Руханият • 23 Қыркүйек, 2019

Халхын-гол шайқасының қаһарманы

1228 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс басталмай тұрып фашистік Германияның одақтасы – жапон милитаристері 1935 жылы Қытайдың шығыс бөлігін басып алды. Ол аздай Кеңес Одағы мен оның Моңғолия жақтағы шекарасын қайта-қайта түртпектеп мазасын алды. Бұлар да қарап жатпай 1936 жылдың 12 наурызында КСРО Қорғаныс Халық комиссары К.Е.Ворошиловтың бұйрығымен 57-ші арнаулы корпусты күшейтіп, Моңғол елінің шығыс шебі Халхын-гол маңына орналастырды.

Халхын-гол шайқасының қаһарманы

Жапондар шекараға келіп тірелген Кеңес-Моңғол әскерін сарылтып күттіріп қоймай, 1939 жылдың 11 мамыры күні со­ғысты бастап жіберді. Майданның алғы шебі 80 шақырымға, алғы шептен­ тылға дейін 25 шақырымға созылып жатты. Осылай мамырдың 11-інде басталған соғыс осы айдың 31-іне дейін жалғасты. Жиырма күннің ішінде самурайлардың беті қайтты. Бірақ олар ентігін сәл басып алып, шілденің 2-сі күні қайтадан шешуші шайқасқа кірісті. Соғыс қыркүйек айы­ның ортасына дейін жалғасты. Екі жа­рым айға созылған ұрыста жапондар 50 мың адам, 660 ұшақ, 175 зеңбірек, 340 шақты пулеметінен айырылып, қыркүйектің 16-сы күні жеңілгені туралы актіге қол қойды. Міне биыл осы оқиғаға, яғни Халхын-гол шайқасының жеңісіне 80 жыл толып отыр.

КСРО Жоғары Кеңесінің Жарлығымен Халхын-гол шайқасына қатысып, ерлік көр­сеткен Қызыл Армияның 17068 офи­цері мен жауынгеріне орден, медаль бе­рілді. 73 адам Кеңес Одағы Баты­ры­ атағына ие болды. Ұшқыштар – Я.В.Смушкевич, Г.П.Кравченко, С.И.Гри­це­вец екі мәрте батыр атанды. Моң­ғол үкі­меті де Мемлекеттік Кіші Құ­рылтай ше­шімімен Халық Армиясы­ның 726 офи­цер-жауынгеріне, Қызыл Армия­ның 326 жауынгеріне әскери Қызыл Ту ор­денін табыстап, оның сыртында 14 адам­ға Моңғолия Батыры атағын берді. Осы он төрт адамның екеуі – орыс, біреуі – қазақ. Қос орыстың бірі – атақты қолбасшы Г.К.Жуков болса, екіншісі – И.И.Федюнинский. Ал батыр қазақтың аты-жөні – Ікей Мизамұлы.

Тағы бір есте боларлық дүние, Хал­хын-гол соғысына қатысқан екінші ұш­қыш қазақ Жайсанып Мүдәрісұлы әске­ри­ жоғары шен генерал-майор атағына ие болды.

Батыр жайлы мәлімет

Ікей Мизамұлы туралы моңғол архив­терін­дегі ресми құжатта ол 1911 жылы Бай-өлке аймағының Делүн сумын жерін­де туды делініпті. Бірақ ел арасында сақ­тал­ған кейбір ауызекі мәліметтерге және батырды білетін адамдардың айтуына қарағанда Ікей 1913 жылы дүниеге келді деуге негіз бар.

