Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетовтың айтуынша, бүгінде өңірде 37 149 отбасына, яғни 164 559 адамға 12,3 млрд теңге көлемінде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекберілген. «Бұл мақсатқа жыл соңына дейін барлығы 21,3 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджеттен 20 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінеді. Халық тарапынан айлық есептік көрсеткішке өтініш берушілер мен алушылар санының күрт өсуініңнегізгі себебі, 1 сәуірден бастап кедейлік шегінің жоғарылауы болды. Қазіргі уақытта 253 679 адамнан 47 418 өтініш қабылданды. Бұл – жалпы халық санының 22,5 пайызын құрайды. Айлық есептік көрсеткіш тағайындау туралы шешім 164 мың адамға немесе халық санының 14,6 пайызына қабылданды», дейді басқарма басшысы.
Алайда, бүгінде тапқан табысын жасырып, әлеуметтік көмекті алып қалғысы келетін, әйтеуір мемлекеттің қаражатын пайдаланып қалғысы келетіндер көбейді. Бұл орайда, облыста 8073 отбасы немесе 34 803 адамның табысты екені анықталып, оларға ешқандай атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмаған. Өңірде өтініш беру кезінде табыстарын жасырған және жалған ақпарат берген отбасылар анықталды. Мәселен, басқарманың мәліметінше, Гүлнұр Сауканова – Қордай ауданы, Бетқайнар ауылының тұрғыны. Атаулы әлеуметтік көмек алуға 2019 жылдың 25 мамырында өтініш берген. Отбасы құрамында күйеуі, енесі, келіні, ағасы, жеңгесі және 4 бала, барлығы 10 адам бар. Өтініш беру кезінде жан басына шаққандағы табысы өз-өзін жұмыспен қамтушылар есебінен 17 мыңтеңгені құрап, оларға 1 474 632 теңге тағайындалған. Яғни айына 122 886 теңге. Алайда, жүйеге тіркеу кезінде өтініш беруші мен оның ағасы бірінші тоқсанда «INDUSTRIAL CJN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істегенін жасырған. Бүгінде зерделеу жұмыстарының нәтижесінде жүйеден қайта сұрату кезінде Гүлнұр Саукановаға 253 250 теңге және ағасы Орақ Саукановқа қаңтар, ақпан және наурыз айларына 477 324 теңге еңбекақы аударылғаны анықталды. Нәтижесінде олардың жан басына шаққандағы табыстары 41 352 теңгеболатыны белгілі. Бүгінгі таңда оларға атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылып, мамыр, маусым және шілде айларында алған 368 658 теңгені қайтару туралы хабарлама берілді. Үнемделетін қаражат 1 105 974 теңгені құрайды.
Сол сияқты, Жамбыл ауданы, Қостөбе ауылының тұрғыны, зейнеткер Ақылтай Рахманқұлов та 2019 жылы 20 мамырда өтініш берген. Отбасы құрамында 8 адам деп көрсетілген. Отбасында өзі, баласы мен келінінен басқа 5 бала бар. Өтініш беру кезінде жан басына шаққандағы табысы 19 078 теңгені құрап, оларға 1 267 848 теңге тағайындалған. Яғни, айына 105 654 теңге алған. Алайда, зерделеу барысында иелігінде 37 бас жылқы және 5 бас сиыр бар екені анықталды. Бүгінде оларға тиесілі 316 962 теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылып, оны қайтару туралы хабарлама берілді. Мұнда үнемделетін қаражат 950 886 теңгені құрайды екен.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау динамикасына қарасақ, әлеуметтік көмек алған отбасылар саны сәуір айында 8 550 отбасы, мамыр айында 10 568 отбасы болса, маусым айында 5 565 отбасына азайды. Бұл да көпшіліктің тегін ақшаны тиісінше пайдаланып қалуға деген ниеттен туындағанын білдіреді. Уақыт өте келе жалған ақпарат бергендер анықтала бастаған. Енді атаулы әлеуметтік көмекті шын мәнінде кімдер алады деген сауалдың болатыны анық. «1 қазаннан бастап, құжаттарын тапсыратын азаматтардың ішінен жан басына шаққандағы табысы 18203 теңгеден аспайтындар ғана қаралады», дейді Тимуржан Нұрымбетов.
Аталған басқарманың мәліметіне сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу барысында кемшіліктер орын алған 6891 отбасының тізімі анықталған. Оның ішінде 933 отбасына заңсыз тағайындалған 133,5 млн теңге бюджетке қайтарылуы қажет екен. Бүгінге 13,4 млн теңге қайтарылған және қалған ақшаларды қайтару бойынша да жұмыстар жалғасуда. Басқарма басшысының айтуынша, 933 отбасыға төлемдерді тоқтату нәтижесінде жыл соңына дейін 362,6 млн теңге үнемделетін болады. Бүгінде қалған 5589отбасы бойынша да төлемдер тоқтатылып, олардың заңдылығы, қайта есептеу қажеттілігі анықталу үстінде екен. Сонымен қатар, қаржы үнемдеу мақсатында 1 қыркүйектен бастап бүгінге дейін 730 өтініш тіркелсе, оның 385-іне көмек тағайындаудан бас тартылған. Тек 345-іне ғана 29,9 млн теңгеатаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылар құрамында барлығы 5171 жеке кәсіпкер бар болып шықты. Оның ішінде 259 кәсіпкер кәсібін атаулы әлеуметтік көмек ала салып тоқтатқан. Алайда бұл кәсіпкерлердің тізімі облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне жолданыпты. Қазіргі кезде табысы жайлы жалған ақпарат берушілермен күрес жүргізілуде.
Жамбыл облысы