Қазақстан • 20 Қыркүйек, 2019

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлына Алматыдан көше берілді

528 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған іс-шаралар шеруі Алматыдан бастау алды. Қаланың тау беткейі тұсындағы Каблукова көшесі енді Әбіш Кекілбайұлының есімімен аталатын болады. Қарасөздің хас шеберін мәңгілік есте қалдыру шарасына жиналған зиялылар мен туған жерінен, алыс-жақын аймақтардан келген қауымның қарасы қалың болды. Олардың бәрі де шаһардағы ұзын әрі көрікті көшенің лайықты иесін тапқанына қуаныш білдірді. Көшенің ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан жазушының есімін ұлықтаудың маңызын атап өтті.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлына Алматыдан көше берілді

«Бүгінгі шараның Алматы қаласында өтуінің маңызы зор. Ұлы жазушы бозбала шағында осында келіп, өмірінің ең бақытты да мағыналы шақтарын осы Алматы қаласында өткізді. Жазушылық өнердің, суреткерлік шеберліктің шыңына шықты. Мемлекеттік қызмет пен саясат сахнасында жасындай жарқылдап, сөз бастар шешенге, ой тастар көсемге айналды. «Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ» дейтін Әбіш Кекілбаевтың сөзінде де, шығармашылығында да жасандылық болған жоқ. Әбіш шығармаларын оқи отырып, қазақ деген халықтың ұлттық мінезін, мәдениетінің сан қырлы қатпарын жазбай тануға болады. Ол туындылар ұлт тарихының жылнамасындай, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғам мен заманның тынысындай болды»,– деді Бақытжан Сағынтаев.

Өзен жағасында орналасқан көшеге көрік берген көрнекті тұлға туралы белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұхаметқали, Мереке Құлкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, желаяқ спортшы Әмен Тұяқов сынды замандастары, жары Клара Жұмабаева жылы естеліктерімен бөлісті.