Руханият • 25 Қыркүйек, 2019

Ұлық атақтың ұлағаты

4280 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Ұлтымыздың ұлы қаламгері Әбіш Кекілбаевқа Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Еңбек Ері» атағын беріп, Алтын жұлдызды орденді тапсырған кезден кейінгі жел сөз көптеген әлеуметтік желілерде, ағымдағы сыңаржақ баспасөздерде сан рет жазылып, сан-саққа жүгіртілді. Шындығында, «бұл қалай болды, ақиқаты қандай?» деген дүдәмал сұраққа дәйекті жауап, деректі уәж айтатын сәт келді.

Ұлық атақтың ұлағаты

Ауруда  шаншу жаман, сөзде қаңқу жа­ман екенін жұртымыз жақсы біледі. Әбіш аға 70 жасқа толып, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы бе­рілуінің алғашқы сәтінен бастап, ақы­рына дейін басы-қасында болып, өз кө­зіммен көрген жайттардың егжей-тегжейін айтудың  реті келді.  Оқиғаның мән-жайын айту мақсатында бұдан 3 жыл бұрын «Егемен Қазақстанда» жа­рияланған «Шандозды сағынғанда» деген мақаламда  айтылған сөздің бір па­расын  қайыра айту үшін  өткен күнге шегініс жасау қажеттігі туды.

2009 жылдың қараша айының ал­ғашқы онкүндігінде еңбек демалысымды «Оқжетпес» шипажайында өткізбек болып,  нақтырақ айтқанда,  10-шы қа­раша күні, таңертең көлігімді ауладан шығарып жаттым. Қол телефоным қоңыраулап қоя берді. Әбіш аға екен. «Өтеген, үйдесің бе, қазір үйге келе ала­сың ба, ақылдасатын шаруа болып қал­ды» деді сәлемімді алып. Дауысында аз­даған абыржу бар екенін сездім. Әбе­кеңе  демалысқа шығып, жол жүргелі жатқанымды айтып, «Егер мүмкін болса, телефонмен айтуға бола ма?» деп сұрадым. Әбекең: «Өткенде  мені Қа­сым-Жомарт Кемелұлы  қабылдап: «Әбеке, үлкен жасқа келесіз, сізді жо­ғары марапатқа ұсынбақ ойымыз бар, алаң болмаңыз» деп еді. Қажетті құ­жатты дайындау барысында оған «Кекілбаевтың соңғы награда алған уа­қытына бес жыл толған жоқ, заң бойынша ережеге сай келмейді» деген ақпарат беріліпті. Ол жаңсақ ақпарат, менің соңғы алған марапатыма тура бес жыл толды, осыны нақтылап, Қанат Саудабаевқа  жеткізіп, анық-қанығын тү­сіндірсең», деді сәл шапшаңдау сөй­леп. «Аға, мен бүгін жолға шыға берейін, дүйсенбі күні қайтып келіп, Мемлекеттік хатшыға кіріп, (ол кезде Қанат Саудабаев Мемлекеттік хатшы әрі Сыртқы істер министрі болатын) барлық жағдайды айтып, қажетті әрекет жасаудың жолын қарастыруға өтініш білдіремін, алаң болмаңыз», дедім.

