Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2019

Ақ балық, қармағымды қап, балық!

819 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бурабай баурайында бұ­рын-соңды болмаған, ел на­зарын өзіне аударатын қызықты фестиваль ұйым­дастырылуда. Ол – ақ айдыннан балық аулау.

 

Ақ балық, қармағымды қап, балық!

Қармағын қамдап, көл жағалай қонақтаған балық­шылардың жас ерекшеліктері әр­түрлі екен. Ең жасы он се­гіздегі бозбала болса, ег­десі – жетпісті алқымдаған ақ­сақал. Құмарлық шіркін жас­қа қарамайды-ау, тегі. Фестивальдың шарты бойынша әр балықшыға тұп-тура екі сағат уақыт беріледі. Осы уақыт ішін­де екі рет орын айырбастап, қармағын, жемін жаңартуға құқылы.

– Балық аулау фестивалін биыл­ғы жылы екінші рет өт­кізіп отырмыз, – дейді ша­ра­ны ұйымдастырушы Дар­хан Әлімов. Ең басты мақсат – сексен көлді омырауына сексен мар­жан етіп таққан көрікті Көкше өңірін, сұлу табиғатын, Бурабайдың бауырындағы бере­кені насихаттау. Алдағы жылы бастама өрісін кеңейтіп, рес­публикалық деңгейде өткі­земіз бе деген ойымыз бар.

Балықшылар сақадай сайланып келген-ақ екен. Тіпті отбасымен қатысып жатқандар да бар.

–Мәселе балықты көп ұстау­да емес, – дейді Алексей Пиров­ский, – ең бастысы, тылсым таби­ғаттың құшағында өзгеше бір сезімге бөленіп, бір жасап қалу. Асылында, бұл да спорттың бір түрі. Бірін­шіден, жарыс болған соң арқаң қозады, оның үстіне шалт қимыл көбейеді.

Жарыс қорытындысы бо­йын­ша тұңғыш балық, ең ірі балық аталымдары бойынша қар­­мағы қара судан бос қайт­пағандар мара­патталды. Аулан­ған ең ірі ба­лық­тың салмағы үш келіге таяу болды.

 

Ақмола облысы