше болу шаралары мен бағыттарын белгілеп, сыртқы саясат тұжырымдамасын бекіт­ті. Сол тұжырымдамада айқын басым­дық­ты көршілес, шекаралас мемлекеттер­мен бей­біт қарым-қатынас орнатып, жа­сам­паздық жолымен даму көрсеткіштерін ай­қын­дап, келісімге қол жеткізуге маңыз берді.

Қазақстан-Қытай көршілігі ежелгі тереңдіктен бастау алады. Сондай-ақ ғасырлар қойнауында жақсы күндер де, күреңіткен қайшы күндер де баршылық. Ол – тарихтың үлесінде. Тарихтан сабақ алу – парыз. Ол болашақ үшін қажет. Өткен заманның қателіктері мен қайшылықтарына қайта ұрынбай, болашақтың жарқын күндеріне ұмтылу арқылы ел боламыз, ұлы өркендеудің шаңында қалмай, сананың озығында, тым болмаса бел ортасында жүреміз.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай әріптестерімен бірінші кездесуінен бас­тап жүргізген келіссөздерінің ұстанымы осылай болды. Қытай жағы оны түсініс­тікпен әрі айрықша сыйластықпен қабыл­дады. Дипломатиялық қарым-қатынас орна­тылған 90-жылдардың басынан бастап осы күнге дейін екі ел арасындағы достық, әріптестік, жасампаздыққа мақсат­талған 150-ден аса келісім, шарт­тар қабылданып, қажетті құқықтық келі­сімдік база жасалды.

Қытай мемлекеті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Азиядағы өзара ықпал­дас­тық және сенім шаралары (АӨСШК), Шан­хай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) сияқ­ты ықпалды халықаралық жобаларын қолдап, белсенді мүшесі болып келеді.

Екіжақты достық қатынастың игіліктері

Ең алғашқы жылдардан басталған мемлекеттер басшылары дәрежесіндегі ресми сапарлардың аясы кеңейіп, кездесулер жиілеп, жақсы дәстүрге айналды. Сауда-экономикалық қатынасы­мызды екі елдің игілігіне жаратуды көздейтін үкіметаралық комиссия белсенді жұмыс істейді. Осындай жиі әрі тиімді қатынас нәтижесінде көршілес екі мемлекет арасындағы сауда көлемі небәрі 100 мың АҚШ долларынан бас­талып, бүгіндері 12 миллиард долларға жетті. Біздің экономикамызға құйылған Қытай инвестициясы 7 миллиард доллардан асып, жұмыс орындары ашылып, еліміздің экономикасының өсуіне оң ықпалын тигізіп келеді. Алматы облысының шекаралық Жаркент аумағында Қорғас халықаралық сауда логистикалық орталығы, құрғақ порт, темір жол стансасы, «Нұр-кент» қаласы бой көтеріп, оған мемлекетіміздің барлық өңірлерінен дерлік жұмысшы мамандар келіп, жаңа технологиялар іске қосылып, озық талапқа сай экономика өсіп келеді. Осы Қорғастан басталған тас жолы – автобан – еліміздің алты облысының жерін – 2700 шақырымға жалғастырып жүк тасымалдауда бұрын болмаған мүмкіндік ашты.

Үш жылға жуық салынған, қазақ жерін Шығыстан Батысқа жалғаған жол құрылысында кезінде өңірлерде екі жүз мыңға жуық жұмыс орындары ашылып, онда біздің жұмысшылар еңбек етіп, табыс тапты. Жолдың игілігін алдымен өз еліміз көріп отыр.

Біздің Батыс өңірлерінен тартылған мұнай, газ құбырлары да ел тұрмысының сапасын көтерді.

