Спорт • 22 Қыркүйек, 2019

Әлем чемпионатында Қазақ елінің әнұранын шырқатты

659 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жиырмасыншы мәрте жалауы желбірген айтулы жарыста Қазақстан құрамасы алты жүлдеге ие болды. Орал тауының етегінде өткен дүбірлі додада Бекзат Нұрдәулетов дара шықты. Қамшыбек Қоңқабаев күміс медальді мойнына ілсе, Сәкен Бибосынов (52 кило), Абылайхан Жүсіпов (69 кило), Тұрсынбай Құлахмет (75 кило) және Василий Левит (91 кило) қолаға қол созды Жалпы командалық есепте жерлестеріміз үшінші орынға табан тіреді.

Әлем чемпионатында Қазақ елінің әнұранын шырқатты

Өткенге зер салсақ, біздің жігіттер айтулы жарыста ең көп жүлдені 2013 жылы олжалаған екен. Алатау баурайындағы әсем шаһар – Алматыда ұйымдастырылған дүбірлі додада Қазақстанның сегіз былғары қолғап шебері жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, 4 алтын (Біржан Жақыпов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов және Жәнібек Әлімханұлы), 2 күміс (Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко) және 2 қола (Қайрат Ерәлиев пен Берік Әбдірахманов) медальді қоржынға салдық. Одан кейін толағай табысқа неміс жерінде қол жеткіздік. Осыдан екі жыл бұрын Германияның Гамбург қаласында жалауы жалауы желбірген әлемдік додада алты жерлесіміз өз жанкүйерлерін қуаныш пен шаттыққа бөледі (Қайрат Ералиев – алтын, Әбілхан Аманқұл мен Қамшыбек Қоңқабаев – күміс, Ержан Жомарт, Абылайхан Жүсіпов және Василий Левит – қола). Биыл да алты өреніміз жартылай финалдық межеге сүрінбей жетіп, жүлделі орындар үшін таласты. Осы орайда, бұрындары бақандай 10, ал бұл күндері бар-жоғы сегіз салмақ дәрежесі бойынша жүлделердің сарапқа салынғанын ескеру қажет. Яғни, Екатеринбургте жарыс жолына шыққан сегіз боксшымыздың алтауы елге олжалы оралды. Бұл, әрине, өте тамаша көрсеткіш!

Алғашқы айналымдардың бірінде 63 кило салмақтағы Зәкір Сафиуллин сүрінді. Бірден айта кетейік, 33 жастағы жерлесімізге жеребе жолдас болмады. Ол кубалық Энди Круспен қолғап түйістірді. Әлем чемпионы, Панамерика ойындарының екі дүркін жеңімпазы Зәкірдің алдын орады.

Ширек финалда 57 кило салмақтағы Қайрат Ералиев жеңілістің кермек дәмін татты. Негізі ол өзбекстандық Мирәзизбек Мырзахалиловтан шынайы айқаста жеңілген жоқ. Жұдырықтасып жатқанда қазақ жігітінің қабағы жарылып, жекпе-жекті төреші мерзімінен бұрын тоқтатты. Ережеге сай ондай жағдайда тартыс тоқтатылғанға дейінгі ұпай сандары есепке алынады. Біздің ойымызша, алғашқы минуттарда Мырзағали Айтжановтың шәкірті алымды көрінген секілді еді. Алайда төрешілер мүлде басқа шешім қабылдады. Соның салдарынан Қайрат бәсекені мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды.

Қазақстанның боксшылары жартылай финалдық сайыстарды сәтсіз бастады. Күндізгі бағдарламада рингке шыққан үш өреніміздің барлығы да өз қарсыластарына есе жіберді. Солардың арасынан Сәкен Бибосыновқа өкпе айтудың өзі орынсыз. Ұлттық команда сапына күні кеше ғана қосылған жас өрен бастапқы бәсекелердің бірінде Рио Олимпиадасының күміс және Гамбургте өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, колумбиялық Юберхен Мартинесті ұтып, барша жұртты қуантты. Алайда жартылай финалда Сәкеннің Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы, үндістандық Пангхал Амитке әлі жетпеді. Оны мойындамасқа лаж жоқ.

