Спорт • 24 Қыркүйек, 2019

Маңғыстаулықтар Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовты қарсы алды

255 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

23 қыркүйек күні кеште Ақтау әуежайында Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен бокстан Әлем чемпионатының жүлдегері, 81 кг салмақта топ жарып, алтын иеленген жеңімпаз боксшы Бекзат Нұрдәулетов туған жеріне келіп жетті.

Маңғыстаулықтар Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовты қарсы алды

Чемпионды Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов бастаған ел азаматтары, достары мен туыстары, сондай-ақ жанкүйерлері шашумен, зор қошаметпен  қуана қарсы алды.

Кездесуде аймақ басшысы С.Трұмов дүниежүзіне өзінің мықтылығын дәлелдеген былғары қолғап шебері Бекзат Нұрдәулетовке барлық маңғыстаулықтардың атынан алғыс айтып, шын жүректен жеңісімен құттықтады. Бекзат Нұрдәулетов қарсы алуға келген барлық жанкүйерлер мен өңір басшысына ризашылығын білдіріп, бұл Жеңісті – барлық қазақстандықтарға тарту ететіндігін жеткізді.

Бұған дейін де бірнеше додалардың жүлдесін иеленген 21 жастағы жас боксшы өзіне қолдау көрсеткен отандастарына, жерлестеріне, сонымен қатар айқасқа дайындап, тактикалық ақыл-кеңестерін берген жаттықтырушысы Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері М.Жакиевке алғысын жеткізді.

Әлем чемпионатында қолға түйістірген қарсыластарының осал болмағандығын айтқан ол, 2020 жылы Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындарына дайындалу керектігін жеткізді.

Маңғыстау облысы