Уәдем бойынша екі күннен соң қай­та оралып, дүйсенбі күні Сыртқы іс­тер министрлігінде отырған Қанекеңе келіп кірдім. Ол: «Сен демалыста емес­сің бе, неғып жүрсің?» деп қарсы ал­ды. Әбекеңнің сәлемін жеткізіп, бар­лық жағдайды түсіндіріп айттым. Қа­некең: «Мен бұл жағын естіген жоқ едім, Әбекең қайда, үйінде болса дереу телефонын қос» деп шұғыл қи­мылдады. Телефон соғып, амандасып, Мем­лекеттік хатшының сөйлескісі ке­ліп тұрғанын жеткіздім. Екеуі емен-жар­қын сәлемдесіп, әзіл-қалжың жарас­тырып, жайдары сөйлесті. Қанекең: «Әбеке, алаң болмаңыз, ренжімеңіз, мен  Нұрсұлтан Әбішұлына кіремін, бар­лық жағдайды айтамын, ол кісі де дұ­рыс түсінеді деп ойлаймын, сосын хаба­рын беремін» деп сөз берді  де, маған: «Қазір Әбекеңнің үйіне бар, сол жерден маған қоңырау шал, ағаңның тиісті құ­жаттарын тездетіп дайында» деп тапсырма берді. Әбекеңнің көңілі жайдары қа­лыпқа түсіпті. Он бес минуттың шамасында  Қанекең телефон соқты. Тұтқаны Әбіш ағама бердім. Екеуі тағы біршама сөйлесіп, ортақ келісімге келді.

Осы жерде айта кетейін, менің жұ­байым Нағима Сәрсенқызы 7 жыл Әбіш ағаның Парламент  Сенатындағы көмек­шісі болды, оның осы жылдарда жазған бар­лық шығармаларын компьютерде тер­ді, ағаның 10 томдық шығармалар жи­нағы толық оның қолынан өтті. Осыған орай  Әбекеңнің барлық жазғандары да менің көз алдымда болды, терімнен шық­қан барлық туындысын оқып, тер­ген кездегі  әріп қателерін түзеп, кө­шірмелерін жасауға көмектесіп, бас­пасөзге жіберетін мақалаларын қарап, реттеп, жолдап отырдық. Әбекеңе келе­тін жүздеген хаттарға жауап жазуға да­ біршама араласқан жайым бар. Әсі­ре­се ағаның ұлы тұлғалар туралы тол­ға­ныстарын толқып оқып, ой терең­дігі мен көркемдік шеберлігіне тәнті болушы едім.

Ертеңіне Мемлекеттік хатшы шақы­рып алып: «Нұрсұлтан Әбішұлында болдым, бәрін айттым, Президент Әбекеңді 19 қараша күні сағат 3-те қабылдайтын бол­ды, ағаңды соған дайында, қажетті құжаттарды реттеп, Награда секторы­на өткіз» деп және тапсырма берді. Қа­жетті құжаттардың бәрін  дайындап қой­ған едік. Әбіш ағаның үйіне барып, кездесудің барлық жай-жапсарын айтып, қабылдау күніне дайындықты бас­тап кеттік. Әбекеңнің туған күні жел­тоқсанның 6-сы ғой. Президент сол күні шетелге мемлекеттік  іссапармен бара­тынын айтып, Әбекеңнің салтанатты кешін 5-ші желтоқсанға қоюын өзі­мен келісіп, шешім қабылдады. Мем­лекет басшысының тапсырмасын алған  Президент  Кеңсесінің  бастығы Ел­басының салтанатты кештегі сөзінің, ма­рапаттау рәсімінің жобасын дайындау­ды маған тапсырды.

Әбіш ағаның 70 жасқа толу салтанат­ты кеші Опера және балет театрында өтетін болды. Зал лық толды. Әлі ешкім де Әбекеңе Президенттің  қандай орден, атақ беретінін білмейтін. Мұны тек 3 күн қал­ғанда мен білдім, бірақ бұл мәселе қыз­меттік  құпия болғандықтан оны еш­кімге айтуға болмайтын еді, тіпті беретін сағатқа дейін құпия ұстадық. Тек бір күн қалғанда Әбекеңнің өзіне ғана құпиялап айттым. Бәріміз күткен күн келді.  Салтанат басталды. Сахна төріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерілді. Ол өзінің қазіргі заманғы  руханият әле­міндегі, ұлттық сөз өнеріндегі  заңғар қа­ламгер, замандасы Әбіш Кекілбаев ту­ралы, кейін мәдениет саласындағы бағдарламалық  сөз ретінде қабылданып, жо­ғары бағасын алған арнау сөзін оқып болып, енді Жарлықты оқу жөнінде пәрмен берді. Зал сілтідей тынған еді. Жұрт демін ішіне тарта күткен Жарлық оқыл­ды. Әбекеңе көпшілік көптен күтіп жүрген Қазақстанның Еңбек Ері – ең жоғары атағы беріліп, оны Елбасы қолына ұстап жоғары көтере халыққа көрсетіп, Әбекеңе қарай бейімделді.

