Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2019

Лисаков қаласының аты қайдан шыққан?

1455 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Лисаков қаласының аты қайдан шыққан?» деген сұрақты қала қонақтары тұрғындарға жиі қояды. Олардың барлығы да «Осы өңірде түлкі көп болған соң қойылған болар» дейді. Тіпті қалаға кіре берісте түлкі мүсіні де қойылған.

Лисаков қаласының аты қайдан шыққан?

Осы Лисаков қаласының түбіндегі «Октябрь» кеншілер кентінде тұратын ба­йырғы тұрғын Қапыш Наурызбаев ақ­сақал биыл 93 жасқа келді. Әлі тың, әңгімеге жүй­рік. Туған жердің тарихына байланыс­ты қызықты хикаялар тиегін ағытты.

– Лисаков қаласының атын түлкіге емес, қасқалдаққа байланысты қойған жер өлшейтін мамандар екен. Менің аталарым аңшы болған. Ол кезде даланың аң-құсы жыртылып айрылатын. 1908 жылы арасында менің әкем, атам бар, 4-5 адам аңшылықтан келе жатады. Біздің аталарымыз ат арбасының жиегін талмен өріп, қау жасап алады екен. Соған атқан қаз, үйрегін салады. Жолда 2-3 орысты кездестіреді. Түсінгенінше тілдеседі. «Не қылып жүрген орыссыңдар?» дейді қазақ­тар. «Землемерміз» дейді. Ішіндегі бі­реуі: «Атқан қаз, үйрегіңнен бізге тамақ­тық тас­тасаңдар, өлшеген жерге сен­дер­дің ат­тарыңды қоямыз, кейін бір кезде мұн­­да қала, поселке түседі», дейді. «Онда, мә ал «Наурызбай» деп қо­йыңдар», дейді бұ­­лар. Сонда Наурызбай атамыз: «Керегі жоқ. Бұ­лар шошқа ұстайды, ондай қалаға қа­зақ­­тың атын жолатпа, қайдағыны айт­паң­дар!» дейді ғой. Ол кезде үлкеннің сөзі заң. Сонымен ақкөңіл қазақтар жер өлшеп жүрген қазақтарға қаз, үйрегінен сыбаға беріп кете береді, дейді Қапыш атай.

Негізі, қазіргі Лисаков қаласының төңірегі онсыз да Наурызбай ауылы аталған екен. Қапыш атаның қолында, өзінің айтуынша, 1940-1950 жылдардағы кар­таның көшірмесі де сақтаулы. Сонда өзен жағасындағы «развал аула Нау­рыз­бай» деп көрсеткен. Ал әлгі орыстар Қа­пыш­тың әкесінің үйіне ау сұрап келіпті.

– Ол кезде қонақүй, асхана, көлік қайда? Жер өлшейтіндердің жұмысы жеңіл болмаған. Орыстар әкем Жұма­ға­зы­­­дан ау сұрап келеді. Олар балық емес, қасқалдақ аулайтынын ай­тады. Қазір Лисаков қаласының ор­нында кіш­кентай көлшік болатын. Ай­нала жұмыр қоға өскен, бетінде толған қас­қал­дақ жүзіп жүреді. Ол сүң­гігенде ба­рып ауға түседі. Оны аумен ұстап, тамақ еткен. Сол жерді «лысуха» сөзі­нен шы­ғарып, «Лысаков» деп ата­ған өздері. Ал оны жергілікті қазағы да, орысы да жұм­сар­тып «Лисаков» деп атап кеткен, дейді.

Қаланы қалай атаса да, арасында Наурызбайдың аты уақыт шаңына көмі­ліп қала берген.

 

Қостанай облысы,

Лисаков қаласы