Қоғам • 23 Қыркүйек, 2019

Хат қоржын (23.09.2019)

5002 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Хат қоржын (23.09.2019)

...әсерімен бөліседі

Абайды оқы, ерінбе!

Жаратылыстың құпиясына, табиғат пен қоғамның, адам мен заманның сырына терең бойлаған ойшыл Абай  қазақ даласында шам-шырақтай сәуле болған данышпан ақын.

Осыған орай Ақтөбе қаласындағы Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері дәстүр бойынша қала тұрғындарына арнап саябақта «Абайды оқы, ерінбе!» атты поэзия сағатын өткізді. Ондағы мақсат – қазақтың ұлы ақыны, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі Абайдың шығармашылығын жастарға тереңнен таныстырып, кітаптарына шолу жасау, қара сөздеріне тоқталу болды. Абай атамыздың ұстанған мұраты – адамшылықты бұзбау, адамгершілік ізгілік қасиеттерді жоғару көтеру, адам деген ардақты атқа сай болу. Кітапханашылардың да міндеті – осы қасиеттерді  жас ұрпақ бойына дарыту болып табылады.

Саябақта тақырыпқа сай кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеде Абайдың алғашқы шыққан еңбектері, шет тілдеріне аударылған туындылары, ол туралы жазылған әдебиеттер мен мерзімді басылымдар қала тұрғындарына ұсынылды. Шараға қызығушылық танытқан қала жұртшылығы Абай Құнанбаевтың өлеңдерін, қара сөздерін оқыды. Кітапханашылар ұлы ақын туралы ақпарат беріп, шығармаларын оқуға ұсынды. Ұлы ақынның адамзатқа қалдырған сарқылмас мол мұрасымен танысқан оқырман ризашылықтарын білдірді.

Алтынгүл  ЕРМЕКБАЕВА,

Ақтөбе облыстық С.Жиенбаев атындағы  жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі

...үміт артады

Қарттарым аман-сау жүрші

Өңірімізде 84 мыңға жуық аға буын өкілдерінің басын қосып отырған ардагерлер кеңесінің мүшелері жуырда Тайынша қаласында орналасқан  қарттар үйінде болып қайтты.

Амангелді Кенжеғозинов жетекшілік ететін әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия өкілдері әртүрлі себептерге байланысты қарттар үйінде тағдырлары тоғысқан адамдардың жағдайымен жан-жақты танысты.  2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан “Надежда” қарттар үйінде бір жүзден астам жалғызілікті жандар тұрады. Бұл ұжымға абыройлы да қажырлы еңбек пен қайтпас қажырлылық, жылы мейірімділік тән. Тозығы жеткен ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, аулада ағаштар, гүлдер жайқала өсіп тұр. Жауапты қызметтің тізгіні байырғы  ұстаз Нина Поповаға сеніп тапсырылған.

Кірсе шыққысыз мекемеде әлеуметтік мәселелердің толық шешілгені тәнті етеді. Бөлмелер екі адамға лайықталған. Әрқайсысында жеке жуыну орны, бұдан бөлек қоғамдық монша бар. Бес дәрігер, мейірбикелер, спорттық тренажер залындағы нұсқаушылар  қарияларға қалтқысыз қызмет етеді. Зертханалық сынамалардың осы жерде  алынуына барлық мүмкіндіктер тудырылған. Қарттар үйі жанындағы жылыжайда көкөніс, жеміс-жидек көптеп өсіріледі. Кең аулада орналасқан қазақтың киіз үй жиһазы  алыстан көз тартса, дәл төрде қасиетті Құран кітабы мен ташпиық ілулі тұр. Жасыл желек, субұрқақ, гүлзарлар көздің жауын алады. Тіпті қырғауыл, басқа да құстар өсіріледі екен.

Комиссия мүшелері кітапханаға  елу шақты кітапты сыйға тартты. Қарттарым аман-сау жүрші, деген игі тілекпен қимай қоштасты.

Жангелді ТӘЖИН,

облыстық ардагерлер кеңесі  төрағасының орынбасары                                                     

Солтүстік Қазақстан облысы,

Тайынша ауданы

 

…уәж айтады

Ата-тегімізді қазақиландырайық

Егемен ел болып етек-жеңімізді жинағалы бері тіліміз мемлекеттік мәртебе алып, арнайы тіл туралы заң қабылданды. Тәуелсіздік алған соң кейбір азаматтар бұрынғы кеңес заманындағыдай ата-тегін Пәленшиев, Түгеншиева болып жазуды құптаса, кейбірі «ұлы, қызы» деп жазуды әдетке айналдыра бастады. Бұл үрдіс келешекте жалғасса нұр үстіне нұр болар еді. Кейбір азаматтар – ата-тегін түрікше жазуға дағдыланып алған. Дін саласында істейтіндер де түрікше ата-тегін жаздырмаса деген тілек. Ерте заманда қазақтар Бекмұраттың Бектемісі, Ақарыстың Алпамысы деп бір-бірін атаған. Қазіргі 21 ғасырда Дариға Тіленді келіні деп жазылғанын өз басым құптаймын.

«Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген нақыл сөз бар, жастарымыз түрікше жазуды жақсы көре ме, әлде дағдысы ма, аты-жөнін түрікше жазуды әдетке айналдырып алған.

Замандастарым  – ата-тегімізді қазақиландырып, жас жеткіншектерімізге үлгі-өнеге көрсетейік.

Ердахмет ДОСТЕМЕСҰЛЫ,

Жамбыл облысы,

Мойынқұм ауданы,

 Шығанақ ауылы

 

...үлгі тұтады

Ұлыларды ұлықтаған

«Елсана» руханият клубының «Алтын аймақ» жобасы аясында «Бабалар аманаты» тарихи танымдық экспедициясы ұйымдастырылды.

Экспедиция мүшелері қазақ әдебиетіне айрықша із қалдырған, зар заман ақыны атанған Мұрат Мөңкеұлының зиратына барды. Мұрат ақын өзі ғұмыр кешкен кезеңді жырына арқау етіп, елдегі ахуалды терең толғаныспен қабылдады. Мұраттың «Үш қиян», «Сарыарқа» тәрізді шығармалары елдік мұратқа негізделіп жазылды. Мұрат өлеңдеріндегі этнографиялық деректерге қайран қалуға болады. Экспедиция бағыты Қарой жазығында дамыл тапқан Малайсары би мен Махамбет бабамыздың кесенесінде болды. Махамбет бабамыздың рухты өлеңдері оқылып, Малайсары бидің Сырым батырға берген батасы ойға оралды.

«Бабалар аманаты» тарихи-танымдық экспедициясының негізгі мақсаты – тарихи тұлғаларымызды жас ұрпаққа таныстыру, өшпес ерліктері мен ұшан-теңіз еңбектерін жұртшылыққа насихаттау болып саналады. Экспедпиция құрамы Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданында дамыл тапқан Жәңгір хан Бөкейұлының, күйші Дәулеткерей Шығайұлының, ғалым-этнограф Мұхамед- Салық Бабажановтың кесенесіне барып, дұға бағыштады. Бөкей ордасында орналасқан тарихи-музей кешеніне барып, көне жәдігерлермен танысты. Музей кешені аумағында қайта жаңғыртылған «Жәңгір хан» құдығымен танысты. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында орналасқан Құрманғазы бабамыздың шәкірті Мәмен Мұратұлы мен белгілі әртіс, профессор Тұяқберді Шәмеловтің кесенесінде жазылған тың деректермен танысты.

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,

«Алтын аймақ» жобасының жетекшісі