Әбекең  қатты толқу үстінде болатын. Өйткені Елбасының етене құрметпен айтылған ерекше сөзі жаны да, жүрегі де нәзік Әбекеңді тым толқытып жіберген-ді. Зал гулеп кетті, жұртшылық орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтады. Бұл Әбекеңді одан әрі толқытып, ежелден көңілі баладай Әбіш аға жауап сөзінде жанары боталап: «Бұл сыйлықты алдыңғы ағаларым, алыптар тобының өкілдері де ала алған жоқ еді, бұл со­ларға бұйырмас марапат еді ғой» деп кем­сеңдеп, көңіл толқыны көзінен көрінгені де шындық. Көп адамның да көзінде қуаныш жасы мөлдіреп тұрды. Сахнада тәуелсіздік туын бірге көтеріскен екі әріптес – Әбішұлы мен Әбіш халқының ортасында жарасып тұр еді.

Асқан білімпаз, ерекше эрудит, адамзат тарихындағы асыл дәстүрлер мен тарихи  этиканы терең білетін, таңдаулы тағы­лым мен саналы сарапшылдықты бала жасынан тал бойына сіңірген әмбе­назар Әбекең осындай жан толқы­ны­сындағы жарқын сәтте өзін қалай ұстауы керек еді? Әдебиет пен әскери тақырыпты қатар екшегенде еске түсетін мына жайлар жадымызға оралады: Әуелі акколада туралы айталық. Еуропалық қауымда ортағасырлық кезеңнен бері король  ержүрек жауынгерге рыцарлық дәреже бергенде немесе рыцарлық қа­тарға қосқанда болатын рәсім (церемония) «акколадалық сәт» аталады. Яғни, арнайы орден тапсырылғанда  жаңа рыцарь корольдің алдында тізе бүгіп,  орденді сүйеді. Әскери инициация болып табылатын бұл дәстүр берілген орденге, сол арқылы Отанға, туған халқына құрмет көрсету белгісі. Осынау оқиғаның қар­саңында орден алушы алдын ала дамуазо жасап немесе мұсылман діні тілі­мен айтсақ,  ғұсыл жуынып, содан кейін аппақ көйлегін киіп, алқызыл сюрко, қоңыр шосс, алтын шпор тағынып, беліне семсерін тағады. Рыцарь рухы осы­лай кіреді. Баян  бекзаттық осылай байыпталады.

