Қоғам • 24 Қыркүйек, 2019

Тілі өткір жастар пікір таластырды

450 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жастар жылы аясында елордаға 120-дан аса жасты жинаған «Jastar Alany 2019» республикалық пікірсайысы мәресіне жетті.

Тілі өткір жастар пікір таластырды

Jas Otan жастар қанаты өткіз­ген жас шешендер турнирін ұйым­­дастыруға Ақпарат және қо­ғамдық даму министрлігі мен Аза­маттық бастамаларды қолдау орталығы мұрындық болды. Екі күнге жалғасқан сайыстың жал­пы жүлде қоры 4 миллион тең­гені құрады. Бұған еліміздің бар­­лық өңірінен 133 команда қа­­­тысуға ниет танытып, оның 60-сы іріктелді.

Jas Otan жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек осы­мен екінші рет салтанат құрған республикалық пікір­са­­йыста тұшымды ой, орынды сөзімен көш бастап жүрген жас­тар қо­­ғамдағы өзекті мәселелерді ор­­таға салып, тиімді шешімдерін де ұсынғандарын айтты.

– «Ақын – ұлттың жүрегі, ба­тыр – көптің білегі, шешен – көп­тің тірегі» деген атам қазақ. Өз ойын ашық әрі нақты жеткізе алатын, әрбір мәселені жан-жақ­ты қарап, сыни ойлай алатын жастарды қалыптастыруға пі­кір­талас ойындары көп әсерін ти­гізеді деп ойлаймын. Жобаны ұйымдастырғандағы негізгі мақ­­­сатымыз елдегі пікірталас қоз­­ға­лысын қайта жандандыру, на­­­ғыз орта қалыптастыру. Осы үшін әрбір пікірсайысшының рей­­тингі, төрешелердің деңгейі көрсетілетін, ойындардың фор­­маттары айқындалатын, ел­­де­­гі болатын облыстық, рес­­­­­­пуб­ли­ка­лық пікірталас ойын­­да­­­ры­­­ның жоспарланған кес­те­лері жа­­­­­рияланып тұратын сайт­ты іс­ке қосамыз. Сондай-ақ пі­­кір­­­­­сайыс­шылар федерациясын құ­руға күш саламыз, – деді Д.Кә­рібек.

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ бас­қарма төрағасының орынбасары Жанар Төлегенова аталған жобаның Қазақстандағы пікір­таласты дамытуға қолдау көр­сетуге бағытталғанын, бұл жас­тардың өз ойларын ашық әрі егжей-тегжейлі жеткізуге мүм­кіндік беретінін атап өтті.

Нұр-Сұлтан қаласында үз­дік жастардың басын қосқан тур­нир­дің топтың кезеңі, 1/8, ¼ жә­не жартылай финалдары өтіп, финал телевизиялық декорация­лармен шоу форматында ұйым­дастырылды. Сонымен жүзден жүйрік шығып, 1 млн теңгелік бас бәйгені қазақ лигасынан На­зар­баев Университетінің сту­дент­­тері Ердәулет Тастанбек пен Әсел Ибадулла жеңіп алды. Ал орыс лигасында Әлихан Қазенов пен Қанат Ноғайбаев топ жарды.

Алдағы уақытта бұл дебат ойын­дарының телевизиялық нұс­қасы көрерменге жол тартады. Бұған қоса Үoutube желісінде то­лық жарияланады.