Қоғам • 20 Қыркүйек, 2019

Бұқара қамын ойлаған басшы

423 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудан кейін ресми қызметіне кіріскеніне жүз күн толды. Әрине жүз күн тарих үшін қас-қағым ғана сәт. Бірақ адам баласы жүз күнде көктемде еккен егінінің піскенін, төлдерінің марқаға айналғанын көреді. Демек әр сәтті бағалай білген адам үшін жүз күн немесе бір тоқсан да аз уақыт емес. Сол себепті Президенттің 100 күнін шолып шықпаққа бекіндік. Алайда әңгімені тек әлеуметтік мәселелер тұрғысынан өрбітпек ниеттеміз. Өйткені қазақстандықтар үшін бүгінгінің ең өзекті мәселелері әлеуметтік салада жатыр. Азық-түлік бағасы да, жалақы да, білім беру мен денсаулық сақтау да қысқасы бұқараның күнкөрісіне тікелей қатысы бар дүниелердің барлығы осы «әлеуметтік сала» дейтін кең ауқымды ұғымға сыйып кетеді.

Бұқара қамын ойлаған басшы

Ол әу бастан бұқара мен би­­лік­тің арасында шыңырау қа­лыптаса бастағанын жақсы білді. Оның көп мәселеден хабардар екенін, әлгі шыңырауды сезіп жүргенін біз twitter-дегі жазбаларынан байқайтынбыз. Әрі оның аккаунты фейк емес екенін де білетінбіз. «Япыр-ау, мына кісі жоғары қызметте отырса да бұ­қара қызу талқылап жатқан дүниелерді біліп отырады екен ғой» дейтінбіз іштей. Кейін оның бұл дағдысы мемлекет басқару ісіне кіріскен соң бұқара мен биліктің арасындағы алшақтықты азайтуға қызмет ете бастады. Ал өзі Президент ретінде ұстанатын басым бағыттарының бірі етіп әлеуметтік мәселелерді шешуді таңдады.

Еліміз Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Респуб­ликасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­­меттік мемлекет ретінде ор­нық­тырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адам­ның өмірі, құқықтары мен бос­тандықтары» деп жазылған. Бұл дегеніңіз біздің ел өз мүм­кіндігіне қарай азаматтардың жақ­сы өмір сүруіне жағдай жасау­ға, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға міндеттеме алатын мем­лекет болуды көздейтінін біл­діреді. Конституциялық ке­ңес біз сөз еткен бапты осылай түсіндірген. Одан бөлек Конс­­титуцияның бірқатар өзге бап­тары да «әлеуметтік мем­лекет» қалыптастыруға ық­пал етуі тиіс. Атап айтқанда жұ­мыс­­сыздықты азайтуға, әлеу­меттік қамсыздандыруға, зей­нетақы төлеуге, білім алуға, ден­саулық сақтауға, отбасын, ана мен әкені, баланы қорғауға, аза­­мат­тарды мүмкіндігіне қарай тұр­ғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға мемлекет міндетті. Әрине мемлекет бұл бағытта қыруар шаруа тын­дырғаны да белгілі. Бі­рақ соңғы жылдары халықтың әлеуметтік жағдайының төмен­дегені рас. Содан да болар Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев мұны ескере отырып, биылғы ақпан айында өткен Nur Otan партиясының XVIII съезінде халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау мәселесіне айрықша назар аударған болатын. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрмен қарай жалғастырып әкетті. Сөйтіп мемлекеттің халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған саясатына тың серпін берген жайы бар. Шынымен «әлеуметтік мемлекет» құруға бел ше­ше кіріскен сыңайлы. Мақсат – халқының қарны тоқ, көйлегі көк, экономикасы дамыған мемлекет қалыптастыру.

Әу баста Қ.Тоқаев өзінің сай­­­­­­­­­лауалды тұғырнамасын «Игі­­лік баршаға! Сабақтастық. Әділ­­­дік. Өрлеу» деп атаған еді. Президенттің сайлауалды тұ­ғырнамасындағы басымдықтар да әлеуметтік салаға берілген болатын. Тұғырнамада мемлекет әлеуметтік саланы дамытуға қосымша 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлетіні айтылған. Ал бір ғана денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалатын шығынды тұрақты негізде арттырып, ІЖӨ-нің 5%-ына дейін жеткізу көзделген. Аз қамтылған, көп балалы отбасылар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынуын қамтамасыз ету, 2023 жылға дейін еліміздің барлық өңіріндегі студенттік жатақханалар санын үш есеге көбейту мақсаттары да бар. Айта берсек, тікелей бұқа­раның әлеуметтік жағ­да­йының жақсаруына ықпал ететін мақсаттар көзделген-ді. Кейін Қ.Тоқаев сайлауалды тұ­ғырнамасында айтылмаса да, ел үшін өзекті саналатын бір­қатар мәселелерді шешуді де қолға алды. Сөйтіп әлеуметтік мәселелерді шешу біздің мем­лекеттік саясаттың басым бағыт­тарының біріне айналғанын көр­сетті. Мәселен, азаматтар алған несиелерінің бір бөлігін кешіру мәселесі Президенттің сайлауалды тұғырнамасында жоқ, бірақ қоғам үшін өте өзекті мәселе еді. Қ.Тоқаев осы бастама арқылы ха­лыққа айрықша қолдау жасады.

