Аймақтар • 23 Қыркүйек, 2019

Қант зауыттары қызылша қабылдауды бастады

1311 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Алматы облысындағы қант қызылшасы егілген алқаптың көлемі 14 мың гектарға жетті. Бұл жиналған өнімнен 485 мың тоннаға дейін тәтті түбір дайындауға мүмкіндік береді. Жалпы, аймақта тәтті түбір танаптарының көлемі 2014 жылдан бері 10 есеге көбейген.

Қант зауыттары қызылша қабылдауды бастады

Қант қызылшасы егістігінің артуы жергілікті жердегі өңдеу өндірісінің де өркендеуіне қозғау салды. Мысалы, өткен жылы қайта жаңғыртудан өткен екі өндіріс ошағы – Көксу және Ақсу қант зауыттары 42 мың тонна таза ақ қант өндірді. Мамандар бұл дайын өнімнің  ішкі нарықты қамтуға жетеғабыл екенін айтуда. Биыл да Жетісу топырағында өніп, өскен тәтті түбірден алынатын таза қант көлемі көбеймек. Қазір қант қызылшасын қазып, жинау науқаны қызып тұр.

Жақында Ақсу қант зауыты осы жылғы қант қызылшасының алғашқы өнімін қабылдай бастады. Бірінші күні Ақсу және Сарқан аудандарының кәсіпкерлері кәсіпорынның дайындау пунктіне 450 тоннадан астам тәтті түбірді әкелді. Жақын арада Алакөл ауданының қызылша өсірушілері өнім жөнелтетін болады.

Ақсу ауданындағы «Ақмол» сервистік-дайындау орталығы да алғашқы қатарда жиналған қызылшаны зауытқа өткізді. Сервистік-дайындау орталығы  2018 жылы құрыл екен, «Жетісу» әлеуметтік корпорациясы арқылы қант қызылшасының элиталық тұқымы мен ауыл шаруашылығы техникасын алып, ісін ілгерлетіп отыр. Биыл қызылша алқабын 70 гектардан 110 гектарға дейін ұлғайтыпты.

- Бұйыра, өнім мол болады деп күтіп отырмыз. Қызылшаның орташа өнімділігі гектарына 600 центнерді құрады. Бірінші күні біз кәсіпорынға 250 тонна қызылша әкелдік. Жалпы биыл 6 мың тоннадан астам өнім алуды жоспарлап отырмыз, - дейді «Ақмол» сервистік-дайындау орталығы директоры Берік Тынышбаев.

Ал 2017 жылы екінші тынысы ашылып, қайта іске қосылған Ақсу қант зауыты өткен екі жыл ішінде 170,3 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, 13 мың тонна қант өнімін шығарды. Осы жылы 200 мың тонна қызылша қабылдап, 20 мың тонна таза қант құмын шығару жоспарлануда. «АқсуҚант» ЖШС бас директоры Самат Нәдірбаевтың айтуынша, қант өндірісі қазан айында басталады.

- Биыл зауытты жаңғыртудың екінші кезеңін аяқтаймыз. Бұл өз кезегінде өндірісті 4 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Үшінші кезең аяқталғаннан кейін толық өндірістік қуаттылығына көшеміз. Ол кезде кәсіпорын тәулігіне 4,5 мың тонна өнім шығара алады, - дейді Самат Нәдірбаев.

Қазір зауытта 260 адам еңбек етеді, өндіріс толық күшіне енгенде жұмысшы саны 550 адамға дейін артады. Ал кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жалпы құны 4,5 млрд теңге болатын 280 дана және 28 түрлі құрал- жабдық жиынтығы мен ауыл шаруашылығы техникасы лизингке беріліпті.

- Жалпы өңірде қант қызылшасын жаңғырту мен дамыту мақсатында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жауапкершілік алып отыр. Біздің қолдауымызбен қызылша өсірушілерді қолдау үшін 29 сервистік-дайындау орталығы құрылған болатын. Шаруаларға 603 дана ауыл шаруашылығы техникасы және 60 мың сұранысты қамтыған дақыл тұқымы берілді. Сервистік-дайындау орталықтарын құру нәтижесінде қант қызылшасының жалпы көлемі 2014-2018 жыл аралығындда 24 мың тоннадан 440 мың тоннаға дейін көбейді. Ал егістік алаңы биылға дейін сатылап өсіп, 1200 гектардан 14 мың гектарға дейін ұлғайды, - дейді«Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Қуаныш Тоғайбаев.

 

Алматы облысы