Айталық, Бай-өлке аймағының ресми үнпарағы «Жаңа өмір» газетінің 1993 жылғы №18 санында жарық көрген жазушы Солдатхан Орайханұлының «Ер­лік мәңгі өшпейді» атты жолжазба бел­гілеуінде, бұл кісіге Ікей Мизамұлы жайлы естелік айтқан бұлғындық Ақтанқожа атты қарияның сөзін келтіреді. Осындағы деректе, Ікей батыр Оразбек басқарған мол­қы қошуынына (әкімшілік бірлік) қа­расты қанкелді Қоша зәңгінің ауылында 1913 жылы туған делінсе, сонымен қатар 1930-шы жылдары Бай-өлке өңірінде жаңа­ низам мектептері ашылып, жаңа заман оқуы­на бала беруді ел басшыларына өкімет мін­деттеген көрінеді. Жоғарыдағы Қоша зәң­гі міндетінен құтылу үшін кедей Мизам­ға бір қой беріп, тентек баласы Ікейді жаңа низам оқуына жіберткені жайлы айтылыпты.

Сөйтіп 1931 жылы 17-18 жастағы Ікей Тұлбада ашылған сауат ашу оқуына келе­ді. Бұл мектепті ашқан һәм ұстаздық ет­кен – Өскемен-Семей өңірінің тумасы, осы жылдары комсомол жолдамасымен­ Қобда қазақтарын ағартуға арнайы жібе­рілген Бердіқожа Жолтаев еді. Осы Берді­қожа ағамыздың естелігінде: «Ікей істи­ген қара бала болды. Өте сотқар, бірақ са­баққа жақсы, айлалы тентек болатын» депті.

Жаңа оқуға келгенге дейін Ікей 1926-1930 жылдары орыс саудагерлері ор­­натқан қойдың жүнін жуатын кәсіп­орын­да 2-3 жыл жұмыс істеген көрінеді. Осылайша, ептеп орысша тіл сындырып, жаңаша хат таныған жігіт болашақ өмірін Ұлан-Батыр қаласындағы Құжырбұлың әскери гарнизонында қатардағы солдаттан бастап, кешікпей Ұлан-қуарындағы Әскери жоғары мектепке қабылданады. Осында оқып жүріп 1932-1933 жылдары ба­тыс аймақтарды қамтыған ламалар көте­рілісін жаншуға қатысып, ерлік көр­сеткені үшін Бас қолбасшы маршал Демит­тің (Дэмид) жарлығымен алмас қылыш­пен сыйланады.

Әскери жоғары мектепті 1934 жылы бітірген Ікей әуелгі қызметін Ұлан-Ба­тыр қаласындағы І атты дивизияның ІІ полкінде бастайды. 1936 жылы өзінен үш жас үлкен Должын Сонымқызы (Со­номын Должин) деген моңғолға үйленеді.

Бұл тұста жоғарыда айтқанымыздай, Моңғол елінің шығыс шебі Халхын-гол өңірі шинелісті жағдайда еді:
● 29 қараша, 1935 жыл. Жапон және Манжурия әскері Бұлан-ши қарауыл бекетіне шабуыл жасап, 20 шақты солдатты өлтірді.
● 19 желтоқсан, 1935 жыл. Жаудың 300 әскері Бұлан-ши қарауыл бекетіне ша­буыл жасап, 16 солдатты тұтқындап алып кетті.
● 12 ақпан, 1936 жыл. Жапондардың 25 машинамен жабдықталған 500 жа­уын­гері Бұлан-ши қарауыл бекетіне соқ­тықты.
● 9 наурыз, 1936 жыл. Жаудың 100 шақ­ты атты әскері Баян-қолай қарауыл бекетіне шабуылдады.
● 12 сәуір, 1939 жыл. Бойтықты құ­мын­да 12 жарақты техникамен жабдық­тал­ған жаудың 400 атты әскері шекара бұзды.
● 1939 жылдың мамыр айында соғыс басталды.
Қазақ офицері Ікей Мизамұлы дереу майданға сұранып өтініш жаза­ды. Өтінішті қабыл еткен басшылар оны 6-шы Тамсық дивизиясының 17-ші атты полкының 4-ші сұмын (рота) командирі етіп тағайындайды. Бұл дивизия әне-міне соғысқа кіреміз деп ентелеп дайын тұрған.