Бастапқыда үш бірдей қарсыласын бір деммен ұтқан Тұрсынбай Құлахмет шешуші тұста оңбай сүрінді. 75 кило салмақта күш сынасқан ол бірінші раундта Филиппин боксшысы Эумир Марсияльдің ауыр соққысын өткізіп алды. Төреші нокдаун белгіледі. Намысқа тырысқан қандасымыз есеқайтаруға талпынды. Бірақ ештеңе өндіре алмады. Сол ауыр соққыдан кейін оның әлі де ес жия алмай жүргені анық байқалды. Нәтижесінде Құлахмет қола медальді қанағат тұтты.

91 кило салмақтағы айқаста төрешілер тарапынан "бармақ басты, көз қысты" жағдай орын алды.  Барлық көрерменге Василий Левит эквадорлық Хулио Кастильоны жеңгендей көрінген еді. Кемінде екі раундта оның басымдығыбайқалды. Алайда ақтық айқаста жерлесімізді ресейлік Мүсілім Гаджимұратовпен жолықтырмау үшін қазылар Панамерика ойындарының үш дүркін жүлдегерінің қолын көтерді. Осындай келеңсіздік орын алған жағдайда төрешілердің шешіміне наразылық білдіріп, протест жазуға болатын еді. Осының алдында ғана Ресей құрамасының бапкерлері осындай қадамға барған. Ширек финалда аса ауыр салмақтағы орыс Максим Бабанин ағылшын Фрэйзер Эдвард Кларктан ұтылды. Бірақ қазылардың шешімімен келіспген жарыс қожайындары бірден протест берді. Ақырында бұл даулы жағдай ресейліктердің пайдасына шешілді. Ал біздің мамандар соның бәрін көре тұра жұмған ауыздарын ашпады. Арамыздан ақырынып, әділдік сұрайтын ешкім табылмады. Басшылар да, бапкерлер де бастарын шұлғып отыра бергеннен әріге бармады. Осылайша, Левит қитұрқы ойынның құрбаны болды.

Кешкі бағдарламада жерлестеріміздің арасынан 22 жастағы Абылайхан Жүсіпов алғашқы болып шаршы алаңға шықты. Ол өзінен 10 жас үлкен әйгілі Андрей Замковоймен кездесті. Олимпиада мен әлем чемпионатының жүлдегерімен жас дарын тең дәрежеде айқасты. Қаймыққан да, шегінген де жоқ. Бірақ жеңіске жету үшін ол жеткіліксіз еді.Бұл тартыс Ресей құрамасы капитанының пайдасына шешілді.

81 кило салмақ дәрежесінде айқасқан Бекзат Нұрдәулетовты қалай мақтасақ та жарасады. Оның жолы Рио Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің төрт дүркін чемпионы Хулио Сезар де ла Круспен қиысты. Кезінде дәп осы боксшының жауапты жарыстарда қазақтың мақтанышы Әділбек Ниязымбетовты сан мәрте сүріндіргені есімізде. Олимпия ойындары мен дүниежүзілік додаларда қандасымызды алтыннан айырған Кубаның осы қабыланы еді. Бір айта кетерлігі, Әділбек пен Бекзат бір өңірдің түлектері. Екеуі де Маңғыстау облысында тұрады. Екеуі де Марат Жақиевтің қол астында жаттығады. Бостандық аралы өкілінің жұдырықтасу мәнерін әбден зерттеген білікті бапкер шәкіртін бұл жекпе-жекке жақсылап баптап әкелгені байқалды. Бәсеке барысында біздің жігіт сан мәрте соққылар сериясымен қарсыласын жақсылап тұрып төмпештеді. Бір мезетте есеңгіретіп те тастады. Төреші нокдаун белгіледі. Одан кейін де ымырасыз айқас жалғасты. Бекзат намысты қолдан берген жоқ. Аянбай айқасқан ол Хулио Сезар де ла Крусты әбден састырды. Ақырында төрешілер қазақтың қайсар ұлының қолын көтерді. Осылайша, Бекзат Нұрдәулетов Кубаның даңқты боксшысын тұғырдан тайдырды.

Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев австралиялық Юстис Хунимен күш сынасуға тиіс еді. Қазақтың жойқын жұдырығынан қаймықты ма, әлде басқа да себептер болды ма, ол жағы бізге беймәлім, әйтеуір, жасыл құрлықтың өкілі сол кеште рингке шығудан бас тартты.

