Қоғам • 24 Қыркүйек, 2019

Әлеуметтік салаға серпін береді

226 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бүгінгі заман талабына сай тиімді мемлекет құрудың ортақ тұжырымдамасын ұсынды. Онда еліміздегі маңызды мәселелер қамтылған әрі халық тұрмысын сапалық тұрғыда жақсарту көзделіп отыр.

Әлеуметтік салаға серпін береді

Президент Жолдауында әлеуметтік стандарттарға деген жаңа ұстанымды жария етті. Ол азаматтардың тұрмыс-тірші­лігіне, өмірлік маңызды мәселелерге және әлеу­меттік қорғалуына бағдарлануымен көрі­ніс тапты. Еліміздің әр азаматының әл-ауқа­тының жақсаруы тікелей мемле­кеттің дамуына, сондай-ақ сол азамат­тар­дың өз өміріне, елді дамытуға қосатын үлесіне байланысты екені айтылды.

Кез келген дамыған мемлекет әлеу­меттің әлсіз топтарына қолдау жасауды мой­нына алады. Ал бұл санатқа жатпайтын уақытша жұмыссыздарға қатысты прагматизм және ортақ жауапкершілік принциптері қолданылмақ. Қазақстан­ның жаңа әлеуметтік саясатының негізгі екі принципі бар: әлеуметтік кепілдік­тер және жекелеген адамдардың жауапкер­ші­лігі. Осы екі принцип әділетті әлеу­меттік саясаттың түпқазығына айнал­мақ. Алайда әділетті әлеуметтік саясат де­геніміз – әлеуметтік шығындарды шек­теу­сіз өсіре беру деген сөз емес. Мұн­дай мем­лекеттің экономикасы түбінде тоқы­рау­ға ұшырайды. Бұл патерналистік пи­ғыл­дың жаппай күшеюіне әкеліп соғады. Жан-жақты сарапталмай қабылданған ш­е­шім­дердің салдарынан әлеуметтік кө­мек алатындар саны соңғы бес жылда 77 мың адамнан 1,4 миллион адамға артқан.

Әділетті әлеуметтік саясаттың негіз­гі сипаты тек жәрдемақы төлемімен өлшен­­бейді, ол әділетті мүмкіндік беру­ден тұрады. Яғни, әлеуметтік төлем ала­тын­дарды кәсіпке баулу, ұлттық кәсіп­кер­лікті барынша дамыту қолға алынады. Сондықтан да Президент Қасым-Жо­март Тоқаев Үкіметке «Атамекен» ұлт­тық палатасымен бірлесе отырып, бір ай ішінде көп балалы аналарды микро және шағын бизнеске жұмылдыратын, соның ішінде, үйде отырып-ақ кәсіппен қамтитын арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Яғни, «әділеттілік дегеніміз» – мемлекеттің «шектеусіз жәрдемақыларды төлеуі» деген түсініктен арылуымыз қа­жет. Әлеуметтік көмек адамды еңбек ету­ге ынталандыруы тиіс. Аз қамтылған от­басылар үшін кепілдендірілген әлеу­меттік көмек енгізілетін болады. Одан басқа шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесі құрылып; әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетіледі. Демек, шағын бизнеске тү­сетін ауыртпалық азаяды. 2020 жылғы қаңтардан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешім күшіне енеді.

Президент халықты толғандырып жүрген барлық мәселелерге дерлік тоқ­талды. Оның ішінде, басқарылатын урбанизация және бірыңғай тұрғын үй сая­саты да бар.

Мемлекет басшысы атап өткен­дей, осы күнге дейін «Қазақстан Республи­ка­сы астанасының мәртебесі туралы» және «Алматы қаласының ерекше мәр­т­е­бесі туралы» заңдар өзінің тиім­ді­лігін көр­сетті. Бірақ бүгінде бұл заңдар­ды жетіл­діру қажет. Осыған орай ең ірі үш қала әкімдіктерінің құзыреті, со­ның ішін­де қала құрылысы саясаты, көлік ин­ф­ра­құрылымы, қала сәулетін қалып­тастыру саласының құзыреттері к­еңей­тіледі. Республикалық маңызы бар қала­лардағы халық санының көптігі халықты әлеуметтік-экономикалық қажеттілі­гін толық қамтамасыз ету тұрғысынан алаң­дау­шылыққа негіз болып отыр. Ірі қала­лардың тұрғындары көбейіп келе жат­қаны­мен, Павлодар және Петропавл сын­ды қалаларда адамдар мен еңбек ресурс­тарының тапшылығы бар. Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін шара қабылдап, тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру керек.

