Руханият • 20 Қыркүйек, 2019

Шахмардан тербелген талбесік

530 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бесік – өмірге жаңа келген нәрестенің анасының құшағынан кейінгі жылы ұясы. Періште-сәбидің ақ отауы! Ат үстінде жүріп елін қорғаған батыр қазақтың асыл бұйымы. Қазақтар бесікті қарағайдан, қайыңнан, көбіне талдан жасайды. Бесікті «талбесік» деп атаудың сыры осында. Ыңғайлы етіп қиюластырған бұл дүние көшіп-қону жағдайында да тіршілікке қолайлы. Оны ат үстінде ердің алдына алып та, түйе үстіндегі қоршау ішіне де артып та жүре береді. М.Әуезов кезінде «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөзінің мән-мағынасы да терең.

Шахмардан тербелген талбесік

Еліміздің ғылымына өлшеу­сіз үлес қосқан, 33 жасында министр дәрежесіне көтерілген, Қазақстан ғылым академиясын басқарған Шахмардан Есенов мұқым қазақтың мақтанышы. Жуырда атақты ғалымның дү­ниеге келген кезінде бөленген бесігі табылды. Оған ие болып, осы күнге дейін көзінің қа­рашығындай сақтап келген Шиелі ауданы Алғабас ау­лы­ның тұрғыны Кенжегүл апамыз екен.

...Бір мың тоғыз жүз алпы­сыншы жылдардың бас кезін­де ағайынды Шәймерден, Ақ­берген бір аулада тұратын-ды. Үлкені колхоз жұмысында болса, кішісі мектепте мұғалім. Ол кезде шешелері Нағи әжеміз бар. Шәймерденнің Пісте апамыздан Тұрсын есімді қызы мектепке дейінгі жаста да, Ақ­бергеннің Кенжегүлмен енді бас құраған кезі. – Бір күні екі жеңіл көлік сырғып келіп, есік алдына тоқтай қалды. Аудан басшылары құрметтеп, бір әйел кісіге жолбасшылық жасап жүрді. – Бұл келген Шәрипа апамыз екен. Шахмардан Есеновтің ше­шесі. Біздің атамызға ата­лас туыс болып келеді. Өйт­кені енеміз: «Ілгеріде осы Шәрипаны Жорабекке ұза­тып едік», дегенді жиі айтып, әңгімелеп отыратын-ды. Атақты кісіні өмірге әкеліп, ақ сүтін берген апамыз ұзын бойлы, әдеміше келген, жасы алпысқа жақындаса да «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей келісті кісі көрінді. Бір көргеннен жақын тартатын жылышырайлылығы есімде қалыпты. Үстінде ақ көйлегі мен өрнекті қара қам­золы бар, – деп еске алады Кен­жегүл Әлмаханқызы.

 Осы оқиға баяндалып отыр­ған мерзімнің нақты уақы­ты – 1961 жылдың қара күзі. Шахмардан Есеновтің Гео­логия министрі кезі. Ол кезде Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов болса, аудандық атқару комитетінің төрағасы Қонысбек Қазантаев. Ал «Ленин» колхозының төр­ағасы Әзімхан Исмайлов болатын. Шәрипа апамыз елге қыдырыстап келіп, туыс ағасы Садықтың үйінде болуды қа­лаған секілді. Аудан басшылары колхоз төрағасының жеңіл көлігін бір аптаға босатып беріп, жанына жауапты адамдарды да қосып береді. Ғалымның анасы туған өлкесін армансыз аралайды. Тіріге – сәлем, өлгенге бата жасайды. Әйтеуір күнде қонаққа ша­қы­рушылар қатары мол болыпты..

– Шәрипа апамыз қайта­дан жолға шығарында Шәй­мерден көкеге: «Ауылда бая­ғы Шахмардан жатқан бесігі сақтаулы. Соны алып келіп ба­лаларыңды бөлеңдер, Тұрсын қызыңның соңынан басқа да кішкенелер ерсін, бәрі де өскен соң, Шахмарданым секілді елге белгілі азамат болсын!», деп батасын беріпті. Мұны кейіннен үлкендерден естідік қой, біз босағаны жаңадан аттаған жас келінбіз, көп нәрсені түсіне бермейтін кезіміз емес пе, – деп еске алады Кенжегүл апа.

Содан қыстың бір күні Шәй­­мерден Тартоғайға атпен барып, қолдан жасалған, сырты түрлі қазақы оюмен өр­нек­телген әлгі бесікті алдына өң­геріп алып келеді. Аузы дуа­лы апаның айтқаны келіп, жас келін ұзамай босанады да, сәбидің есімін Арнауыт қо­йып, әлгі бесікке бөлейді. Бұл 1962 жылдың 23 науры­зы болатын. Сонан кейін де Шахмардандай марқасқа жат­қан құт бесікте тағы да се­гіз бала, кейінен олардың кіш­кенелері бөленіп, бәрі де тәй-тәй басып кетеді. Арнауыттан соң Алма, Гүли, Алуа, Фарида, Мейрам, Әнуар, Зәкира, Ернар бәрі де баяғы апалары берген батаның Алланың құлағына ша­­лынғаны шығар, бәрі де жо­ғары оқу орнын бітіріп, бірі Нұр-Сұлтан, бірі Алматы, басқа да облыс орталығында тәуір қызметтер істеп жүр. Олар­дың балаларының өзі отыз жас­ты орталап толысқан азамат­тар. Біз сөз етіп отырған ша­ңы­­рақтың ең кенжесі Ер­нар ғылым жолына түсіп, бел­гілі биік­терді бағындырып үл­герді. Ол астанадағы медици­на ака­демиясының кафедра меңге­рушісі. Баяғы алғаш бе­сікке бө­ленген Арнауыт болса, Шиелі теміржолында өрт сөндіру по­йы­зының бастығы. Ортасына сыйлы, мәмілеге мы­ғым жігіт. Бұл баланы Шәй­мер­ден мен Пісте апамыз бауырына басқан. Сон­дықтан да ауыл­дағылар оны Шә­кеңнің ұлы деуінен әлі күнге жаңы­лысқан емес.

– «Жақсыдан – шарапат» де­ген рас екен, Шахмардан аға жатқан құтбесік бізге де құт­ты болды. Шәрипа апаның мейі­рімін салған Жаратушыға ризамын. Отағасы да мектепте абы­ройлы қызмет етті, өзім де ша­­мам келгенше жұ­мыс істедім. Өсіп-өніп жатыр­мыз. Шүкір!– дейді біздің бү­гінгі кейіпкеріміз Кенжегүл Әлімханқызы. Атақты ғалым тербетілген талбесік бү­гінде Шие­лі аудандық өлкетану му­зейіне тапсырылып, осында келушілердің көзайымына айналды.

Нұрмахан ЕЛТАЙ

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы

 

Суретте:

Кенжегүл апа мен ғалым жатқан бесік.