Қысқасы, Ікей мамыр айында атойлап ұрысқа кіріп, жаудың бетін қайтарған. Келесі шілде айында басталған екінші зор майданға тағы да қол бастап шыққан. Шілденің 3-і күні Баян-саған шайқасында асқан ерлік көрсеткен. Іле-шала шілденің 24-і күні болған кезекті шабуылда ротасын бастап, самурайлардың шебін бұзып, қорғанысын тас-талқан етеді. Ақыры қа­сында бірге жүрген орыс көмекшісі Иванов және бірнеше жауынгер жолдас­тарымен бірге зеңбіректің дөп тиген оғынан қаза табады.

1981 жылы моңғол тілінде жарық көр­ген «Халхын-гол шайқасына қатысқан жауынгерлер естелігі» атты кітапта қа­тар­­дағы бір жауынгер: «Командир Ікей он­шақты самурайдың ортасында жалғыз өзі ебелектей шырайналып, барлығын қылышпен демде жусатып салды» десе, тағы бір майдангер: «Сұмын бастығы Ікей жауларды қылышымен жас шыбықтай қы­рықты, қаруының жүзі қайтқанда оның мұқалмас ұшымен жауды шаншып алып, лақтырғанын көрдім» депті.

Батыр өлген соң оның жансыз денесін майдандас досы, сол кезде атты полк ко­мандирі, Моңғолия Халық Батыры атағын алған, аңыз адам Лодонұлы Дан­дар Көлікті Манқыннан (Гөлөгт Ман­хан) ат арбаға тиеп алып, Халхын-гол өзе­нінен өткізіп, Баянсаған (Баянцагаан) жота­сы­ның оңтүстігіндегі Эке бұрқан (Их бур­хан) жазығына апарып өз қолымен жерлепті.

Бертінде Дандар батыр ептеп қызып алып «Мені батыр дейсіңдер, Ікейдің қасында мен кіммін. Ол сияқты ер екін­ші қайта тумайды-ау» деп еңірегені жай­лы атақты жазушы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты С.Дашдооровтың есте­лігінде айтылса, запастағы майор, таны­мал ақын С.Болд: «Сонау жылдары Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты жазушы Э.Оюун және атақты батыр Дандар бас­тап Халхын-голға бардық. Дандар батыр Ікей досының зиратының басында тұрып «Қайран Ікейім-ай, ақтарылған ішек-қарнын қолына ұстап алып, жауға шапқан ерім-ай», деп тоқтамай жылады» депті.

Қазіргілерді білмедім, моңғолдың көне көздері Ікей десе ішкен асын жерге қоятын. Бертінде батырдың басына қойылған құлпытасқа моңғолдың үлкен ақыны Д.Нямаа:
Ұлы Отанның батысында,
Алғашқы демін қырнады,
Ұлы Отанның шығысында,
Соңғы демін жинады, – деп бәдіздепті.

Естеліктер не дейді?

Сономқызы Должын, батырдың сүйген жары

Халхын-гол шайқасының 30 жылдық датасына орай 1969 жылы қыркүйек айында «Үнэн» газетінде жарық көрген «Жоғалған жарым» атты естелігінде: «Осыдан 30 шақты жыл бұрын жап-жас қазақ офицері Ікеймен кө­ңіл жарастырдым. Ол кезде Ікей жаңадан оқу бітірген, Ұлан-қуарындағы әскери бөлімде-тін. Мен жақын құрбыма барып жүріп онымен таныстым. Еңселі, ұзын­ бойлы, қасы қап-қара, әзілқой, айт­қан сөзі мірдей, сөйте тұра көпшіл, қара­пайым жігіт бірден ұнап қалды. Екеуміз бір шаңырақ астында 4-5 жыл бірге тұрғанда жүз шайысып көрмедік. Ікей өте-мөте адал, өз ісіне берілген жан еді. Өзінің қарауындағы солдаттарға туған әкесіндей қамқорлық жасайтын. Кейбір кездері әскерлермен бірге казармада қонып қалатын. «Неге олай жасайсың?» дегенімде, жарықтық:

– Алдағыны болжау қиын, әрқашан елді қорғауға дайын тұруымыз керек, дей­­тін. Расында кешікпей соғыс бастал­ды.­ Ікей үй бетін көрмейтін болды. Бірде ол:

