Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2019

Қостанайда жаңа Уақытша ұстау изоляторы ашылды

550 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл жөнінде облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Изолятор ғимараты бір жыл ішінде салынған. Қостанай облысы бойынша Қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Игорь Козлов осындай ғимараттың елімізде баламасы жоқ екенін атап өтті.

Қостанайда жаңа Уақытша ұстау изоляторы ашылды

«Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де жағдай жасалған, халықаралық стандарттар сақталған. Біз үшінші қабатта орналасқан серуендеу ауласының бар екенін көрдік, спортпен шұғылдануға арналған тренажерлер бар, сондай-ақ мүгедектерге арналған арнайы камера бар. Жеделсаты да жұмыс істеп тұр» деді Игорь Козлов.  

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов аталмыш мекемеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға тиісті қаражат бөлінгенін атап өтті. "Рудныйсоколовстрой" құрылыс фирмасы құрылыс-монтаж жұмыстарын сапалы орындаған.

Облыс әкімі жергілікті атқарушы билік полиция реформаларының негізгі бағыттарын қолдайтынын және ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жабдықталуына үлкен назар аударатынын да айтты.  

Соңғы жылдары бірнеше ірі бастамалар жүзеге асырылды. Солтүстік полиция бөлімі күрделі жөндеуден өтті, облыс орталығында полиция пункттері пайда болды, автокөлік сатып алынды. Бұл жұмыс жалғасын алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлеріне қойылатын талап көп. Жасалып жатқан жағдайлар жұмыстың сапасын арттырады деп сенемін» деді облыс әкімі.

Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов бұрын полиция қызметкерлері ұзақ уақыт бойы ұсталған азаматтарды облыс орталығынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан Рудный қаласындағы УҰИ апаратынын айтты. Бұл тікелей адам құқығын сақтауға қатысты мәселе. Құқық қорғаушылар бұл мәселелерді бірнеше рет айтқан болатын. Нәтижесінде жаңа изолятор салынды. Арнайы мекемеде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жағдай жасалған. Мұндай ғимараттың құрылысы жергілікті атқарушы биліктің қолдауының және 2019-2021 жылдарға арналған ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасы аясында іске асырылды. Жаңа УҰИ-да бір уақытта 15 адамды ұстауға мүмкіндік бар.

Полиция департаментінің бастығы қазіргі уақытта облыстың барлық УҰИ құқық қорғау ұйымдарының талаптарына сәйкес келгенін атап өтті.

 

Қостанай