Біздің жақтың бастамашылдығымен Қытайдағы қазақтардың құқықтық, әлеуметтік жағдайын жақсартуда ізгі шаралар жүзеге асырылды. Оларға білім алу, қызмет істеу жолдарында тек Шынжаң өлкесі емес, Қытайдың кез келген өңірінде өмір сүруге кеңшілік жасалды. Елдің астанасы Бейжің қаласында, орталық құзіретті орындарда қазақтардың саны көбейді. Қазақстанға соңғы жиырма жылда 100 мыңнан аса бауырластар тұрақты мекенге көшті. Мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас жиіледі. Екі елде мәдениет, өнер күндерін, кітап көрмелерін өткізу жақсы дәстүрге айналды. Бейжің қаласында Орталық телерадио құрамында бүкіл Қытайға таралатын қазақ тілінде радио торабы жұмыс істейді.

90-жылдардың екінші жартысында оқу министрліктерінің келісімшартымен жоғары оқу орындарында 20 студент қана алмасып оқитынға қол жеткізсек, қазір Қытай жоғарғы оқу орындарында біздің бес мыңнан астам балаларымыз білім алып, қытай тілін, олардың көп салалы жаңа технологияларын оқып, болашақ қамын ойласып жүр.

Қытай сондай-ақ қауіпсіздік сала­сындағы сенімді серіктес, әріптесіміз.

Ресми Қытаймен достық өзара түсі­ніс­тік қарым-қатынас қалыптастырып, орнық­тыру арқылы біздің еліміздің мүд­десіндегі көптеген нәтижелерге қол жеткізе аламыз.

Солардың қатарында ең маңызды мем­лекеттік құндылықтарымыздың бір­ден бірі, тәуелсіздігіміздің басты рәмізі – мемлекеттік шекара десек, дәл осы шекаралық келіссөздер тек қана бейбіт, тату көршілік, өзара түсіністік әрі достық жағдайында ғана мүмкін болғандығын біліп жүргеннің артығы болмас.

Біздің көршілес елдермен шартты шекара болуы болған, бірақ ол тәуел­сіз­дігімізге дейін қажетті құжаттармен рәсімделмеген. ХІХ ғасырда қазақ жерінің үстімен өткен шекаралық келісімдер қазақ елі Ресей құрамында болғандықтан Ресей мен Қытай арасында қазақ жерімен жүргізілгеніне көп адам мән бере бермейді.

1992-2000 жылдар аралығында Нұрсұлтан Назарбаев Қытай басшыларымен жүргізген келіссөздерінде үнемі, үзбей, шекара, қытайдағы қазақтар, олардың Қазақстанға келгісі келетіндеріне еркіндік беру, шекаралық өзендер су ресурстарын тең пайдалану мәселелерін күн тәртібіне қойып, оның, ұлт, мемлекет мүддесінде әділ шешімін табуға орасан еңбек сіңірді. Сол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сыртқы істер министрінің орынбасары, министр лауазымында осы мәселелердің шешілуіне барынша біліктілікпен атсалысты.

Қытай жағы басқа елдердегідей мемлекеттер арасындағы байланысқа аса жоғары жауапкершілікпен қарай отырып, соның ауанында адами қатынасқа, әңгіме кезінде лауазымды адамдардың білім деңгейіне әдептілікпен үңіліп, сезініп, бағалауға да бейім. Біліп айтылған сөзді, дәлелді деректі құнттайды. Жеке лауазымды тұлғалардың өзара сыйластығына құрметпен қарайды. Жаңа мезгілдегі жаңа кездесулерде міндетті түрде осыдан бұрынғы қарым-қатынасқа қысқаша тоқталып, енді алдағы кезеңдердің маңыздылығы мен жаңа әрекеттердің қажеттілігіне айрықша тоқталады. Осы сапарда да қытай жағы барлық келіссөздер болсын, бизнес форум немесе қоғамдық ғылымдар академиясындағы сөздер болсын, қазақ Елінің Елбасы, Тұңғыш Президенттің екі жақты қатынастың жемісті болуына сіңірген еңбегін атап өтуден айнымай, Қ.Тоқаевтың сол жемісті жылдарды зор табыспен жалғастыратынына сенім білдірді.

