Саясат • 23 Қыркүйек, 2019

Нью-Йоркте «С5+1» форматында министрлік кездесуі өтті

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының АҚШ-та БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясының жұмысына қатысу сапары қарсаңында Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «С5+1» диалогының министрлік кездесуіне қатысты. Диалогқа АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео, Қырғызстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Чингиз Айдарбеков, Тәжікстанның Сироджиддин Мухриддин, Өзбекстанның Абдулазиз Камилов және Түрікменстанның АҚШ-тағы елшісі Меред Оразов қатысты. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Нью-Йоркте «С5+1» форматында министрлік кездесуі өтті

Тараптар сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейту жолдарын, сондай-ақ, интеграциялық үдерістер мен Орталық Азиядағы сын-қатерлерге ден қою жөніндегі бірлескен күш-жігерді талқылады.

М. Тілеуберді «С5+1» платформасы Орталық Азияда экономикалық өзара іс-қимылды ұлғайтудың және өңірдің транзиттік инфрақұрылымын дамытуға АҚШ ресурстарын тартудың, қоршаған ортаны сақтау жөніндегі жұмыстардың, сондай-ақ, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудың тиімді құралы болып табылатынын атап өтті.

Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы «С5+1» алаңындағы прогресс АҚШ пен Орталық Азияның іскер қоғамдастықтарына сигнал беру қажет екенін және «С5+1» диалогының аясында америкалық инвестициялар мен технологияларды Орталық Азияға тарту бойынша жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы М. Помпео Орталық Азия өзінің азаматтарын қақтығыс аймақтардан қайтару бойынша бүкіл әлем үшін үлгі болып табылатынын айтты. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Орталық Азия елдерінің экономикалық әріптестігінің маңыздылығын атап өтіп, өңірдің АҚШ-пен инфрақұрылымдық даму саласындағы, оның ішінде АҚШ-тың халықаралық дамуды қаржыландыру бойынша құрылатын корпорация қаражаты арқылы ынтымақтастығының перспективаларын атап өтті.

М. Помпео өңірдегі тұрақтылық пен тұрақты өсуді орнату факторларының бірі ретінде Орталық Азия елдерінің Ауғанстанмен ынтымақтастығын нығайту қажеттігіне назар аударды.

«С5+1» форматы Орталық Азияның бес елі мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимылдың көпжақты тетігі болып табылады. Алты елдің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының Құрылтайлық жиналысы 2015 жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында өткен.

Орталық Азия сыртқы саяси ведомстволарының басшылары мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Дэвид Хэйлдің қатысуымен жоғары деңгейдегі соңғы кездесу осыдан бір ай бұрын Нұр-Сұлтан қаласында өтті.