20 қазанда «Санктъ-Петербургъ Опера» мемлекеттік камералық музыкалық театр залында аншлаг күтілуде: петерборлық көрермендер бір ай бұрын барлық билеттерді сатып алған көрінеді.
Жетінші театр маусымының гастрольдік кестесін ашатын «Санктъ-Петербургъ Опера» сахнасындағы өнер көрсету Ресейдің халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Исаакович Александровтың шақыртуы арқасында өтеді. Гастрольді ұйымдастыру бойынша барлық шығындарды Санкт-Петербург театры толығымен өз мойнына алған.
–Біздің труппа мен көрнекті ресейлік режиссер арасын тығыз көпжылдық достық байланыстыратынын атап өткен жөн. Талғампаз петерборлық көрермен алдында өнер көрсету біз үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік, спектакль үлкен жетістікпен өтетініне сенім білдіреміз, – деді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Басты партияларды орындауға «Астана Опера» жетекші солистері, қазақстандық опера жұлдыздары дайындалуда: Джулия – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Дорвиль – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, Джермано – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сүндет Байғожин. Спектакльге, сондай-ақ театрдың басқа да дарынды солистері қатысады.
Ал 9 және 10 қарашада «Санктъ-Петербургъ Опера» мемлекеттік камералық музыкалық театрдың шығармашылық ұжымы өз кезегінде Қазақстанның астанасына гастрольмен келеді. Алғаш рет «Астана Опера» сахнасында әртістер әлемдік опера өнерінің жауһарлары – Дж.Вердидің «Риголетто» және Ж.Бизенің «Інжу іздеушілер» туындыларын ұсынады.
«Егемен-ақпарат»