Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2019

Аграрлық сала ғылыммен бірге дамиды

782 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы жылдарда әлем елдеріндегі ауыл шаруашылығының үлесі төмендеп кеткен. Осыған қарамастан ел үкіметтері аграрлық нарықтағы ахуалды тұрақтандырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тұтынушыларға қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаларды ұсынуда.

Аграрлық сала ғылыммен бірге дамиды

Нәтижесінде Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымының дерек­тері бойынша соңғы отыз жылда мем­лекеттердің аграрлық саланы қолдау мүмкіндіктері екі есеге арта түскен. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде өткен Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану жә­не ауылдық аумақтарды дамыту коми­те­тінің аграрлық ғылым мен білімді дамыту, ауыл шаруашылығы саласына бі­лікті маман даярлау, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­ле­кеттік бағдарламасын тиімді іске асыру мәселелеріне арналған көшпелі отырысында және әлемнің жетекші аграрлық жоғары оқу орындары ректорларының форумында саланың заманауи же­тіс­тіктері мен өзекті мәселелері сөз болды.

Көшпелі отырысқа қатысқан депутаттар мен оқу орындарының басшылары ҚазҰАУ оқу базасындағы Агротехнологиялық хаб құрамына кіре­тін Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Корея, Қазақстан-Беларусь агроин­женерлік, Су, Тұрақты егін шаруашылығы, Агро­өнеркәсіптік кешенге сандық технологияларды енгізумен айналысатын Ситуациялық (Digital center) орта­лықтарымен, Инновациялық жылыжай, Коллекциялық бақ, Индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы шеңберінде мамандар дайындауға арнал­ған оқу, ғылыми-зерттеу зертханалары­мен, «Н.Назарбаев білім және ғылым ор­талығының» жұмысымен және «Аг­рарлық білім-ғылым-өндіріс интегра­циясы» көрмесімен, оқу-ғылыми инфра­құ­рылымы және инновациялық бағыт­тағы жобаларымен танысты.

Университет базасындағы Қазақ­стан-Беларусь агроинновациялық орта­лығының жұмысымен таныстырған Серік Бекбосыновтың айтуынша, оқу-өндіріс алаңын жаңа техника, технологиялар, яғни ауыл шаруашылығына арналған тарту класындағы тракторлар, дақыл түрлерін жинайтын комбайндар, тыңайтқыш беру машиналары, сондай-ақ басқа да өндірістік мақсаттағы 75 бір­лік техникаларымен қамтамасыз ету сту­денттердің осы саладағы тәжіри­бесін шыңдай түседі. Беларусь техника­ларын таңдаудың себептерін түсін­дір­ген орталық жетекшісінің айтуын­ша, бұл техникалар құрылысының қара­­пай­ымдылығы, қызмет ету мерзі­мі­нің ұзақтығы және бағасының қол­же­тім­ді­лігімен ерекшеленеді. Өндіріс­тік тәжірибе алаңы Беларусь техника­­ларымен ғана шектелмейді. Заманауи өзгерістерге орай Беларусь техника­лары­ның дақылдарға, өндірістік жағдай­ға икемділігі тәжірибеде анықталатын бо­лады. Үйрену мен тәжірибе жинақ­таудың нәтижесінде алдағы жылдарда отандық ауыл шаруашылығы машиналар өндірісін жолға қоятын боламыз, дейді орталық жетекшісі.

«Адами мұра және жоғары техноло­гиялар үйлесімі негізінде жетілу» тақы­ры­бындағы QS World Wide Халықаралық форумы аясында ұйымдастырылған «Тұрақты даму мақсаттары-2030» БҰҰ бағдарламасын іске асырудағы аг­рарлық жоғары оқу орындарының үлесі» атты жиынға қатысқан Ресей, Украина, Беларусь, Молдова, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, АҚШ, Еуропа, Азияның белгілі ғалымдары өз елдеріндегі оқу-өндірістік тәжірибелерімен бөлісті.

