Қоғам • 24 Қыркүйек, 2019

Ақпараттық заманның өзекті мәселесі

1465 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жақында ғана елордада Astana Media Week апталығы өткені бел­гілі. Апталық аясында отандық медианы дамыту мен осы саладағы іскерлік қатынастарды аймақтық деңгейде ілгерілету мәселелері сөз болды. Алқалы жиында сөйлеген сөзінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев елі­мізде медиасауаттылықты арттыру мәселесіне айрықша назар аударған-ды.

Ақпараттық заманның өзекті мәселесі

Ақпараттық технологиялардың қар­қынды дамуының нәтижесінде әлемде «ақпараттық сауаттылық», «ақпараттық мәдениет», «медиамәдениет» сияқты ұғымдар пайда болды. Бұл ұғымдардың қай-қайсысы да  медиасауаттылықты арттыруға орай медиабілімді жүзеге асы­ру арқылы  ғылыми айналымға түсті. Жалпы медиабілімнің басты мақсаты – болашақ ұрпақты ақпараттарды қа­былдауға, содан дұрыс қорытынды жасай білуге  дайындау.

Медианың адам өміріне, әсіресе жас­өспірімдер мен жастар өміріне ықпал ету дәрежесі күннен-күнге артып келе жат­қаны белгілі. Ал бұл  өз кезегінде бі­лім беру жүйесі алдына жаңа міндеттер қойып,  адамның жаңашыл технология­дан хабардар болуын, олармен жұмыс істей алуын талап етеді. Сондай-ақ бел­гілі дәрежедегі сыни тұрғыдан ойлауды (бұқаралық коммуникация құралдары хабарламаларын, түрлі медиамәтіндерді талдай білу), ақпараттық материалды іздеу, өңдеу және ұсынуға орай өз бе­тімен шығармашылық жұмыспен айналысу дағдыларын, т.б. қажет етеді.

Бүкіл әлемде орын алып отырған әлеу­меттік өзгерістер мен ақпарат тас­қыны түрлі медиақұралдарды пайда­лану кон­тексінде дәстүрлі түрде қалыптасқан жүйелерді, оқыту әдістері мен техно­ло­гия­ларын қайта қарастыруды талап етіп отырғаны түсінікті жайт.

XX ғасырдың 60-жылдарында Ұлы­британия, АҚШ, Аустралия, Канада және әлемнің тағы басқа алдыңғы қа­тар­лы елдерінде «медиабілім» атты жа­ңаша бағыттың пайда болғаны туралы мәліметтер кездеседі. Оның басты мақ­саты жас ұрпақтың медиамәдениет әле­міне бейімделуіне, БАҚ тілін игеруге, медиамәтіндерді талдай білуге көмек көрсету. Медиабілім – «бұқаралық коммуникация (баспасөз, теледидар, радио, кино, видео және т.б.) заңдылықтарын» зерттейтін педагогика саласы. Олардың қатарына енді әлеуметтік желіні де қо­суға тура келеді.

Жоғарыда аталған елдердің бір қата­рында медиабілім міндетті пән ретінде оқы­тылады. Мәселен, 1987 жылы Ка­на­да­ның Онтарио провинциясының 5000 орта білім беретін мектебіндегі 7-12 сы­ныптарда медиабілім міндетті пән ре­тінде оқытыла бастады. ХХ ғасыр­­­дың 90-жылдарында медиабілім Кана­да­ның барлық провинцияларының ор­та білім беру ұйымдарында енгізілді. Аустралияда да медиабілім 90-жылдар­дан бері міндетті пән ретінде өтеді. Ұлы­­британияда ме­диа­білім мектеп бағ­­дар­ламасына ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап, ана тілі пәнімен кі­­рік­­­тіріліп оқытыла бастады. Бұл елде әр жыл са­йын 25000 оқушы мен 8000 студент медиа пәнінен бітіру емти­ха­­нын тапсырады. Сонымен қатар Фин­ляндияда, Нор­вегияда, Венгрия мен Словенияда да медиа­білім орта бі­лім беру ұйымдары деңге­йінде қа­рас­тырылып, ұлттық білім беру бағ­дар­ламасына енгізілген. Ресейде және Украинада ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап медиабілім бойынша са­бақтар факультативтер, үйірмелер тү­­­рінде немесе оның элементтері же­ке­­ле­ген пәндерді оқыту барысында қол­да­ны­лады(әдебиет, хи­мия және т.б.).

Жоғары білім беру саласында әлем­­­­нің бірқатар елдерінде медиа­бі­лім элементтері ақпараттық-коммуни­ка­­­ция­лық технологиялар (АҚТ) пәні шең­берінде қарастырылады. Мәсе­лен, ағылшын тілді елдердің басым көп­­шілігінде орта білім беретін білім бе­ру ұйымдарымен қатар жоғары оқу орын­дарында педагогикалық маман­дық­тарда АҚТ пәні оқытылып, сол арқылы болашақ мамандардың ақпа­рат­тық сауаттылығы мен мәдениетін қалыптастыруға басымдық беріледі. Мысалы, АҚШ-та ақпараттық са­уат­­­тылықтың қалыптасуына өткен ғасыр­дың 70-жылдарындағы демократия­лық идеялары мен 80-жылдары жаппай компьютерлік жүйенің қалыптасуы түрт­кі болды. Нәтижесінде, 1989 жылы Ақпараттық сауаттылық бойын­ша Ұлт­тық форум және 1998 жылы Ақпа­раттық сауаттылық институты құрылды.

