Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2019

Ақтөбелік батальондық-тактикалық топ шартты түрде қаруланған заңсыз топтың көзін жойды

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында рейдтік-іздестіру әрекеттерін пысықтау мен заңсыз қаруланған топтың көзін жою бойынша батальондық-тактикалық топтың тактикалық оқу-жаттығулары өтті. Бұл туралы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы Басқармасының баспасөз қызметінен капитан Рустем  Игисинов хабарлады.

Ақтөбелік батальондық-тактикалық топ шартты түрде қаруланған заңсыз топтың көзін жойды

Тактикалық оқу-жаттығудың алдында 30238 әскери бөлімінің батальондық-тактикалық тобы жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейіне келтіріліп, оқу-жаттығу орнына марш жасады. Оқу-жаттығуларға 400-ден астам әскери қызметшілер мен 50-ге жуық әскери техника жұмылдырылды.

Оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер шартты аумақты оқшаулау және қарсыласты ығыстыру бойынша рейдтік-іздестіру бойынша іс-қимылдарды орындап, заңсыз қаруланған жасақты оқшаулады.

Жаттығу барысында басты зейін жеке құрамның тактикалық әрекеттері мен ұрыс барысындағы қаруды дұрыс қолдана білуіне, бөлімше тапсырмасының басқарылуына бөлінді.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Жеңіс Мараловтың айтуы бойынша, тактикалық оқу-жаттығудың басты мақсаты батальондық тактикалық топтардың жауынгерлік үйлесімділігін жетілдіру және стратегиялық объектілерді қорғау мен колонналарды ілестіру бойынша іс-қимылдарды пысықтау, сонымен қоса қалады ұрыс элементтері, аймақтағы іздестіру жұмыстары мен оқшаулау әрекеттерін жетілдіру болып табылады.

Оқу-жаттығудың қортындысы бойынша 1 мотоатқыштар ротасының командирі аға лейтенант Мирас Нұрғалиев көзге түсті. Ол бағынышты жеке құрамды сенімді басқара білсе, сарбаздары тактикалық даярлықтың жоғары деңгейімен ерекшеленді.​

 

Батальондық - тактикалық топ – бұл жауынгерлік және оқу тапсырмаларды орындау мақсатында құрылатын Құрлық әскерлерінің уақытша жасағы. Тактикалық топтың негізін мотоатқыштар, танкішілер, әуе-десантшылар мен барлау бөлімшелері құрайды. Оларға қосымша күш ретінде Қарулы Күштердің басқа да бөлімшелері кіруі мүмкін.