Руханият • 23 Қыркүйек, 2019

Бояулармен бедерленген «Ботай»

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері Солтүстік Қазақстан облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша көптеген шаралар өткізіп жатыр. Соның ішінде Айыртау ауданындағы «Ботай» мемлекеттік музей қорығында «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» деген тақырыпта суретшілердің халықаралық симпозиумы басталды.

Бояулармен бедерленген «Ботай»

Оған алыс және жақын шет­елдерден жиырмаға жуық сурет­ші қатысып, «Ботай» қо­нысы» археологиялық ескерткішін өз көздерімен көріп, шеберлігі мен фантазиясы жеткенше оның маңыздылығын қылқаламның күшімен дүниеге паш етпек. Бұл шара Қазақстанның теріс­тігіне деген туристердің қызы­ғушылығын тудырып, аталған саланы өрістетуге де септігін тигізер деген мақсат алға қо­йылған.

Симпозиумға қатысушы су­ретшілер арасында қазақ­стандық Камилла Ли, Ғалия Мақашева, Үміт Жұбанышева,Людмила Айтуарова, Лилия Беликова, Тілеу­ғазы Жұбанышев, Айдос Мақанов, Бақытнұр Бүрдесбеков, Болат Әскербековтермен қатар ресейлік Нұрлан Тайыров, Ев­гений Заремба, Шамиль Гу­лиев, қырғызстандық Сарқын Соором­баев, Бообек Арықов, өзбек­стандық Әлішер Хамидов және т.б. қылқалам шеберлері бар. Бейнелеу өнерінің түрлі жанрына машықтанған олардың негізінен пейзаждық картиналар жазып жатқаны көрініп тұр. Соны сезгендей Табиғат ана да олардың жұмыс істеуіне жайлы жағдай туғызып, күздің қоңыржай, жылы күндерін тудырып тұр.

Ұйымдастырушылардың ай­­туына қарағанда, бұл шара су­ретшілердің өзара ынтымақ­тастығын да туғызып, өнердің өрістей түсуіне жол ашуға тиіс.

Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар өздерінің осы сапардан жазған екі ту­ын­­дысын облыстық бейне­леу өнері музейіне сыйлау­ды ұсын­ған. Оған барлық қа­ты­су­шылар да келісімдерін бе­ріпті. Симпозиумның жабылатын күні – 27 қыркүйек. Осы күні суретшілердің барлық еңбектері көрмеге қойылып, облыс тұрғындарының назарына ұсынылатын болады.

Осыдан тура жиырма жыл бұрын Петропавлда Қарасай мен Ағынтай батырларға ескерткіш ашылған болатын. Осы датаға орай облыстық университетте «Ұлы даланың хас батырлары» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев, Алматыдан және Аста­надан келген еліміздің бір­та­лай танымал тарихшылары қатысты. Солардың ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің профес­соры Берекет Кәрібаевтың, Л.Н.Гу­­милев атындағы Еуразия ұлт­­тық университетінің профес­соры Мақсат Алпысбестің, Ө.Сұл­тан­ғазин атындағы Қоста­най мемле­кеттік педагогикалық уни­вер­ситетінің профессоры Аманжол Күзембайұлы және т.б. баяндамалары мазмұнды болып, қызыққан жас­тар өздеріне мол мағлұмат алды.

Ал Қарасай мен Ағынтай ба­тырлар жерленген Айыртау ауда­нында мерекелік шаралар өтуде.

Солтүстік Қазақстан облысы