Аустралияда да ақпараттық сауат­ты­лыққа деген қызығушылық басым. Мәселен, 1991 жылы Үкіметтің «Аустра­лия ақпараттық қоғам ретінде» атты есебінде ақпараттық сауаттылық ту­ра­лы мәселе жан-жақты қозғалады. 90-жыл­дардың басында Аустралияда ақпа­раттық сауаттылықты дамыту ақпа­­рат­­тық технологияларды игерумен ғана байла­ныстырылмай,  ақпаратты жи­нақ­тау, талдау мен ұйымдастыру, сонымен қатар идеялар мен ақпаратты талқылау студенттердің Үкімет тарапы­нан анықталған жеті құзыреттіліктің біріне айналды. 2000 жылы Білім, оқы­­ту және жастар істері жөніндегі депар­таменті ақпараттық экономика сала­­сындағы жоғары оқу орындарына ар­налған стратегиялық жоспарында не­гізгі бағыттардың бірі студенттерде ақ­­параттық құзыреттілікті, ақпараттық сауаттылық дағдысын қалыптастыру де­лінген. Бұған жету жолдарының бірі ЖОО-да негізгі пәндерді игеру бары­сын­да ақпараттық технологияларды кірік­тіріп оқытатын арнайы курстар мен он­лайн курстарды енгізу болып табылады.

2001 жылы Аустралия университет­те­рінің кітапханашылар кеңесі АҚШ-тың ACRL-дың ақпараттық сауаттылық стан­­­­дарттарына балама стандарттар жа­са­ды. Бұл стандарттарда ақпараттық сауат­тылықтың АҚШ нұсқасына қара­ған­­да ауқымы кең. Мәселен, студент ұғы­­­мының орнына жалпы тұлға түсінігі пай­даланылады. Аталған стандарт­тар­да өмір бойы білім алу тұлғадан ақпарат­­тық сауаттылықты талап етеді деп көрсе­тілген.

Жоғарыда аталған стандарттар Аустра­­­­­­лияның бірқатар ұйымдары та­ра­­­­­пы­­нан  кеңінен қолдау тапты. Мәсе­­лен, Аустралия кітапханасы мен Ақпа­­­раттық ассоциацияның «Барлық аустра­­лиялықтар үшін ақпараттық сауат­­ты­­лық» және Аустралияның ұлттық кі­тапха­насының «Ақпараттық сауатты­лыққа тең қолжетімділік» атты баяндамаларында жан-жақты айтылды.

Ұлыбританияда АҚШ пен Аустра­лияға қарағанда ақпараттық сауатты­лықты дамыту мәселесі  кейінірек  қол­­ға алынған. Мысалы, АҚШ пен Аустра­лия ақпараттық сауаттылық мә­се­ле­сіне байланысты стандарттарды даярлаған кезеңде, Ұлыбритания ақпа­раттық сауаттылық үлгісін құру туралы шешім қабылдады. 1999 жы­лы жарық көрген «Ақпараттық сауат­тылықтың жеті ұстанымында» ақ­парат­тық сауаттылықтың басты дағды­лары­нан (ақпараттың қажеттілігін түсі­ну) күрделі дағдыларына дейін дамуын сипаттайды. Аталған үлгі бірнеше мақ­сатта пайдаланылады. Мәселен, ол бі­лім беру бағдарламаларын даярлауда қолданылды. Жоғары білім саласындағы мамандар ақпараттық сауаттылықты дамытуды ақпараттық технологиялар мен интернетті игерумен және оларды сабақ барысында пайдаланумен байланыстыруға бейімделді. Ақпараттық сауаттылық Ұлыбритания білім беру жүйесінің басты басымдықтары ретінде қарастырылмағанымен, ақпаратты тіз­деу мен оны бағалай білу дағдылары ЖОО-ның бағдарламалық аккредиттеу талаптарының бірі ретінде бағаланады.

Медиабілім мәселесі соңғы кездері бұрынғы кеңестік кеңістік елдерінде де жолға қойыла бастады. Атап айтқанда, Беларусь мемлекетінде. Жаһандық ақпа­раттық желілердің дамуына орай білім саласында дамудың жаңа векторлары пайда болды. Бұл туралы 2020 жылға дейінгі тұрақты экономикалық дамудың Ұлттық стратегиясында айтылған. Ондағы мә­­де­ниет дамуының басты мақсаты аза­­мат­тардың мәдени құндылықтар мен мем­­лекеттік мұражай, кітапхана және мә­дени қорлардың ақпараттық ресурс­тарына қолжетімділігі, сонымен қатар жаһандық әлеуметтік-мәдени үрдіс­тер­дің тең құқылы қатысушысы ретін­де әлемдік мәдениет жүйесіне бе­ло­рус мәдениетінің кірігуі. Басқа  елдер­­дегідей медиабілім беру жеке пән ретінде Белоруссия мектептерінің бағдар­лама­ларына да енгізілмегенмен, мектеп және студенттік аудиторияда медиабілім бе­ру компоненттерін оқу пәндеріне кі­рік­тіру, сонымен қатар киноклуб және факультатив үрдістері барысында жүзеге асырылып келеді.