Алқалы жиынды Қазақ ұлттық аг­рар­лық университетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Еспо­лов жүргізіп, халықаралық аграр­лық саланың әлеуетімен қатар еліміз­дегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің көле­мін 2022 жылға дейін 2,5 есеге көбей­тіп, әлем нарығына шығару, қа­уіпсіз­дігін қамтамасыз ету мәселе­лерін қозғады. Бүгінде ауыл шаруашы­лы­ғындағы кемшіліктер агроөнеркәсіп нысандарының ұсақтығына байланыс­ты. Республикада 200-ге жуық аг­роқұрылым болса,1,5 млн үй шаруа­шылығы бар, оның ішінде 170 мыңнан ас­там шаруа қожалығы жұмыс іс­тейді. Тілектес Исабайұлының ай­туын­­ша, шаруашылықтардың ұсақ­тығы еңбек өнімділігіне, бүтіндей алған­да ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Ал мал шаруашылығының 67 пайызы жеке шаруашылықтардың иелігінде. Өз сөзінде өнім сапасы, құқықтық мә­селелермен қатар маман мәселесін қозғаған Т.Есполов ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын жетілдіру, ғылыми жетістіктерді коммерцияландыру мәселесін қозғады. Бүгінде аграрлық сала заманауи технологиялармен 3 пайызға ғана жаңарған. Бұл көрсеткіш жылына кем дегенде 10 пайызға жетуі керек. Яғни, салаға инновацияның, заманауи технологияның дұрыс тартыл­май отырғандығынан ауыл шаруашы­лығының өнімділігі төмендеген.

Ректорлар кездесуі аясында Беларусь ауыл шаруашылығы академиясының ректоры Виталий Великанов 180 жыл­дық тарихы бар оқу орнының кәсіби мамандарды даярлаудағы ерек­шеліктеріне тоқталып, ортақ жобаларды жүзеге асыру мәселесін қозғаса, Саратов аграр­лық мемлекеттік университеті прорек­торының міндетін атқарушы Сергей Макаров Қазақстанмен ортақ мәсе­лелерді шешуде жасалған жұмыс бары­сын қозғап, университетте жылына 10 мың студент оқытылатын­дығын жеткізді. Сондай-ақ аймақтарға жолданған түлектерге үш жыл қатарынан 300 мың рубль көлемінде қаражат бөлініп, жас мамандарды тұрақты қолдап отыру мәселесін қозғады. Ал Қырғыз аграрлық университетінің проректоры Алмазбек Шукурбаев Қазақ аграрлық университетімен кәсіби мамандар даярлаудағы байланыстарға тоқталды. Сондай-ақ Ресей жер құ­ры­лымдау университетінің ректоры Сер­гей Волков, Молдова МАУ ректоры Ливиу Волконович, Еуразия техникалық университетінің ректоры Жанар Темір­бекова, М.Дулатов атындағы Қоста­най инженерлік-экономикалық универ­си­тетінің ректоры Сәбит Есмұратов, өзбекстандық ғалымдар Махсуд Ади­лов, Тахир Султанов, т.б. ғалымдар адамзат өмірінде ауыл шаруашы­лы­ғының маңызы, су мәселесі, табиғи да­қылдарды жетілдіру бағытындағы кешенді зерттеулерімен бөлісті.

Жаңа бағыттағы ауқымды іс-шара­ларды жүзеге асырып, заманауи жетіс­тіктерді игеруі нәтижесінде Қазақ аграрлық университетінің әлемдік білім кеңістігіндегі беделі туралы айтқан шетелдік ғалымдар Қазақстаннан үйренеріміз көп деген ойларын білдірді. Аталған оқу орнында аграрлық секторға жылына мыңнан астам маман даярланатын болса, оның жетпіс пайыздан астамын малдәрігерлік, сондай-ақ ауыл шаруашылығының он беске жуық саласын меңгерген мамандар құрайды екен. Мәліметтерге сүйенсек, түлектердің оқу бітіргеннен кейін өз мамандықтары бо­йынша жұмысқа орналасуы бұдан бір-екі жыл бұрын 65 пайыз болса, соңғы жылдарда 85 пайызға жеткен. Университет түлектері білікті мамандарды ауылға тарту мақсатында жүзеге аса бастаған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында барлық ауыл шаруашылығы мамандықтары бойын­ша бір айлық есептік көрсеткіш дең­гейінде көтерме, сондай-ақ мың есептік көрсеткіш мөлшерінде баспана алуға мүмкіндігін пайдаланатын болады.

 

АЛМАТЫ