– Кешікпей майдан шебіне аттануым мүмкін. Должын сен мені түсін, бүгін со­ғысқа баруға сұранып өтініш жаздым, – деді. Бұл сөз маған тұлабойымды тоқ­ соққандай әсер етті. Есімді жиып: «Майданға қашан аттанасың?» деп сұра­дым. Ікей: «Мен барғанша соғыс бітіп қала ма деп алаңдап отырмын» деп күлді. Сөй­тіп жүріп көктемді қарсы алдық. Күн жек­сенбі еді. Тұмау тиіп үйде жатқам, Ікей­ді біреулер әскери бөлімге шақырып әкетті. Кешікпей үйге келіп:

– Әскерлерді жаттықтыру үшін біраз уақыт сыртта жүретін болдым, – деп қоржын-қоспағын жинастырды. Ауырып жатсам да басымды көтеріп, көмектесуге ұм­тылып едім, ол «қажеті жоқ, дұрыстап емдел» деп бұйырды. Екеуміз қатар оты­рып, шай іштік. Ол буынып-түйі­ніп шы­ғып кетті де, «бас қолбасшы сыйлаған алмас қы­лышымды ұмытып кетіппін» деп апыл-құпыл кіріп келіп, қылышын алып шығып кетті. Сол кеткеннен қайта орал­­мады. Ікей маған соғысқа аттанып бара жатқаны жайлы айт­қан жоқ. Тегі, мені уайымдамасын деді ме, әлде әске­ри құпия солай ма, білмедім. Оның со­ғысқа кеткенін кейін жол­дастары ес­тіртті. Содан бас­тап, шығыс жаққа көзім талғанша телміретін болдым. Бірақ ті­леуім қабыл болмады.

Бір күні «Ікей майданда қаза тапты» деген суық хабарды естіп, алғашында сен­бедім. Өйткені қылышпен қылды қиып түсіретін, амал-айлаға жетік, әсіре­се ат үстінде шебер сайыскер, оны жау өлтіреді деген ой менде мүлде болмады.

Ақыры жарымның өлгені шын екен. Майданда бірге болған достары оның асқан ерлікпен қаза тапқаны жайлы айтып келді. Үлкен қалада Ікейсіз өмір сүргім келмеді. Үй-мүлкім, жиған дүниемді тәрк етіп, ине-жіп те алмай тастадым да туған ауы­лыма тартып кеттім. Өйткені, бір жыл бұрын Ікей менің төркін жұртыма қайын­шылап ке­ліп, олармен танысқан еді. Оны бәрі білетін. Туған-туыс, ауыл-аймақ мені жылап-еңіреп қарсы алды. Қарт анам:

– Бұл ғұмырымда тамаша күйеу балам болғаны үшін тәңірге риза едім. Ол да баянды болмады, – деп еңірегенде етегі жасқа толды. Осы бір қаралы күннен кейін көп жыл өксумен өмір өткіздім. Мендегі тағы бір өкініш: Ікей фотоға түсу­ді қаламағандықтан оның жансыз бей­несі сақталмады. Бірақ жарымның қап-қара қасы, ширақ қимылы, әзіл-қал­жың­ға толы сөздері мен ұшқын шашып қарайтын қоңыр көздері мәңгі жадымда сақталды» депті.

Осы моңғол жеңгеміз туған жеріне барып мал бағыпты. Жалғыз анасы дүниеден өткен соң айналып Ұлан-батырға келіп, теміржолшылар мәдениет үйінде тігінші, кейін осында тазалаушы болып жүріп дүниеден өтіпті.

