Қоғам • 24 Қыркүйек, 2019

Алматы технологиялық университеті атауы мен таңбасын өзгертті

787 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы технологиялық университеті мұнан былай «Almaty Technological university» деп аталатын болды. Бұл туралы университетте БАҚ өкілдері үшін өткен Медиа күнінде мәлімдеді. Университет өзінің ребрендинг жасауын – білім беру нарығында табысты болуға ұмтылу, бәсекеге бейімделу және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестікті дамытуға жасалған қадам деп түсіндіреді.

Алматы технологиялық университеті атауы мен таңбасын өзгертті

 Алматы технологиялық университеті үстіміздегі жылғы тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің сараптамасы бойынша – еліміздегі алдыңғы қатарлы техникалық университеттердің үздік бестігіне кірген. Ал білім беру бағдарламаларының рейтингісі бойынша рейтингке қатысқан 46 мамандығымыздың 32 жүлделі 1,2,3 орындарға ие болды, оның ішінде 17 мамандық 1 орындарды иеленді. Ал бүгінгі университет ребрендингінің басты мақсаты – білім беру нарығында жаңа әрі есте қаларлық стиль құру, әлемнің жетекші университеттерімен ынтымақтастық байланысты дамыту, – деді Бауыржан Нұрахметов. Университет проректорының айтуынша, АТУ халықаралық QS агенттігінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері университеттерінің рейтингісі бойынша үздік 200 университеттер қатарына биыл бесінші рет кіріп отыр.

1957 жылы негізі қаланған университет құрылған кезеңнен бастап баға жетпес қызметкерлер мен ғылыми әлеуетін жасақтаған. Қазақстан және шетел экономикасы үшін 60 мыңнан аса жоғары білімі бар маман дайындап шығарды.

«Соңғы жалдары жоғары білім саласында көптеген оңтайлы өзгерістер болып жатыр. Жоғары оқу орындарына академиялық және басқарушылық еркіндіктер берілді. Бұл өзгерістер білім беру жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Әр заманда жоғары оқу орындарының негізгі міндеті – білікті мамандарды дайындап нарықтың сұранысын қанағаттандыру», – дейді ATU университетінің бірінші проректоры Бауыржан Нұрахметов.

ATU – 1957 жылы негізі қаланған Қазақстанның ең алғашқы оқу орындарының бірі. Оқу ордасы тағам және жеңіл өнеркәсіп, бизнес, қызмет көрсету және қонақжайлылық саласына мамандар даярлайды. АТУ-да студенттерге Туризм және қонақ үй менеджменті институтымен (Швейцария), Еуропалық дизайн институтымен (Италия), Г.Плеханов атындағы Ресей экономикалық унииверситеті (Ресей) және Пловдив қаласының тағам технологиясы университетімен (Болгария) бірлесіп қос дипломдық бағдарламасымен білім алуға мүмкіндік бар.

Университет қабырғасында студенттер нан пісіріп, шұжық өнімдерін жасап, макаронның жаңа түрлерін ойлап таба алады, сыра қайнатып, оқу ордасының мейрамхансында қызмет көрсетіп, шағын отельде қонақ үй бизнесінің қыр-сырымен танысады, сондай-ақ тоқыма индустриясының жаңа модельдерін әзірлеп, халықаралық фэшн-жобаларға қатыса алады.

Университетте тағам және жеңіл өнеркәсіп, мейрамхана мен қонақ үй бизнесіне арналған 3 Технопарк жұмыс істейді. Олар шикізаттан өнімді дайындап шығаруға дейінгі толық технологиялық циклды қамтамасыз ететін заманауи өндірістік қондырғылармен жабдықталған. 

 

АЛМАТЫ