Бір тәулікте 20 пайызға қымбаттап шыға келген Brent маркалы көмірсутегінің құны барреліне 71 доллардан асып түсті. Лондон биржасында WTI маркалы мұнай 15 пайызға көтеріліп, 63 доллардан артыққа бағаланды. Сарапшылар Парсы шығанағындағы ахуал 3 аптаның ішінде оңалмаса, шикізат нарығындағы сценарий қалай өрбитініне болжам айта бастады.
«Қара алтын» құнының көтерілгеніне қатысты қазақстандық сарапшылардың басым бөлігі оң көзқараспен қарап отырғаны байқалады. Көпшілігі шикізат экспортына иек артқан ел үшін бұл тиімді деп санайды. Кері әсері де болуы мүмкін. Біз танымал экономист Жақсыбек Құлекеевтің пікірін білген едік.
– Мұнай нарығындағы соңғы уақытта қалыптасқан жағдайды Қазақстан экономикасы үшін жақсы немесе жаман деп кесіп айту қиын. Алдымен оң әсері қандай болатынына тоқталайық. Жалпы, экспортқа шығаратын негізгі тауарымыздың долларға шаққандағы құны көтерілгені Қазақстан үшін тиімді деуге болады. Себебі елге көбірек валюта келеді. Елге келетін валюта көбейсе, оның бағасы арзандайды, себебі валютаның өзі – тауар. Сәйкесінше теңге нығайып, девальвация қаупі төмендейді,– деді ол.
Сонымен қатар Жақсыбек Құлекеев шикізат құны қымбаттағанының кері әсері болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
– Мұнай – энергетикалық ресурс, қуат көзі. Энергияның негізгі көзі көмірсутегі. Ол қымбаттаған сайын көптеген заттардың өзіндік құны бірге өседі. Яғни, өндірістің өзге салаларындағы өнімдердің қымбаттауына әкеліп соқтырады. Бұл – Қазақстанға ғана емес, дүние жүзіне қатысты. Қазақстан ішкі қажеттілікті көп жағдайда импорттың есебінен өтейді, енді оны қымбатқа сатып алуға тура келеді. Экономикада бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Тағы бір айта кетерлігі, доллар құнсызданып, теңге нығая бастаса, сырттан тауар әкелу біз үшін тиімді болады. Бұл отандық өндірісті құлдыратып жіберуі мүмкін. Яғни, қазіргі мұнай нарығындағы жағдайдың Қазақстан экономикасына оң ықпалы да, теріс әсері де бар. Мәселе мемлекеттің тиімді саясат ұстанып, дұрыс шешімін табуына байланысты. Үкімет пен Ұлттық банк жағдайды жан-жақты талдап, әр кезеңде дұрыс шешім қабылдауға тиіс,– деді Жақсыбек Құлекеев.
Танымал экономист Сауд Арабиясы бір-екі айдың ішінде бұрынғы көрсеткішті қалпына келтіре алмаса, әлемдік нарықтағы шикізат бағасы әлі де шарықтай беруі мүмкін екенін айтты. Оның пайымдауынша, дронмен атқылағаннан кейін кеніштердің басындағы техникалық жағдайы жақын күндері белгілі болуға тиіс. Өндірісті қалпына келтіру жұмысы бірнеше айға созылып кетсе, баррель қазіргі 69 доллардан 90-100 долларға дейін көтеріліп кетуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.
«Қара алтын» құнының көтерілгені ірі шикізат экспорттаушы елдердің экономикасына кері әсері туралы пікірлер жиі айтыла бастады. Мәселен, JP Morgan & Co сарапшыларының пайымдауынша, баррель 80-85 долларға дейін жетсе, АҚШ-тың қор нарығына қауіп төнуі мүмкін. Сарапшылар тобының жетекшісі Марко Коланович:
– Баға көтерілген сайын энергетикалық компаниялардың табысы ұлғая береді. Алайда АҚШ экономикасында шешуші рөл ойнайтын халықтың шығыны одан зардап шегетіні сөзсіз. Атап айтқанда, капиталы ең көп 500 компанияның жағдайы нашарлайды, – дейді Bloomberg-ке берген сұхбатында.