Спорт • 23 Қыркүйек, 2019

Қазақстан киокусинкай каратэ түрінен KWU IV әлем чемпионатын қабылдайды

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан киокусинкай каратэ түрі бойынша ерлер мен әйелдер арасында KWU IV Әлем чемпионатын қабылдайды. Бұл туралы МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстан киокусинкай каратэ түрінен KWU IV әлем чемпионатын қабылдайды

7-8 желтоқсан күндері Нұр-Сұлтан қаласында толық контактілі каратэ бойынша ерлер мен әйелдер арасында салмақ дәрежелері бойынша Бүкіләлемдік каратэ одағының 4-ші  Әлем чемпионаты өтеді. Чемпионат ұйымдастырушылары – Қазақстанның Жауынгерлік өнер қауымдастығы, сондай-ақ, 2011 жылы құрылып, Швейцарияда тіркелген «Kyokushin World Union» Халықаралық қауымдастығы.

Естеріңізге салайық, Қазақстанның Жауынгерлік өнер қауымдастығы - өткен жылы құрылған спорттық ұйым. Оның құрамына олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 20 аккредиттелген спорттық федерация енді. Оның басшысы болып Кәрім Мәсімов сайланды.

Қауымдастық төрт бағыт бойынша: каратэ, жекпе-жек, толық контактілі спорт түрлері және ММА аралас жекпе-жек бойынша жұмыс істейді.

Киокусиннің негізін салған белгілі шебер - Масутацу Ояма. Ол каратэ отаны саналатын Жапонияда ғана емес, сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінде де танымал саналады. Киокусин негізіне тек спорттық қана емес, сондай ақ, жекпе-жектің қолданбалы аспектілері де жатады.   

Киокусин жауынгерлерінің мықты рухы мен ұтымды техникасы аралас жекпе-жектерде, К-1 сериялы жарыстар мен әлемнің арнайы жасақ қызметтерін даярлау кезінде бірнеше рет дәлелденді. Әлем чемпионаты Халықаралық Kyokushin World Union қауымдастығы аясында өткізіледі. Бұл ұйым 2011 жылы құрылып, Швейцарияның Лозанна қаласында тіркелген. KWU ұйымының басты міндеті – барлық Киокусин федерацияларын бір тудың астына біріктіру.  

KWU Әлем чемпионаты Ояма принциптерін түсінетін, кез келген халықаралық ұйымның жауынгерін қабылдауға дайын.

2019 жыл барысында әлемнің 60-тан астам мемлекетінде ұлттық іріктеу турнирлері өтті, қорытындысында аталған Әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құрамалар құралады. Бұл чемпионатқа әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты деген каратэшілер қатыса алады. Олар өз мемлекеттерін – Жапония, Испания, Польша, Болгария, Бразилия, ОАР, Австралия, Ресей және т.б. таныстырады.