Қоғам • 24 Қыркүйек, 2019

Алматылық балдырғандар Қонаевтың музей-пәтері мен киелі орындарды аралады

233 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» жобалық офисінің ұйымдастыруымен  қаладағы №113 мектептің оқушылары Алматының киелі орындарын аралап, экскурсияларын қазақтың қайраткер тұлғасы,  Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың музей-пәтерінен бастады.

Алматылық балдырғандар Қонаевтың музей-пәтері мен киелі орындарды аралады

Бір апатадан астам мерзімде қала мектептерінің оқушылары  «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің ұйымдастыруымен экскурсияларын жалғастыратын болады.  Алғашқы экскурсия оқушылар үшін ерекше болды.

Картаға енген киелі орындардың саны 15 және де оның  үшеуінің республикалық маңызы бар. Күніне 125 бала осы жоба бойынша өздері үшін қызықты саяхаттар жасап, танымдық мәліметтер жинайды. Мұндай шаралар өз кезегінде балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға мүмкіндік береді. «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің менеджері Раушан Қасымованың айтуынша, балалар алғашқы саясаттарынан үлкен әсермен оралды.

Әсіресе, Дінмұхамед Қонаевтай тұлғаның өмірі мен қызметіне қатысты деректер мектеп оқушыларының зор қызығушылығын туғызды. Оларды тұлға оқыған кітаптардың саны таңғалдырды. Балалар сөредегі бес мың кітап пен жеке бұйымдарына қатысты сұрақтарын қойып, әрбір жәдігердің тарихымен танысты. Бұл экскурсияға оқушылар әрбір ауданның білім басқармалары арқылы жиналды. Олардың басым көпшілігі аз қамтылған отбасылардың балалары. Раушан Қасымованың айтуынша, 25 қыркүйекке дейін мыңға жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Ал алдағы уақытта бұл көрсеткіш  2-3 мыңға жеткізіледі.