Рас, бұрын бұл мәселе туралы қоғам белсенділері ішін­ара айтып қалатын. Алайда аза­мат­тардың несиесін кешіруге қатысты билік ешқандай емеурін байқатпаған-ды. Сөйтіп жүргенде маусымда Президенттің Жар­лығы шықты. Осылайша елі­мізде алғаш һәм соңғы рет азамат­тардың несиелерін кешіру шарасы басталды. Қыркүйекте бас­талған шара кезінде көп балалы, әлеуметтік жағдайы нашар от­басылардың тұтынушылық несиелерінің біраз бөлігі жабылды. Білетіндер 500 мың адамның несиесінің бір бөлігін мемлекет өтеп бергенін айтады. Халық бұған дән риза. Оған Қ.Тоқаевтың әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарын шолып шыққан адамның көзі айқын жетеді. Сол күндері бұқараның Президентке деген алғысы мен ықыласы зор болды. Себебі бұл шара елдегі несие алушыларға үлкен көмек болғаны мәлім. Ал біздің елде мойнында несиесі бар адамдардың саны Ұлттық банктің есебі бойынша 5 млн-ға, тәуелсіз сарапшылардың деректеріне қарағанда 6.3 млн-ға жеткен. Оның 1,5 млн-ы не­­сиелерін уақытында өтей алма­ғандар қатарына кірген. Ал отан­­дастарымыздың банктерден алған несиелерінің жалпы со­масы 4 трлн теңгеге жетіпті. Міне, дәл осындай күрделі жағ­дай қалыптасқанын ескере отырып Президент азаматтарға бір рет мемлекет тарапынан жәр­­дем жасауға бекінсе керек. Одан бөлек Президент алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің жа­лақысы 2 есе өсетінін айтқан-ды. Сөйтіп 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайыз өсетін болды. Әрі қарай кезең-кезеңімен жалғаса береді. Президент қазақтың «аш бала тоқ баладай ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» дейтін (танымал мақал «Еңбекші қазақ» газетінің 1921 жылғы сандарының бірінде осылай жазылыпты) мақалының бүгінде өте өзекті екенін сезіп отырса керек. Әлеуметтік мәселе шешілмей өзге шаруалардың оңала қоюы қиын екенін түсінген адамның әрекеті бұл.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ха­лықпен кері байланыс ор­натудың маңызын ешқашан назардан тыс қалдырмағаны байқалып тұрады. Оны Прези­дент­тің ел халқына арнаған ал­ғаш­қы Жолдауы да айғақтайды. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» деген еді Президент. Ал өзі мемлекет басқару ісіне кіріскеннен бері еліміздің барлық аймақтарын аралап шықты. Елдегі кез келген мәселені на­зар­­дан тыс қалдырмауға тырысып келеді. Президенттің twitter ак­каунтын шолып шыққан адам оның елдегі әрбір оқиғаға бей-жай қарамайтынын көреді. Табысқа жеткен жас баланы да, арызын айтқан жасамысты да тыңдайтынын байқайсыз. Мар­қакөлде браконьерлердің сайран салып жүргенін де twitter-де жазып, тиісті құрылымдарға тапсырма берген-ді. Нәтижесінде табиғатты тонап жүрген браконьерлер тұтқындалғаны бар. Жақында Қытайға жаса­ған мемлекеттік сапарында бір­неше жыл бұрын сол ел­де тұтқындалған отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың тағ­ды­рына қатысты мәселені көтеріп, көрші елдің басшыларына жеке өтініш айтқаны бар. Бұл да бұқараның көңіліндегі дү­ниелерді дөп басатынын байқатады. Басылымдар мен интернет ресурстарында жа­рық көрген материалдарды бөлісіп, лебіз білдіріп отыратыны да Президенттің заманауи коммуникация құралдарын бұқарамен байланыс үшін тиімді пайдаланатынының белгісі. Әрі сайлауда өзіне дауыс беріп, қолдаған халқының игілігі үшін қызмет ету жауапкершілігін сезінудің көрінісі. Бұл − бұқарасын соңынан ерту үшін аса маңызды қасиет. «Артынан елі ермеген басшы – басшы бола алмайды. Басшының артынан ермеген ел – ел бола алмайды. Құдайға шүкір, әзір басы аман, малы түгел еліміз де бар, ел қамын ойлап, тура бастарлық еріміз де бар» депті Жүсіпбек Аймауытұлы осыдан бір ғасыр бұрын. Біздің тақырып ретінде ұлт зиялысының сөзін таңдауымыздың сыры осында.