Х.Дабасерен (Х.Даваацэрэн), батырдың қол астындағы жауынгер

Ікей Мизамұлының қол астында әскери борышын өтеген және майдан ше­бінде бірге болған жауынгер Х.Да­басереннің 1969 жылы «Үнэн» газе­тіне жарияланған «Лейтенант Ікей мәңгі есімізде» атты естелігінде: «1937 жылы Қобда аймағынан әскер қатарына шақы­рыл­дым. Взвод командирі Ікей деген қазақ екен. Бастығымыздың қатаң тәрбиесінің арқасында взводымыз дизизияның үздіктер қатарында болды. 1939 жылы маусым айында майданға аттандық. Мен Самдын деген пулеметшінің көмекшісі едім. Бұл да батыс аймақ адамы-тын. Со­ғыс бас­талар алдында Ікейді майдан қол­басшылары 6-шы атты дивизияның 15-ші полкы 4-ші сұмынға командир етіп та­ғайындады. Ікей батыс аймақтық, яғни жер­лесі Самдын екеуімізді өзімен бірге ала кетті... Шілденің соңына таман біздің сұмын Гөлікті Манқын (Гөлөгті Манхан) шайқасына қатысты. Жаудың бекінісін бұзып, шабуылға өту өте қиын болды. Ікей өзі бастап, жаудың шебін бұзып кіріп, самурайларды шетінен жамсатып бара жатты. Бір кезде командирімізге оқ иген­дей болды. Жүгіріп барсам, оң қолы­на оқ тиіпті. Жарасын таңып бердім. Маған «қолмылтығымды оқта» деп бұйыр­ды. Мен бұйрығын орындап, өз орныма кеттім... Соғыс саябырсыған тұста жүгіріп келсем, командирім пистолетін қысып ұстап отырған бойы жан тапсырыпты. Дәл қасында жеті жапонның өлігі жайрап жатты. Дереу Ікейдің өлі денесін иығыма салып, штаб орналасқан аумаққа жеткіздім...».

А.Шартолғай,

танымал жазушы

Бұл естелікті Шартолғай бертінде 4-ші сұмын жауынгері, яғни Ікейдің сар­базына жолығып жазып алған екен. Ес­телікте: «Жаудың зеңбірек атакасы біздің полкты аттап бастырмады. Бұл жағдай әрі қарай жалғасар болса, ешкім тірі қалмас еді. Осындай қиын сәтте полк бастығы Дандар біздің 4-ші сұ­мынды жаңбырша жауған зеңбірек снарядтарының астында шабуылға өтіп, жаудың шебін бұзуды бұйырды. Бір сөзбен айтқанда, Ікей басқарған сұ­мын «жанды бомбаға» айналды. Ікең ұрандап атқа қонды. Жау шебіне андыздай атылдық. Атпен шауып бара жатқан Ікейдің дәл қасына снаряд жарылды. Жарыстың күштілігі соншалық командир мінген аттың басы денесінен бөлініп ұшып кетті. Мұны көрген жауынгерлер сасқалақтап, тізгін тартқанда Ікей «Тоқтамай шабыңдар!» деп айғай салып, өзі бүк түсіп отырып қалды. Ол кісінің ішек-қарыны ақтарылып сыртқа шығып қалған екен».

М.Седендаш (М.Цэдэндаш),

Халхын-гол шайқасының ардагері, полковник

Бұл жазба 1969 жылы «Үнэн» газе­ті­нің 151-ші санында «Тау қыраны Ікей» деген атпен жарияланыпты. Бұл есте­лік­те: «Біздің жауынгерлер жаудың шеткі қор­ғанысын бұ­зып, екінші шебіне тұм­сық тіреп қырғын соғыс салды. Бір әредікте Ікей­дің «Жауынгерлер алға,­ жауға өлім! Ұм­ты­лыңдар!» деген қаһар­лы дауысы ес­тіл­ді. Арыстандай атыл­ған ко­мандирдің ізіне ерген солдаттарды­ тоқтату қайда, олар­дың жолында жаудың үйілген өлігі қал­ды. Осы кезде жа­пондардың зеңбірегі зір­кілдеп оқты жаңбырша төкті. Олар өз әс­керін де, бізді де аямады. Екі жақ қатар қы­рылды. Бұл 1939 жылдың 24 шілдесі еді. Осы шайқастың нә­тижесінде Кеңес-Моң­ғол әскеріне шабуылға өтетін жол ашылды».