Салтанатты рәсімнен  бірер күн бұ­рын  қала әкімдігі де Әбекеңнің үйінде болып, салтанатты рәсімнің орындалуына лайық өз іс-шараларын ойластырды. Демек, Әбекең акколадаға қапысыз дайындалды. Бұл дәстүр кезінде, орта ғасырларда, әскери салт есебінде болса, кейін кресшілер мұны діни ахуалға ай­налдырып, оның мәні мен мақсатын бір­шама өзгертіп жіберді. Христиан діні мұны шіркеуді қорғау мақсатында көп пайдаланды. Өз кезінде Батыс Еуропада өркен жайған бұл рыцарлық дәстүр кейін келе мемлекеттік қызметтегі корольдік мара­патқа айналып, мемлекеттік дәре­жесі жоғарылады.  Бұл жағынан да Әбе­кең осы дәстүрге әбден лайықты еді. Рыцарлық қасиет адамның имани-мо­ральдық кодексі ретінде бағаланып,  еуропалық әдебиетте романтикалық образға бейімделіп, адамның асыл дәре­жесі ретінде санатқа кірді. Бұл жағын да жан-жақты білетін, әлем әдебиетіндегі ры­царлық кодексті  терең тани алған білімпаз  Әбекең үлгілі мектептің озат оқушысындай болатын. Қазақ  тари­хы­нан гөрі Еуропа тарихын терең бі­летініміз бар ғой, уақыт өте келе ры­царлық әдебиеттің романтикалық-клас­сикалық түріне дендеп айналып, орыс әдебиеті арқылы қазақ жеріне де жетті. Бірте-бірте рыцарлық  жест, әрекет  ер­лердің қол алысуы қа­­рекетіне ұласып, күн­де көрсек те жа­патармағай  жапырлап қол алысатын болд­ық. Мұның өзі де аз­дық етіп, кешегі брежневтік кезеңде ер­лер мен ерлер тұра қалып сүйісетін болды. Бұл жағынан да Әбекең кенде болған жоқ. Сәлем берген кішіні, ардақты ағасын, қадірлі жеңгесін, тіпті танымайтын жандарды да «айналайын» деп құшақтап, Әбекең бас салып сүйіп жа­татын.  Әбекең осы әдетін тастаған жоқ.  Жақсы көргенін жатырқамай сүю­мен өтті.

Өз  үйінің нөмірін, телефонын, қай қа­батта тұратынын да біле бермейтін Әбекең, өмірі қол телефонды қолына ұстап көрмеген Әбекең, үй шаруасына мүлде жоқ Әбекең, адамзаттың тарихын жатқызып-өргізіп, әлем әдебиетінің ұлы тұлғаларының туған-өлген жылдарын ғана емес, олардың шығармаларын өзі жа­зып шыққандай талдап,  тарататын  Әбекең,  үй кітапханасында  текшелеп жиналған 30 мыңдай кітаптың қайсысы қай жерде тұрғанын, бір дерек сұрасаң оның қай кітаптың қандай бетінде тұрғанын жатқа айтатын Әбекең, қазақ ақындары мен билерінің, батырлары мен хандарының тарихын, халқына сіңірген еңбегін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын таң­нан таңға жатқа айтатын Әбекең, орыс және әлем әдебиетін талдағанда сол ел­дің өкілдерінің аузын аштырып, көзін жұмғызатын Әбекең, мемлекет дамуының мың сырын бір басына сыйдырған Әбекең, тәуелсіздік жылдарында туған еліне тік тұрып қызмет еткен Әбекең хандық дәуіріміздегі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, адамдық ко­декс пен мінездік этиканы терең біл­мейді деп ешкім де айта алмасы анық.

Хандық дәуірімізде, үш ғасырлық қырғын соғыс,  Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада, қалмақпен қақ­тығысқан, жоңғармен жаға  жыр­тысқан бұлағай жылдарда хандар ерекше батырлық  көр­сеткен жауынгерді қол алдында құр­меттеп, қару ұсынған. Марапатқа  ай ша­ғылысқан  алдаспан, суылдап тұрған селебе, сабы алтын-күміс кездік берген. Қолтығынан  хан демеп, арғымаққа мін­гізген.  Сонда сол батырлар ханның ал­дында тізерлеп тұрып, берген қаруды сүйіп, ханның қолына құрмет көрсеткен. Ол кезде қазіргідей атынан адам жаңы­латын орден, медальдар жоқ қой, бірақ олар­дың бағасы қазіргілерден бір мыс­қал кем болмаған. Бәріміз білетін бұл та­рихты Әбекең баршамыздан да артық білетін.