Міне, осы, тағы басқа жақсылықтарды айтатын толық мүмкіндігіміз бар. Олар қол жеткізілген жетістіктер. Ендігі мақсат, межелер болашақта.

Қ.К.Тоқаевтың көрші елге Президент дәрежесіндегі тұңғыш сапары негізінен осылай пайымдауды көздегені анық.

Даму кепілі – келісім

Қазақстан Республикасының екінші Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көршілес Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапарын үш жүзден астам бизнес адамдары қатынасқан Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің кезекті отырысына қатынасып, сөз сөйлеуден бастады. Ол жиыннан БАҚ-тарда жан-жақты талдау-хабарлар жеткілікті берілді. Қосымша айтпағымыз – Президент өз сөзінде Қазақстан-Қытай қатынасының жаңа кезеңі басталатынына, осыған дейінгі қол жеткізген жетістіктердің еліміздің сауда-экономикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізгеніне, әлі де көптеген мүмкіндіктерді пайдалана алмай жүргенімізге назар аударды. Өндірісте, көптеген тұрмыс сұраныстарына қажетті өнімдер өндіруде, жаңа технологияларды кеңінен өрістету жолында бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағдарламаларын қарауға да мән берілді. Қазақстанда шығарылатын ауылшаруашылық тауарларының жоғары сапалы өнімдері іргелес елдің тұтынушыларын қызықтыратыны да сөз болды. Бізде көптеген шикізат өнімі технологиялардан тыс қалатынын да ескертті.

Осыдан соң Қытайдың қоғамдық ғылымдар академиясында өткен, ғалым­дар, академия оқытушылары, дип­ломаттар, журналистер, студенттер, Қытай жоғарғы оқу орындарында оқып жүрген қазақстандық жастар, өнер адамдары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан кездесудегі Президент сөзі де тыңдаушылардың жылы ықыласымен қарсы алынды. Бұл жерде екі жақты гуманитарлық қарым-қатынас болашағы, әсіресе ішкі-сыртқы туризмді, оқу орындарында білім алып жүрген жастар қатарын көбейту – көршілес елдер әріптестігіне оң ықпалын тигізері сөз болды.

Осы екі үлкен аудиторияда да Президент сөзінің басында барған елге құрмет көрсетіп, қытай тілінде амандық саулық рәсімін жасаған соң, барлық баяндамаларын көсілген қазақ тілінде жасады. Қытай, ағылшын тілдерінде ілеспе (синхронды) аударма болды. Жұрт қазақ басшысының сөзін мұқият тыңдап, зор ықылас, қызығушылық көрсетті. Жиыннан соң академия профессорлары біздің Президентімізге сәлемдесіп, лекция, баяндамасына жоғары баға берді. Әңгіме барысында, салиқалы, жылы жүзді ақсақал келіп сәлем бергенде Қасым-Жомарт Кемелұлы ол кісіні бірден танып, екеуі жайма-шуақ дидарласып, әңгімелесті. Кезінде Қытайдың дипломатиялық академиясында лекция оқыған ұстаздарының бірі екен.

Сондай-ақ Президент осындай жылы шырайлы әсерлі кездесуді Қытайдың Қазақстандағы елшісі болған, Қытай Орталық билігінде лауазымды қызметтер атқарып, Қазақстанмен достық, тату көршілік қатынастар орнатуға тікелей үлес қосқан Дай Бинго, Чжан Дэгуан, Ли Хуэй, Чжоу Сяопей, Яо Пэйшен, Чэн Гопин, Чэнь Ди тағы басқа Қытай азаматтарымен өткізді. Жас дипломат кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы олардың көпшілігімен әріптес болған екен. Қытайда елші болған Икрам Адыр­беков екеуіміз де Қазақстан жағынан Президент жанында осындай адами кездесуге қатынасу құрметіне ие болдық.

