Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Біз 2018 жылдан бастап халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне көштік. Оның шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 процентінен 50 процентіне дейін көтерілді. Еңбекке қабілетті әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшін берілетін қаржылай көмек олар жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана қолжетімді болады. Еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары күшейтіледі» деп атап өткен болатын.
Сөз жоқ, ел қамын жеген, оның ішінде жағдайы төмен отбасылардың тұрмысын сәл де болса жақсартуға септігін тигізетін қамқорлық.
Еңбекке қабілетсіз адамға, мүгедекке мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі парыз. Ал он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін адамның тегін көмектен дәметуі – тоғышарлық. Әйтсе де, қазіргі күні көріп отырғанымыздай, көмекті айдалада тегін жатқан «батпанқұйрық» санайтындардың да табылып жатқандығы қынжылтады. Мәселен, Ақмола облысында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда үш есеге көбейген. Таратып айтатын болсақ, өткен жылы 7,2 мың отбасы көмек алса, биыл бұл көрсеткіш 8,3 мың отбасына жеткен. Қаржы тілімен айтқанда, төлемақы көлемі 400 млн-нан 8,3 млрд теңгеге дейін артып отыр.
Бүгінге дейін кірісін жасырып, атаулы әлеуметтік көмек алған отбасы мүшелеріне түсінік жұмыстарын жүргізгеннен кейін бюджетке 4,9 млн теңге ерікті түрде қайтарылған. Енді сот органдары арқылы 56 өтінім беруші 14 млн теңге қаржыны қайтаратын болады. 1500 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылды.
Өкінішке қарай, келеңсіз кейбір көрініс осылай қалыптасып отырса, мемлекетке де, ет жақын ағайын-туысқа да масыл болмай, өз күнін өзі көруге бекем бел буып, тырбанып тіршілік етіп жатқандардың қажыр-қайратына сүйсінесің.
Мәселен, Астрахан ауданының Лозовое ауылында тұратын Ильяс Ибла жеке кәсіпкерлігін ашқанша әр жұмыстың басын бір шалған. Жары Зульфия жеті жыл бойы бала бағып отыр. Отағасы Жұмыспен қамту орталығында «Бастау бизнес» курсынан өтіп, кәсіпкерліктің қыр-сырымен танысты. Бажайлап қараса, қолдан келмейтін іс емес, тек ынта мен жігер керек. Сөйтіп, көкөніс өсіре бастады. Шалғайдағы Астрахан ауданында не қат? Көкөніс қат! Ал жер деген, тыңайтқыш деген жетіп артылады. Өзінің отбасын қамтамасыз етіп қана қоймай, қолжетімді бағамен сатып, табыс тауып отыр.
Осы аудандағы Первомайка ауылының тұрғыны Орасу Махуаценың отбасы материалдық көмекке зәру еді. Тұрмысқа қажетті техника сатып алу қол жетпейтін арман болатын. Сондай-ақ балалардың киімдері де қажет. Қарап отырғанмен ештеңе өнбейтінін түсінген соң шағын бизнеспен айналыспақшы болды. Жоспар құрды. 252 500 теңге мемлекеттік грантқа ие болды. Берілген грантқа көкөніс суаратын құрылғылар сатып алды. Жер жарықтық терін төккенге төгіп бермей ме? Ауа райы қолайсыздау болған биылдың өзінде көп-көрім көкөніс өсірді.
Щучинск қаласының тұрғыны Дмитрий Берестень орта арнаулы білімі бар азамат. Дәнекерлеуші болып жұмыс істеді. Асылында, өз кәсібіңді дөңгелеткен дұрыс. Қазіргі күні «Бизнес бастау» курсында оқып жатыр. «Надежда» жеке кәсіпкерлігін ашып алды. Темірді нанша илейтін қолы икемді Дмитрий Васильевичке курортты аймақта жұмыс жетіп артылады.
Егіндікөл ауданына қарасты Бауманское елді мекенінің тұрғыны Толқын Қайырова көп балалы ана. Бір үйде 11 жан тұрды. Жары болса жұмыссыз. Бұл отбасына 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек көрсетілді. Осы көмек арқылы отбасы қазір басқа жайлылау пәтерге көшсек деп қамданып отыр.
Осы ауданның Егіндікөл ауылында тұратын Анна Думинаның атаулы әлеуметтік көмек алғанша қаржылық жағдайы қиын болды. Күйеуі тұрақты жұмыс істеген жоқ. Ал ұсақ-түйек жұмыс бірде бар, бірде жоқ. Тұрақты табыс болмаған соң қаржы тапшылығына жиі ұшырайтын. Бүгінгі таңда «Бауманское-07» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа орналасты. Тұрақты табыс болған соң, кенеліп кетпесе де, кенезесі кепкен еріндері асқа тиді. Еңбекақысы қолына тиген сайын пәтерін жамап-жасқап, жөндеп алды. Бұрын сүреңсіздеу болып тұратын үй ішіне жаңа жиһаздар алып, жұтындырып қойды. Қолына компьютер тиген балалар да мәз. Қысқы маусымға қажетті отын-көмірін түсіріп алды. Міне, еңбек етіп, ұмтылғанның ұшпаққа шығатын жері осы.
Тағы бір мысал келтіре кетелік, Жақсы ауданындағы Ишимское ауылының тұрғыны Павел Фаст жұмыссыз жүрген жанның бірі еді. Ишим шаруа қожалығына тұрақты жұмысқа тұрды. Аздап қаражат жиналған соң отағасы өзінің жеке кәсібін бастады.
Міне, бірер мысал арқылы ерінбей еңбек еткеннің аты озатындығын көрсетуге болады.
Адал еңбекпен тапқан нан да тәтті.
Ақмола облысы