Ал бағзы заман, байырғы дәстүрге бақ­сақ, түркілік дәуірден бергі тари­хымызда ханның, қолбасының қолын сүю дәстүрі болған. Ол шынайы құр­мет пен ризашылықтың нышаны болып, ғасырлар бойы ата тарихымызда  жалғасын тапқан. Қазақ даласында бала­ның атаның, әкенің, ананың қолын сүйіп құрметтеуі күні кешеге дейін жал­ғасқан. Ханның  қолын сүю оған қара­ғанда оғаш мінез, одағай тірлік емес екені және белгілі. Тәуелсіздік тал­ап­тарын, жаңа тұрпатты мемлекет құрудың соны жүйесін жасаған Пре­зиденттің үзеңгілес серігі, сырлас санаттасы, қызметтес қанаттасы болған Әбе­кең туған тарихымыздың тарауларын тұжырымдауда ата-баба дәстүрінен алыс­тамай, өткен мен келердің аражігін қо­сып отырған тұлға еді.

Әдебиетте ерлік жасаған, елдің атын әлем­ге танытуда ерекше қаламгерлік көр­сеткен, егемен жылдарда мемлекеттік қай­раткерліктің үлгісін тұрақтандырған, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты: «Шіркін-ай, қазақтың жігіттерінің бә­рі осы Әбекеңдей болса ғой» деп тебі­ренткен Әбекең аса жоғары атақты алып тұрғанда алаштың алдында басын иіп, жанарын жас жуса, бұған біз, қазақ ба­ласы, қуанып қол соғудың орнына, ұлардай шулап кеттік. Өз өзімізді жаттай сыйлап, жатты жанынан түңілтудің орнына жақсының жағасынан алып, жанына қаяу салдық.  Бәрінен бұрын екі жайт ойландырды. Біріншісі,  ағамен қатар әріптес, ақсақалдық жасқа жеткен кейбір қаламгерлер мұның байыбына бар­май, отқа май құйып, өсектің өртін өр­шітті. Талантқа жете алмаған тапал та­нымын көрсетті. Екіншісі, әлеуметтік  желіде отырған жастар, тіпті Әбекеңнің аты мен затын білмейтіндер, оның бір сөй­лемін түсіну үшін жүз күн ойланатындар,  елге сіңірген еңбегінен еш хабары жоқ бозөкпелер, өсек пен өтіріктің торына шырмалғандар, тисе терекке, тимесе бұтаққа тас атып, қол телефон мен қиянатшыл ғаламтордың ішіне кіріп алып адасқандар ауыздарына келгенін ай­тып бақты. Алыстан тас атқандардың айызы қанды, жақыннан жұдырық көр­сеткендердің желігі желге шапшыды.

Осындай күндердің бірінде, әлеу­меттік желінің әулекі жазбасы көбейе бер­ген тұста, Әбекеңнің үйіне бардым. Көңіл күйін аңдап көрсем, жайбарақат. Маңғыстаудың шұбатын алдына қойып, өзі ерекше  жақсы көретін қызылкүрең  бауырсақты қарбыта жеп, шай ішіп отыр екен. Шай ішіп отырып: «Аға, жұрт не бол­са соны жазып жатыр, мен бәрін сол жерде тұрып, көзбе-көз көрдім ғой, анығын жазып, анталаған көпке түсінік берсем қайтеді?» деп сұрадым. Сонда маңдайы тершіп, көңіл күйі бабында отырған Әбекең: «Сен оларды жазып, жел сөздің жағдайын түзей алмайсың,  қа­зақты білем ғой, өтірік  дегенде  өжеңдеп, болмайтын жерде бажаңдап ке­теді. Ертең басалқы айтады деген аға­ларыңның өзі Әбіш інісіне айтып,  жаздырып отыр деп одан әрі қиқулайды. Кө­бінің ақылы жетпей отыр ғой, ақылы жет­пеген адамға ренжуге болмайды, мен рен­жімеймін. Сен де ренжіме, кешірімді бол, бәріне бір Алла куә. Әр нәрсенің өз кезеңі болады, ол күн де келер, айтам десең, сонда айтарсың  ақиқатын»  деп басал­қы сөзін  айтты.  Тоқтауға тура кел­ді.