Әрине Президенттің Қытайға мем­лекеттік сапарының ең жоғары дәрежелі шарасы – ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің біздің Президентті Тяньань­мэн алаңында салтанатты қарсы алуы және сол рәсімнен кейінгі келіс­сөздері.

Алдымен мынандай алып елдің атшаптырым апайтөс алаңының төрінде сол елдің басшысы сенің еліңнің басшысынан алаңға бұрын келіп, қарсы алып, сенің Мемлекеттік Гимнің орындалып, сенің еліңнің басшысының құрметіне 21 рет зеңбіректерден отшашу (салют) беріліп жатса – сенің еліңе деген құрмет емес пе?!

Міне, Тәуелсіз Мемлекет құдіреті!

Осындай құрмет рәсімінен кейін екі делегацияның толық құрамы қатынасқан кең ауқымды келіссөздер жүргізілді. Ол келіссөздердің мазмұны БАҚ-тарда жарияланып, әлденеше рет негізгі телеарналардан көрсетілді. Сондықтан оның бәрін қайталап жатудың мәнісі жоқ. Тек, кейбір маңыздыларына тоқталып өткен жөн болар.

Біріншіден, Қ.Тоқаевтың мемле­кеттік сапары көптен күтілген әрі екіжақты қатынасқа жаңа тыныс берген дер кезінде өткізілген сапар болды.

Екіншіден, бұл сапар Қазақстан-Қытай әріптестігінің жаңа кезеңін бас­тады.

Үшіншіден, сапар барысында тараптар осыған дейін жүргізілген қарым-қатынас саясатының сабақтастығын тиянақтап, оның болашақта тиімді боларына кепілдік берген сапар болды.

Төртіншіден, екі Президент қол қой­ған мәңгілік стратегиялық әріп­тестік, тату көршілік, көп салалы қа­рым-қатынасты дамыту туралы жаңа мәлім­деме қабылданды.

Бесіншіден, «Нұрлы жол» және «Бір белдеу – бір жол» экономикалық қаты­насты жаңа сапаға көтеру межеге алын­ды. Осы жолда ІТ технология парк­терінің жұмысын жолға қоюға ықпал ету күшейеді.

Алтыншыдан, шекаралық, кедендік, ветеринарлық-санитарлық талаптар сапа­сын жақсарту арқылы екіжақты қаты­насқа жаңа мүмкіндіктер ашылады.

Жетіншіден, мәдени-гуманитарлық қа­рым-қатынасты, туризмді дамытуға, оның инфрақұрылымының жаңа талапқа сай жабдықталуына қамқорлық жасалады.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Пре­зи­денті Қ.Тоқаевтың Қытайға бірінші ресми сапары болашақ қарама-қайшы құбылыстар тұсында бағытынан жазбай, бірқалыпты даму келісімінің нәтижелі сапары болды.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты

 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ең қысқа әңгіме. Қанат Әбілқайыр

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 11:33

Ең қысқа әңгіме. Арман Әлменбет

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 11:26

Күлкі керуені № 2

Руханият • Бүгін, 10:27

Қылқаламның ұшында – Қарағанды

Руханият • Бүгін, 09:48

«Қоянқасқа» тұлпар топ жарды

Руханият • Бүгін, 09:11

Қазақ дастарқанынан дәм татты

Аймақтар • Бүгін, 09:03

Баянғали туралы баян

Руханият • Бүгін, 08:52

Жаңа аялдамаға жаны қас

Аймақтар • Бүгін, 08:31

Жаңаөзенде жаңа жоба басталды

Аймақтар • Бүгін, 08:24

Тағзым мен тағылым тоғысқан той

Руханият • Бүгін, 08:19

Экономикада тұрақты өсім бар

Экономика • Бүгін, 08:06

Краудфандинг қазаққа да жат емес

Қазақстан • Бүгін, 08:00

Ұқсас жаңалықтар