Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2019

Табиғи агломерация: ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің әлеуетін арттырады

342 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкентте апта сайын Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Бұл экономикалық, мәдени және тұрмыстық жағынан үшінші мегаполис пен облыстың байланысын одан әрі нығайта түсті. Агломерациялық қарым-қатынастың алғашқы бастамасы ретінде Түркістан облысына қарасты аудан-ауылдардың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі Шымкентте ашылды.

Табиғи агломерация: ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің әлеуетін арттырады

Әр аптаның демалыс күндері өз өнімін делдалсыз саудалаған тұрғындар бір қуанса, арзан бағада тауар алушылардың да көңілі бір көтеріліп қалды.

Жуырда Шымкентте аудан-қалалардың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында алғаш рет Түлкібас ауданының ауыл шаруашылығы және қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өткізілді. Аталған жәрмеңкеде тауар өндірушілер жалпы құны 3,5 млн теңгені құрайтын 13,7 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды. Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткен жәрмеңкені қала әкімі Ерлан Айтаханов аралап,  игілікті бастамаға сәттілік тіледі.

«Біз Түркістан облысымен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастыруды қолға алдық. Бүгін бастама ретінде Түлкібас ауданынан келген өнімдерді қала тұрғындары мен қонақтарына базар нарқынан 10-15 пайызға төмен бағада ұсынып отыр. Сырттан алдырғанша облыстағы шаруаларға қолдау көрсетіп, өзіміздің таза өнімдерді пайдаланғанымыз дұрыс. Түлкібас ауданының алмасы ерекше ұнайды», деді шаһар басшысы.

Қазіргі таңда екі өңірдің бірлескен ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкесінің жалғасы ретінде Төлеби мен Отырар аудандарында тауар өндірушілерінің бірлескен ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Сауда алаңына 60-тан астам ауыл ша­руашылығы тауар өндірушілері қатысып, жалпы құны 113 млн теңгені құрайтын 78 тон­на ауыл шаруашылығы өнімдері қала тұр­ғын­дарына ұсынылды. Аталған жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтағы бағадан 15-20 пайызға дейін арзан саудаланды.

Жәрмеңкеге арнайы келген қала әкімі Ер­лан Айтаханов азық-түлік бағасының негіз­сіз өсуі­не жол берілмей, мұн­дай жәрмең­ке­лердің жиі әрі үздіксіз ұйым­дас-
­­ты­рылатынына сен­дірді. Сон­дай-ақ қала бас­шысы бір­лесіп жасал­ған шара үшін Түркістан облы­сы­ның әкімі Өмірзақ Ш­ө­кеев­ке өз алғысын жеткізді.

Түркістан облысы­ның екі ауданы шымкент­тік­терге ет, сүт өнімдерімен қа­тар, картоп, көкөніс, жеміс-жидек пен қауын-қар­быз, болгар бұрышы, қыза­нақ, қияр мен жеміс шыры­нын және қолөнер бұйым­дар­ын ұсынды.

Сонымен қатар жәрмеңкеге келген шаһар тұрғындары мен қонақтары Шымкент қаласының Мәдениет басқармасы және Төле­би мен Отырар әкімдіктерімен бір­лесе ұйымдастырған концерттік бағдар­ла­масын мәз-мейрам болып тамашалады.

Аталған жәрмеңкені ұйымдастырудың негізгі мақсаты – халықты тиімді бағадағы қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету болып табылады. Ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тікелей өздері өнімдерін өткізеді.

ШЫМКЕНТ