Ал біздің Қазақстан Республика­сы­ның нормативті және құқықтық құ­жаттарында оқушылар мен студент­тердің ақпараттық мәдениетті қалып­тастыруға бағытталған арнайы құжаттар болмағанымен, білім алушылардың ақпараттық техноло­гия­ларға колже­тімділіктерін қамтамасыз етуге бағыт­талған құжаттарды кездестіруге болады. Атап айтқанда, «Білім туралы» Заңда ақпараттық сауаттылық пен ақпараттық мәдениетке қатысты қашық­тықтан оқыту, бiлiм беру жүйесiн басқару органдарын ақпараттық  қамтамасыз етуге байланысты мәселелер ескерілген.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы білім беру саласындағы стратегиялық ма­ңызы бар құжаттың бірі Білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арнал­ған  Мемлекеттік бағдарламасында да аталған мәселелер қарастырылған. Мәселен, оның мақсаты білім беру үрді­сінің барлық қатысушыларының үздік білім беру ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету. 2015 жылы – білім беру ұйымдарының 50%-ында, 2020 жылы – олардың 90%-ында электронды оқыту жүйесі қол­данылатын болады. Тиісінше 2010-2015 жылдары электронды оқыту жүйесі тұ­жы­рымдамасының көздейтіні білім беру ұйымдарының технологиялық инфра­құрылымын дамыту; оқу үдерісінде ақ­параттық-коммуникациялық технологияны қолдануды дамыту; сан­дық білім ресурстарын дамыту; ұйымдас­тырушылық қамтамасыз ету және элек­трондық оқы­ту жүйесін пайдаланушыларды даярлау көзделген.

Жастар мен жасөспірімдердің медиа­сауаттылығын арттыруда үлкен жауап­кершілік ең алдымен мұғалімдер мен оқытушы-профессорлар құрамына жүк­теледі. Қазақстанның жоғары педаго­гикалық білім берудегі реформасы жо­ғары оқу орындарында мақсат қоюға қабілетті, педагогикалық жағдайларды шеше білетін, оқу-тәрбие үрдісін жос­парлап, оны жүзеге асыра алатын, өзінің қызметін қадағалай және бағалай алатын мұғалімдер дайындауға бет бұруды көздейді.

Қазақстан Республикасының азамат­тарына патриоттық тәрбие беруге арнал­ған мемлекеттік бағдарламасында: «Қа­зіргі уақытта азаматтарға патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысқа адам­дарға ықпал ете алатын ең қуатты құ­рал­­дың бірі – БАҚ қызметі әлсіз пай­дала­ны­лып отыр. Бұл жағдай аталған бағдарламаға БАҚ-ты белсенді және ерік­ті тарту үшін тиісті пысықтауларды талап етеді» деп патриоттық тәрбие беруде бас­ты ықпалды құрал бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктері еліміздің азаматтары, әсіресе жас жеткіншектер арасында қажетті дәрежеде пайдаланылмай отырғандығы туралы айтылады. Осы тұрғыдан келгенде елімізде ме­­диасауаттылықты арттыру күн тәрті­бін­дегі  өзекті мәселе екенін айтуға болады.

Astana Media Week апталығында Ақ­парат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев: «Мемлекеттік мүддені  ха­лыққа жеткізіп, қоғамдағы өзгерістерге  сай  көзқарас қалыптастыруда медиа са­ласының атқарар маңызы зор. Осы орайда еліміздің ақпарат құралдары алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр», – деген болатын.  Ендеше, әлемдік жаһан­дану үрдісіне бейімделе бастаған білім беру жүйесіндегі қазіргі өзгерістер, ақ­па­раттық заманның ерекшеліктерін, мүм­кіндіктерін ескеру қажет екендігін көрсетеді. Өйткені елімізде бүгінгі кү­ні ұрпаққа тәрбие беру ісінде мектеп мұғалімдерімен қатар, барлық тәрбие институттарының бірлесіп әрекет жасауы жолға қойылуда, ал олардың қатарында соңғы кездері қоғамның дамуында өзін­дік орны мен үлесі жоғары болып табылатын  бұқаралық ақпарат құралдары да бар екендігі сөзсіз. Бұқаралық ақпа­рат құралдары жеткіншектердің дүние­танымына өзіндік үлес қосады, сондай-ақ болашақ мамандардың қосымша бі­лім алуында, ізденулеріне, әртүрлі ақпа­раттарды жинақтап оларды талдай алуында өзіндік рөл атқарады.

 

Перизат СЕЙІТҚАЗЫ,

педагогика ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры