Руханият • 20 Қыркүйек, 2019

Әбіш Кекілбайұлы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

454 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы есімін ұлықтауда зиялы қауым мен алматылықтар тағы бір тарихи сәттің куәсі болды. Шаһардың орталық көшелерінің біріне Әбіш Кекілбайұлының есімі берілсе, шара аяқтала сала, заңғар жазушының қырық жыл өмірі өткен, табанының ізі қалған қарашаңырағы орналасқан Н.Назарбаев, 118 көшесіне қарай шұбырды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев және Алматы қаласы мәслихатының шешімімен көрнекті қаламгерді мәңгі есте қалдыру мақсатында ол тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды. Рәсімге келген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров әдебиет пен елге қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп кеткен қайраткердің жан-жақты еңбегін еске алып, баға берді.

Әбіш Кекілбайұлы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Үш қабатты еңселі үйдің алдында тұрып алғаш болып сөз алған заңғар жазушының рухани ағасы, қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов тебірентерлік естелік айтты. «Бүгін біз қазақ халқының теңдесі жоқ сүйікті ұлы Әбіш Кекілбайұлы тұрған үйдің алдында бас қосып тұрмыз. Бұл үй барша халқымыз үшін орны бөлек тарихи үй. Бұл – Әбіштің шаңырақ көтеріп, ұрпағы өсіп, өрісі кеңіген үйі. Ол кезде Әбіш жас, анасы Ай-апа тың, осында қан майданда қаза тапқан Кекілбайдың ұрпағы бірінен кейін бірі дүниеге келді. Әбіштің алғашқы өлеңдер жинағы да, тұңғыш прозалық туындылары топтасқан «Бір шөкім бұлт» та, «Шыңырау», «Аңыздың ақыры» да осы үйде дүниеге келді. Танымы терең, зердесі биік жас Әбіштің қазақ әдебиетіндегі құбылыс болып қалыптасуына да, ұлы жазушы болып танылуына да осы үй куә», деді қарт қаламгер Ә.Нұрпейісов толқып тұрып.

Ескерткіш тақтаның бетін бүркеген ақ шымылдықты Ә.Нұрпейісов, жары Клара Жұмабаева, қаламдас достары Төлек Әбдік, Қажығали Мұхаметқали түсірді. Іздеп келген жолдастарына, құрметтеп шақырған ағаларына, ізінен ерген інілеріне қонақжай үй иесі ретінде есігін өзі ашып, құшағын жая қарсы алып, кішіпейіл мінез бен кісіліктің үлгісін көрсеткен тау тұлғаның есімі ешқашан көмескіленбейді. Талантқа тағзым еткен замандастары бөліскен естеліктер осылай түйінделді.