2019 жылдың 1 ақпанына қарағанда, Қазақстандағы қала тұрғындарының саны 58,1%-ға жетіп, 2009 жылмен салыс­тыр­ғанда 4,9%-ға өскен. Сонымен бірге үш миллионер қала пайда болды: Алматы (1 856 480 адам), Нұр-Сұлтан (1 080 298 адам), Шымкент (1 011 538 адам).

Қала халқының табиғи өсімі, елді мекендердің қала мәртебесін алуы, қала маңы аудандарының пайда болуы, ауылды жерден қалаға қарай көшу, қалалық болуға ұмтылу – мұның бәрі урбанизация үрдісінің көрінісі. Ондай қаланың бірі – Шымкент.

Шымкент халқының саны жыл санап артуда. Мәселен, 2013 жылы халық саны – 683 300, 2015 жылы – 858 147, 2018 жы­лы – 1 010 855 болса, 2019 жылы 1 011 538 адам болды. Осылайша Шымкент миллион­­­­­ды қа­ла атанды. Көші-қон айырмасы мен де­мо­­графиялық табиғи өсім бірнеше есе­ге өсті. Шымкенттің аумағы кеңе­йіп, жаңа шекарасы бекітілгені белгілі. Ур­бан­­далу нәтижесінде Шымкент қала­сы­ның аумағы бастапқыда 40 мың гектардан 117 мың гектарға ұлғайды. Қала маңына іргелес орналасқан 44 елді мекен Шымкент аумағына өтті. Ал енді республикалық маңызы бар қаланың басты мақсаты – сол елді мекендердің инфрақұрылымдық жағдайын қалалық деңгейге жеткізу.

Мұндай урбанизация үдерісі индус­т­рия­лық аймақтарға тән. Дегенмен, ең жақсы жетістіктердің де өзіндік қиын­дықтары болады. Халқы тығыз орна­ла­с­қан ірі қаланың қажеттіліктерін бақы­лау, мәселелерін шешу үшін лайықты дең­­­гейде қолдау қажет. Әлемдік тәжіри­бе­де осы уақыт ара­лығында мегапо­лис­те жұ­мыс­сыздық, әлеу­меттік жағдай­дың тө­мен­деуі, кей аудан­дарда инфрақұрылым­дық жағдайдың өз­геруі немесе болмауы, эко­логиялық және әлеу­меттік мәс­еле­лер­дің көбеюі көрініс табады. Мегаполис да­мы­ған сайын бұл мәселелер қолға алынады.

Баспаналы болудың тиімді тетігі

Баспана – қоғамның ең күрделі проблемаларының бірі. Осы күнге дейін халықты баспанамен қамтуды көздеген түрлі бағдарлама жұмыс істеп жатыр. Сонда да баспанасы жоқтардың саны аз емес. Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Қорының жа­нындағы Әлемдік экономика және сая­сат институтының дерегіне сүйенсек, соңғы 10 жылда тұрғын үймен қамтамасыз ету 30 пайызға өскен. Алдағы 12 жылда бұл көрсеткішті 40 пайызға арттыру жос­парланған, яғни баспанамен қамту жылына 3,3 пайызға өсіп отыр.

Баспанаға сұраныс көп болғанымен, сауда аз – халықтың төлем қабілеті төмен. Тұтас халықтың баспана мәселесін шешуге тиімді мемлекеттік саясат қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұлықтау рәсімінде «Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын. Біздің алдымызда Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды», – деді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде 31 мың көп балалы және тұрмысы төмен отбасы бас­пана кезегінде тұр. Алдағы 7 жылда 42 000 арендалық пәтер салынбақ. Биылдан бастап жыл сайын 6 мың пәтер беріліп отырады. 2021 жылға дейін жұмысшы жастарға 3 мың пәтер беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істеп жатқан жастарға арнап 1 мың пәтер салу жоспарланып отыр.

Ел тұрғындарын баспанамен қам­та­масыз ету мәселесі – биліктің назарын­да. Бастапқыда әлеуметтік мүд­деге орай­ластырылған «7-20-25» бағдар­ла­масы аясында қарыз алушының отба­сы­лық табысы орташа есеппен айына 320 мың теңгені құрауы тиіс еді. Табысы аз адам­дар бұған қатыса алмай отыр.

Осы ретте еліміздегі республикалық маңызы бар қала – Шымкентте баспана құрылысы қарқын алған. Таяуда Шымкентте «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.