Нәтижесінде Қазақстан құрамасы сапындағы төрт боксшы қола медальді қанағат тұтса, екеуі финалға шықты. Кубаның да нәтижесі дәл сондай. Өзбекстанның  – төрт және Ресейдің – үш өрені бас жүлде үшін таласу құқығын сақтап қалды. Сондай-ақ, Англия, Үндістан, АҚШ, Филиппин және Эквадордың бір-бір өкілі ақтық сынға жолдама алды.

Финалдық сайыста қос қандасымыздың да жолы Өзбекстанның өкілдерімен қиысты. Бұл жекпе-жектерді жанкүйерлер тағатсыздана күтті. Қойы қоралас, малы аралас жатқан көршілес қос елдің қайсының осы жарыста мерейі үстем болатынын көргісі келетін көрермендердің қатары қалың еді. Бекзат Нұрдәулетов 20 жастағы Дилшодбек Рузметовпен айқасты. Бәсекенің басынан сауатты тактика ұстанған қазақ жігіті бұл бәсекені өз пайдасына шешті. Өзбек қанша жанталасқанымен Нұрдәулетовтің осал тұсын таба алмады. Керсінші, біздің өрен әлдеқайда арынды әрі қарымды көрінді. Айқас аяқталған бетте барлық бес төреші Марат Жәкиевтің шәкіртінің мықтылығын мойындады. Бекзат Нұрдәулетов – әлем чемпионы!

Алыптармен "алысып" жүрген Қамшыбек Қоңқабаев әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы Баходир Жалоловпен жұдырықтасты. Бұған дейін екеуі өзара төрт мәрте кездескен. Таразы басы тең тұрды. Екатеринбургтегі сайыста қазақтың ұлы барын салды. Бірақ жеңіс Жалоловтың еншісінде кетті. Қамшыбек күміс медальді мойнына ілді.

Әлем чемпионатының командалық есебінде Өзбекстан құрамасы (3 алтын+1 күміс+1 қола) озды. Екінші орында – Ресей (3+0+1). Қазақстанның өрендері (1+1+4) үшінші орынды олжалады. Одан кейінгі сатыларға Куба (1+1+1), Англия (0+1+2), Үндістан (0+1+1), АҚШ (0+1+0), Филиппин (0+1+0) және Эквадор (0+1+0)жайғасты. Сондай-ақ, Франция, Моңғолия, Армения, Бразилия, Болгария және Австралия құрамларының қоржынында бір-бір қола медальдан бар.

     

Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері

Салмақ

Алтын

Күміс

Қола

52 кило

Шахободдин Заиров (Өзбекстан)

 

Амит Пангхал (Үндістан)

Билан Баннама (Франция), Сәкен Бибосынов (Қазақстан)

57 кило

Мирәзизбек Мырзахалилов (Өзбекстан)

Лазаро Альварес Эстрада (Куба)

 

Питер Макгрейл (Англия), Цэндбаатар (Моңғолия)

63 кило

Энди Крус (Куба)

 

Кейшон Дэвис (АҚШ)

 

Маниш Каушик (Үндістан), Оганес Бачков (Армения)

69 кило

Андрей Замковой (Ресей)

 

Пэт Маккормак (Англия)

Абылайхан Жүсіпов (Қазақстан), Бобо-Усман Ботуров (Өзбекстан)

75 кило

Глеб Бакши (Ресей)

 

Эумир Марсьияль

(Филиппин)

Эберт да Консейсао (Бразилия),  Тұрсынбай Құлахмет (Қазақстан)

81 кило

Бекзат Нұрдәулетов (Қазақстан)

Дилшодбек Рузметов (Өзбекстан)

Хулио Сезар де ла Крус (Куба), Бенджамит Уиттакер (Англия)

91 кило

Мүсілім Гаджимагомедов (Ресей)

Хулио Кастильо (Эквадор)

Радослав Панталеев (Болгария), Василий Левит (Қазақстан)

+91 кило

Баходир Жалолов (Өзбекстан)

Қамшыбек Қоңқабаев (Қазақстан)

Ютис Хуни (Австралия), Максим Бабанин (Ресей)