Әбекең қайтыс боларынан төрт-бес жыл бұрын «О, дәурене, дәурене...» деген тарихи-әфсаналық роман бастаған болатын. Бір әңгімелесіп отырған кезде: «Осыны кеш бастаппын, бұдан он жыл бұрын жазуым керек еді, мемлекеттік қызмет мұрша бермеді, енді өмірім жете ме, жетпей ме, көлемі шамамен мың беттей болады, Нағима  бастап  теріп жатыр, сен  компьютерден шыққандарын шетінен оқып, қарай бер» деді. Мен бұл шығарманың алғашқы 250 беттейін оқыдым.  Өте әріден, Адам Ата мен Хауа Ананың жаратылысынан басталатын, дерегі мен дәйегі өте мол,  беймәлім жайт­тары баршылық, оқудың өзіне дайындық керек туынды екен. Бұл туынды үйінде, архивінде жатқан болар деп ойлаймын. Осы отырыста Әбекең бұрынғы айтқан сөзін және бір қайталап еді. Шыңғыс Айтматов қайтыс болып, Қазақстан делегациясы жерлеуіне бар­ғанда,  ертеңіне таңертеңгілік  асқа ша­қыру үшін қонақүйдегі бөлмесіне кір­сем, Әбекең терезеден сыртқа қарап, үлкен ойдың үстінде тұр екен. Сәлемімді алып тұрып: «Адамның ұзақ өмір сүруі қажет емес екен» деді. Сосын: «Мен бұрын ешкімнен қорықпаушы едім, қазір қазақтан қорқамын»  деді. Астарын ашып айтпады. Үлкен тұлғаны ойландырған осы бір ауыр сөздің жұмбағын әлі шешкен жоқпыз.

Енді  Еңбек  Ері атағын қабылдап алуы  туралы айтайын. Әбіш аға Елбасы­мыз Нұрсұлтан Әбішұлының қолын ас­тыңғы жағынан жоғары көтеріп, ала­қанындағы орденді  сүйді. Бейнелеп айт­қанда, Әбіш Кекілбайұлы  Президент қолындағы орденді сүю арқылы бүкіл халқын сүйген болатын. Осы арқылы туған еліне, өзі тік тұрып қызмет еткен тәуелсіздікке, мәртебелі мемлекетіне, оның басшысына шынайы құрметін білдірді. Ұлық атақты – Орденді сүйіп қарсы алу арқылы да Әбіш Кекілбаев  Ұлы даламыздың ұлағатты дәстүрін көр­сетті.   Біз осылай қабылдауымыз керек еді. Сахнаға қарсы тұрған қаптаған опе­раторлар бейнеге түсірген кезде ол қол­ды сүйген секілді болып көрінеді. Хал­қымыздың қанында бар дәстүрді сақ­тай, Мемлекет басшысына деген құр­метін көрсете, өзін қошеметтеп келген қалың қауымды сыйлай, өмірден өтіп кеткен асыл ағаларының аруағын еске ала, еңбегіне берілген ел бағасын қабылдай отырып, ұлы қаламгер ұлық атақты сүйіп қарсы алды. Егер мұны да ұлық жанның кемшілігі десек, бұл кешіруге болмайтын қылмыс емес қой. Жақсыға жабылғанда жығатынымыз кім?  Ұлымызға ұрынғанда  ұтатынымыз не?  Көрмей куә болатынымыз, бермей мырза болатынымыз неге?

Жақсымыз, жайсаңымыз азайып бара жатыр. Халық болып құрметтейтін тұл­ғаларымызды хан көтеретін жұрт едік. Әбекең Президенттің қолын сүйсе де тарылатын төріміз, жабығатын жөніміз, жаңылатын жеріміз жоқ еді. Дидарғайып уақытта дүниеғапыл кешкен біртуар азаматтың  шынайы болмысын баяндар ізі бар. Жұртшылық назарына осы жазбаны ұсынып,  Аға аруағының  алдындағы бір парызымды өтедім.

Шат болсын  рухы  Шандоздың!

 

Өтеген  ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Мемлекеттік  сыйлықтың   лауреаты