«Бақытты отбасының» бұған дейінгі бағдарламалардан өзгешелігі бар. Несие шарты да тиімді, жылдық мөлшері – 2 па­йыз. Оған көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен кәмелет жасына толмаған балалары бар толық емес отбасылар қатыса алады. Бір ғана талап бар. Ол – табыс көлемі отбасы мү­ше­леріне шаққанда адам басына 42 мың 500 теңгеден асып кетпеуі керек. Несие сомасының 10 пайызы көлеміндегі алғашқы жарна болған жағдайда жылына 2% мөлшерлемемен несие беріледі. Мерзімі – 20 жылға дейін. Банк өкілдері мұндай мүмкіндіктің бұрын-соңды болмағанын айтады.

Бұл бағдарламаның көмегімен жаңа және қолданыстағы үйден пәтер немесе жер үй сатып алуға болады. Ең жоғары займ сомасы – Шымкент қаласында 15 миллион теңге. Өтінім беруші жылжымайтын мүлікті баспана кезегінде тұрған аймақта ғана сатып ала алады.

Биыл Елбасының бастамасымен іске қосылған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Президенттің айтуынша, кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуық. Баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажет. Мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөледі.

Үкімет жыл соңына дейін жалдамалы пәтерлерге, сондай-ақ «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңіл­де­тілген бас­пана заемын алуға кезекте тұр­ғандарды есепке алудың ұлттық бірың­ғай жүйесін құруы тиіс.

Қазіргі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында, көпқабатты тұр­ғын үйлерді басқару, күтіп-ұстау, олар­ға қызмет көрсету ең басты және өт­кір де өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Коммуналдық желілердің тозуы 65 па­йыздан 57 пайызға төмендегеніне қара­мастан, бұл көрсеткіш жоғары болып отыр. Көп пәтерлі 78 мың үйдің 18 мың­нан астамы жөндеуді қажет етеді. Өңір­лерге тұрғын үй қорын жаңғырту және жөн­деу үшін екі жыл ішінде бюджеттік не­сие түрінде 30 миллиард теңгеден астам қара­жат бөлу керек. 2022 жылға қарай өңір­лерді дамыту бюджеті 800 миллиард теңгеден асып кетеді. Әкімдерге жергілікті мәслихаттармен бірігіп, осы қаражаттың жар­тысын тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын жаңғырту ісін бірлесе қаржы­лан­дыруға және өңір тұрғындарының өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыт­тауды қамтамасыз ету керек.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы еліміз, халқымыз үшін ең маңызды мәселелердің бірі. Бұл салада шешілмей келе жатқан мәселе де көп. Саланы дамы­туды көздейтін бірқатар ережелер заң­намада жан-жақты белгіленген. «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы тұрғын үй қорын басқарудың жаңа моделін енгізу­ге, көп пәтерлі тұрғын үйлерді кондоми­ниум объектілері ретінде тіркеу тәртібін айқындауға және кондоминиум объектілерін басқару және күтіп-ұстау жөніндегі қызметті реттеу­ге, жергілікті атқарушы органдардың жер­гі­лікті бюджет қаражаты есебінен қолда бар көп пәтерлі тұрғын үйлерді техникалық зерттеп-қарауды қамтамасыз ету, оларды тіркеу және сәйкестендіру құжаттарын дайындау бойынша құзыретін айқындауға, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциясының құзыретін нақтылауға бағытталған. Қазіргі таңда бұл заң жобасы Сенатта қаралуда.

Заң жобасы қаражатты жұмсаудың ашық­тығын, сондай-ақ халыққа қаржы­лық жүктемені төмендетуді, ірі жөндеу жұмыс­тарына жұмсалған қаражаттың жұмса­луын тиісті бақылауды қамтамасыз етеді. Сон­­дықтан бүгінгі заң жобасы атал­ған сала бойынша жүктелген міндет­тер­ді жан-жақты, тиімді шешуге ықпал ететін болады.

Мемлекет басшысының айтуынша, халықты қолжетімді баспанамен қамту үшін бірыңғай тұрғын үй саясатын жа­сақ­тау қолға алынады. Президент еңбек ете­тін тұрғындарды және халықтың әлсіз топ­тарын қолдау саясатын жалғастыруды көздейді. Жолдауда белгіленген тапсырмалар бойынша Парламенттің алдында үлкен міндеттер тұр. Жолдауды жүзеге асыру бойынша бірқатар заңдар қабылданатын болады. Экономиканы дамытумен қатар, әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуі әр қазақстандық үшін маңызды.

 

Айгүл ҚАПБАРОВА,

Парламент Сенатының депутаты