Мәселен, Молдова Республикасы Парламентінің төрайымы Зинаида Гречаный бастаған делегациямен кездесуде парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылды. Н.Нығматулиннің айтуынша, елдеріміз арасында саяси үнқатысу, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар қарқынды дамып келеді.
Ал Қатар Консультативиік кеңесінің төрағасы Ахмад бен Абдалла бен Заид Әл Махмұд бастаған делегациямен жүздесуде Н.Нығматулин мәртебелі мейманға ризашылық білдіре келіп, бұл форум Еуропа мен Азия мемлекеттерінің парламенттері арасында жан-жақты диалог орнатуға, өзара сенімді күшейтуге, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге жол ашатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ осы күні Мәжіліс Спикері Иордания Хашимит Корольдігі Халық жиналысы Өкілдер палатасының төрағасы Атеф Әл-Тараун және Оман Аш-Шура Маджлисінің төрағасы Халид Хилал Нассер Әл-Маауали бастаған делегацияны қабылдады. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Иордания – Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды әріптесі.
Тараптар келешекте де барлық саладағы өзара тиімді байланыстарды белсенді түрде ұлғайтуға, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарды үйлестіруге, екіжақты қатынастарымыздың құқықтық негіздерін нығайтуға бірлесе қолдау көрсетуге ниетті екендерін білдірді.
Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин Халид Хилал Нассер Әл-Маауалимен жүздесуде Оман тарапынан жасалған жоғары деңгейдегі алғашқы сапар екеніне баса назар аударып, оны Қазақстанға деген ерекше құрмет ретінде бағалады. Барлық кездесулерде тараптар екі елдің әріптестігін күшейтуде парламенттер рөлінің зор екеніне көңіл бөліп, заң шығару бойынша жан-жақты тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесу соңында мәртебелі меймандар арнайы шақыру үшін алғыстарын жеткізді.